Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Сәрсенбі, 02 сәуiр, 03:20

Ынтымақ пен бірлік бәрінен маңызды

01.03.2025

267

0

2019 жылдың қысы, облыстың бас шаһарындағы көшелердің бірін бойлап келемін. Кенет қарсы беттегі арқасында асынған жүгі бар жетпіске таяған әжей көзге түсті. Дереу барып, сәлем беріп, иығындағы жүгін алып, баратын жеріне дейін жеткізіп беруге бел будым. Жолай әжемді әңгімеге тарттым, бақсам, ойын-сауық орталықтары мен дәмханалардан шыққан бос құтыларды өткізіп күнелтіп жүр екен.

Әжемнің жүгін иығыма артып 20-30 метр жүргенім сол еді, сол көшенің бойында демалып отырғандар, көліктегі кісілер қаумалай кетті. Барлығы 2-3 мың­дап оған қаржылай көмек берді. Бір­лі-жарымы маған да алғыс жау­ды­рып жатыр. Ал мен олардың алғы­сына емес, жұрттың назарын қарт кісіге ау­дар­ғаныма мәзбін.
Иә, жалпы жақсылық жасауда әлем­де қазақтың алдына ешқандай ұлт түс­кен емес. Мен осы бір ғана сәттен «әлі де оның ауылы алыс-ау» деген ой түй­дім. Шынында, қиын-қыстау шақ­та па­на­сызға пана, қорғансызға қор­ған бол­ған текті қазақтың бойында жақ­сы­лық жасауға деген құштарлық әлі де ба­сым.
Бізде Алғыс айту күні мерекесі бел­гіленгенде оған күле қарайтындар кө­бейді. Ал мен оның көктемнің алғаш­қы күнімен тұспа-тұс келуінің өзін жақ­­сылыққа жорыдым. Біз әрбір сәтті жақсылыққа жоримыз, үміт күтеміз, сөйте тұра кейбір маңызды шешімдерге аса мән бермейтініміз тағы бар. Шын­ды­­ғында, Алғыс айту күні – айтулы ме­ре­­келердің бірі.
Тарихқа көз салсақ, қазақ жұр­ты­ның кімге қайыры болмады дейсіз, қиын-қыстау шақта өзге ұлт өкілдерін жа­тырқамай бауырына басты. Әлгі тұт­қындағы адамдарға балалары ар­қылы құрт жаудырған да ауылдағы қа­ра­­­пайым қазақтар еді. Жалпы түй­генім, қазақ жұрты аштықта да, тоқтықта да бо­йындағы біреуге жақсылық жасау­ға да­йын тұратын асыл қасиетін жо­ғалт­пап­ты. Қонақжай жұрт хақында ала­та­қи­ялы ағайындардың «досың қа­зақ­тан болсын» деуінің өзінде үлкен мән жа­тыр.
Жәй бір-екі мысалдың басын шол­дық, бұған қарап «бұл мереке Қа­зақ­стан­дағы өзге ұлт өкілдерінің қазақтарға алғыс айтатын күні екен» деп қалмаңыз. Асылы, «алғыс алу да, алғыс айту да өмірді ұзартады» деген тәмсіл бар. Тіпті бұл тұжырымға жапон жұрты ғылыммен дәлел келтіріп жатады. Ал осындай жақсылыққа бастайтын, үндейтін игі істен бойымызда әлгіндей қасиет таси тұра неге біз жеруіміз керек.
Кеше бір жақын жолдасымның сөзі маған үлкен ой салды. «Осы біз бәріне жеңіл қараймыз, астарына үңілмейміз, домбыра күні деп еді, ол да кейбірімізге қолабайлау көрінді. Алғыс айту күні деп еді, арамыздан жатып алып миығынан күлгендер де табылды. Әріге бармай-ақ қоялық, осы екі мерекенің қандай әбестігі бар? Бірі ұлттық аспабыңды дәріптеуге жол ашады. Енді бірі – тұнып тұрған ізгі амал. Біреудің алғысын алуға үндейтін бастаманың несі айып?» дейді әлгі досым.
Ал айтқанын мақұлдамай көріңіз, шындығында оның айтып отырғанын қалай құптамайсыз? Өзі басқа күндері де айналасынан көмегін аямайтын адам ғой. Ал көктемнің алғашқы күні жұртқа жақсылық жасауды еселейді екен. Тіпті мұны әлгі мереке бекітілгелі дәстүрге айналдырған.
Бұдан түйгенім, барлығы біздің ой-түй­сігімізге тікелей байланысты екен. Әл­гі жігіт кез келген дүниеден жақ­сылықты бөліп алып, кез келген жағ­дайдан тек жақсы сабақ алады. Ал бәріміз мұндай түсінікте болсақ, ке­ле­­шекке тек жақсылықты, ізгілікті дә­ріп­тер едік.
«Елімізде арнайы мереке болып кеше бекіді» демесеңіз, бұл тұжы­рым­ның тарихы әріде жатыр. Тіпті әлемнің көптеген елінде бұл мереке бұрыннан бар. Мәселен, Америкада Алғыс айту күні дәстүрлі отбасы күні болып сана­лады. Біраздан бері бас қоспаған от­басы мүшелері дастарқан басында жиналып, күркетауық етін жейді екен. Ал Канадада бұл мереке 1578 жылы Мартин Фробишердің Ньюфаундлендке көшіп келуімен байланысты. Яғни кана­далықтар арғы аталарының Ат­лант мұхитын сәтті асып өтуін осы күнмен бай­ланыстырады. Вьетнамда және Қы­тайда бұл атаулы күні жергілікті халық аңыз бойынша жерге жауын жіберіп, мол астық берген айдаһарға алғыс айтады. Беларус елінде бұл мереке қалалар мен ауыл-аймақтарда үлкен қар­қынмен өтеді. Халық Жер анаға мол егін бергені үшін алғысын жаудыратын болған. Ал Жапонияда бұл – жыл сайынғы «еңбек күні». Олар еңбек күні жұмыс берушілерге өздерін жұмыспен қамтамасыз еткені үшін алғыс айтады. Германияда алғыс айту мейрамын қазан айының алғашқы жек­сенбі күні егін алқабында тойлайды. Израиль халқы да Суккот мерекесі – алғыс айту күнін 3 мың жылдан бері тойлап келеді. Шөл далада ауырмай-сыр­қамай, аман-сау өмір сүретініне тағ­­дырға алғыс айтады. Корея елінде ал­ғыс айту шарасы 15 тамызға қарай «Чху­сок» деген атаумен мерекеленеді. Әлем елдерінде бар айтулы мереке біз­де де көктемнің алғашқы күнімен бекіді.
Жақсы сөз – жарым ырыс, жақсы­лықтың ерте-кеші жоқ, жақсылық бар жерде тапшылық болмайды, жігіттің жақсылығын жұрты айтар, жақсылық еккен алғыс жияды. Тізе берсек, жақ­сы­лық жайында мұндай тәмсіл сөз­дер жетіп артылады. Осындай мағы­налы сөзге бай қазақ жұртының тұла бойы да асыл қасиеттен кенде емес. Рас қой, «жақсылық егіп, алғыс жиған» елдің ұрпағының бұл мерекені атап өтуі орынды.
Біз қай кезде де, қай істе де елдің алғысын бәрінен биік қойдық. Алғыс алу­ды абырой деп білдік және жасаған жақ­сылығымыздың өтеуіне алғысты бә­­рінен бағалы деп білдік. Міне, қазақ жұр­ты үшін алғыстың қаншалықты қым­бат екенін осыдан-ақ ұғуға болады.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: