Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

12°C

, Сәрсенбі, 08 қазан, 10:25

Жаңа стадионда
ел кубогын сарапқа салды

07.10.2025

30

0

Қызылорданың сол жағалауында 11 мың көрерменге арналған жаңа стадионның ашылуы өтті. Салтанатты шара аясында футболдан ел Кубогының финалдық матчы ұйымдастырылды. Шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан Футбол федерациясының президенті Марат Омаров арнайы келді. Сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен мыңдаған футбол жанкүйері жиналды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған жұртты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.

– Бүгін – Қазақстанның спорт тарихындағы айтулы күн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының аймақтарда спорт инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа стадион бой көтерді. Жаңа стадионымыздың ашылуы футболдан Қазақстан ку­богының финалдық ойынымен тұспа-тұс келді. Жанкүйерлер асы­ға күтетін спорт мерекесі отандық футбол тарихында алғаш рет Қызылорда қаласында өтуде. Бұл – сырбойылықтар үшін үлкен мәр­тебе, зор мақтаныш! Баршаңызды жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қаламызда жаңа нысанның салынуына ерекше қолдау білдірген Мемлекет басшысына, Үкіметке барша Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Финалдық ойынды өткізуге бастамашы болып, ұйымдастырған Қазақстан Фут­бол федерациясына зор ризашылығымызды жеткіземіз. Бүгінгі ойын­ға жолдама алған командаларға сәттілік тілеймін! Қазақстан фут­болының даңқы арта берсін, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Қазақстан Футбол федерациясының президенті Марат Омаров жаңа стадионның ашылуы ел футболы үшін маңызды екенін атап өтті.
– Құрметті қызылордалықтар және футбол жанкүйерлері! Сіздерді жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – еліміздің футбол картасынан лайықты орын алатын заманауи арена. Қазақстан Кубогының финалы алғаш рет Сыр елінде өтіп отыр. Осы алаңда талай қызықты кездесулер мен ұмытылмас ойындар өтеді деп сенемін. Бүгінгі финал сол табысты жолдың бастауы болсын, – деді Марат Талғатұлы.
Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын жаңа спорттық кешен заманауи халықаралық талаптарға сай салынған. Мұнда фут­бол алаңы ғана емес, олимпиадалық стандарттарға сәйкес келетін бокс, күрес, фитнес, спорттық гимнастика және ауыр атлетика зал­дары орналасқан. Сонымен қатар нысанда дүкендер мен дәмханалар қарастырылған.
Ғимараттың бірінші қабатында спорт залдары, футболшылардың дайындық бөлмелері және сауықтыру орталықтары орналасқан. Екінші қабатта әкімшілік бөлмелер, ал үшінші қабатта ауқымды жиындарға арналған мәжіліс залы бар. Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жаттығуына да толық жағдай жасалған.
Стадион УЕФА-ның 4-санатына сәйкестендірілген. Жасыл алаң халықаралық стандарттарға сай жасанды төсенішпен жабдықталған, заманауи жарықтандыру және дыбыс жүйелері орнатылған. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейдегі спорттық және мәдени шараларды жоғары сапада өткізуге мүмкіндік береді.
Жаңа стадионда футболдан ҚР кубогының финалдық ойыны өтті. Ақтық мәреде Шымкенттің «Ордабасы» және Қостанайдың «Тобыл» командалары бақ сынасты. Ойын өте тартысты әрі қызықты өтті. Бірінші таймда «Тобыл» командасы қарсылас қақпасына екі дәл соққы жасап, 2:0 есебімен алға шықты. Бірінші голды Николай Сигневич, ал екінші голды Ислам Чесноков салды. Жаңа стадион ауласында жан­күйерлерге үлкен LED экран қойылып, ойынды қолайлы жағдайда та­машалауға мүмкіндік жасалған.
Айта кетейік, бұл финал «Ордабасы» мен «Тобыл» үшін бесінші шешуші бәсеке болды. Екі клуб та осыған дейін екі рет жеңіске же­тіп, екі мәрте финалда ұтылған. Қазақстан кубогы тарихында қос ұжым бес мәрте кездескен, оның үшеуінде қостанайлықтар, екеуінде шымкенттіктер басым түскен. Бұған дейін финалда үш рет жолығып, екі рет «Тобыл», бір рет «Ордабасы» кубок иегері атанған. Бүгін олардың төртінші финалдық кездесуі болды.
Осылайша қостанайлық «Тобыл» командасы қарсыласынан басым түсіп, Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. Жанкүйерлер командаға қошемет көрсетіп, жаңа стадиондағы алғашқы финалдық ойын тарихта қалатын ерекше сәт болды.
Жеңімпаз «Тобыл» командасын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Қазақстан Футбол федерациясының президенті Марат Омаров марапаттап, ку­бок пен медальдарды табыс етті.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: