Соңғы уақытта елімізде жасөспірімдер қылмысы азаймай тұр. Кәмелет жасқа толмағандар арасындағы теріс қылықтың көбі ұрып-соғу, ұрлық және өз-өзіне қол салу сияқты фактілерден тұрады. Жауапты органдардың жүйелі жұмысының нәтижесіне қарамастан, ауданда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс өткен жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға өскен. Мәселен, биыл Жалағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жасөспірімдер арасында 226 құқық бұзушылық дерек анықтаған.
11 жасөспірім
есепке алынған
Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторлары жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында бірқатар жұмыс атқарды. Жалпы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың өсуіне ата-аналардың баланы қараусыз қалдыруы, компьютерлік ойындарға әуестенуі, құқықтық сауаттың төмендігі және жасөспірімдер үшін бос уақытты тиімді ұйымдастырудың болмауы себеп болып тұр.
Осы орайда аудандық білім, денсаулық сақтау бөлімімен бірлескен профилактикалық іс-жоспарды жүзеге асыру барысында аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі және қылмысты іздестіру бөлімшелері кәмелетке толмағандар арасындағы топтарды анықтау, ыдырату, есепке қою секілді жұмыстарды жүргізуде.
Сотқар оқушыларды есепке алу бойынша тоқталсақ, 11 жасөспірім тізімдік есепке, 11 ата-ана тәрбие беру жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін профилактикалық есепке алынған. Бір жасөспірімге қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, есепке қойылған. Жауапты мамандар профилактикалық есепте тұрғандардың мекен-жайына арнайы барып, тексеру жұмыстарын үнемі жүргізуде.
Қоғамдық тәртіпті бұзушы жасөспірімдердің арқайсысына талдау жасайтын болсақ, заңды өкілдері бірге жүрмеген кәмелетке толмағандардың тұрғынжайдан тыс жерлерде сағат 23.00-ден таңғы сағат 6.00-ге дейін болуы бойынша 186 дерек анықталған. Сондай-ақ бір жыл ішінде екі және одан да көп рет әкімшілк құқық бұзушылықтар жасаған 8 дерек тіркелген.
Кент орталығындағы патрульді полиция бекеттері жасөспірімдердің топтасып төбелесу, қылмысқа бейімділігі байқалатын жағдайды анықтау, алдын алу мақсатында рейдтік жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде ауданда топтық төбелеске жол берілмеген.
Шылым сатып,
шығынға батты
Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдерін тұтынудың алдын алу мақсатында 21 жасқа толмаған тұлғаларға алкоголь, темекі өнімдерін сататын сауда орындары мен ойын-сауық мекемелерін анықтау бойынша ЖПҚБ ЮПТ инспекторларымен бірлескен «Түнгі қаладағы жасөспірім» рейдтік іс-шарасы өтуде. Рейд барысында қоғамдық орындар, соның ішінде ойын-сауық орындарын, дүкендер және білім беру мекемесіне іргелес учаскелер толық тексерілген. Нәтижесінде 21 жасқа толмаған азаматтарға темекі сатқаны үшін 1 кәсіпкерге айыппұл салынған.
Қазіргі уақытта жасөспірімдердің есірткіге тәуелділігі маңызды медициналық, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық мәселелердің біріне айналды. Теріс қылықтың алдын алу мақсатында ауданда оқушыларға «Есірткіні қолдану және тарату аспектілері» секілді тақырыптарда дәрістер өткен. Іс-шара барысында вейптер мен электронды темекінің кәмелетке толмағандардың денсаулығына қауіпі, таратылуының қылмыстық аспектілері және жазалау түрлері туралы толық мәлімет берілді.
1 жасөспірім
бейімдеу орталығында
Айта кетейік, Қызылорда қаласындағы бейімдеу орталығына 1 жасөспірім орналастырылған. Сондай-ақ 1 оқушы қоғамдық орындарға масаң күйде барып, ата-анасы айыппұл арқалады.
Осы ретте кент орталығындағы 5 мектеп пен ауданға қарасты ауылдық елді мекендердегі 15 білім ордасы және 1 колледждегі білім алушыларға құқық бұзушылықтан сақтану жолдары, заңға бағынудың маңыздылығы және құқықтық жауапкершіліктің ауыртпалығы жөнінде нақты кеңестер ұсынылған. Бұл іс-шара құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал ететін маңызды қадам екені сөзсіз. Сонымен қатар іс-шарада «Заң және мен» құқықтық тақырыптағы видеороликтер көрсетілген.
– Біздің мақсат – тек жазалау емес, сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу. Аталған бағыттағы жұмыстар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта жүргізілуде. Мектептерде құқықтық сабақтар өткізу, қолайсыз отбасылармен жеке жұмыс жүргізу, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия отырыстарына қатысу және педагогтармен, әлеуметтік қызметкерлермен бірлескен жұмыстарды жүргізудеміз. Басты мақсатымыз – құқық бұзушылық болмай тұрып, тәуекел факторларын анықтап, жою. Иә, жасөспірімдердің қылмысқа баруына бірнеше фактор әсер етеді. Бірінші, ата-ананың қарауынан тыс қалған кезде. Екінші, оның ортасы. Не себепті? Өйткені бесіктен белі енді шыққан, оңы мен солын әлі де танып үлгермеген балаларға ненің ақ, ненің қара екенін нұсқайтын ата-ана керек. Сондай-ақ отбасында тәрбиелік бағытта әңгімелер жүргізілмегенінің салдары да бар, – дейді аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің ювеналды полиция тобының инспекторы Жандос Мұстафаев.
Тәрбие отбасынан басталады
Әрине, әуелі ата-ана отбасындағы тәрбиені дұрыс жолға қоюы керек. Баланы бақылау, бос уақытын тиімді пайдалануына ықпал жасау секілді жұмыстарды атқару маңызды. Қазақы тәрбиеде балаға үлкендерді құрметтеуді, кішіге қамқорлық жасауды үйретеді. Бірақ шамадан тыс тыйымдар, оның қызығушылығымен санаспау, эмоцияларын көрсетуден тыю болашақта баланың бостандығы мен таңдауына кедергі келтіреді.
– Ата-аналардың кейбірі «балам мектепте білім алуда, сондықтан ұстаздар тәрбиесіне де бақылау жасау керек» немесе «баланың киім-кешегін, тамағын тауып бердім, тәрбиесімен мектеп не балабақша айналыссын» деген ұстанымда. Иә, бала тәрбиесінде жауапкершілік мұғалімдерге де артылады. Әрине, кез келген білім ошағында психолог, тәрбие ісі жөніндегі мамандар жұмыс істейді. Балалар арасында қылмыстың көбеюі, қатыгез болып кеткенінің бір себебі үйдегі ата-ананың баласына деген уақытының аздығы деп ойлаймын. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-ана, мұғалім, жалпы қоғам болып атсалысуымыз керек. Мектепте оқушылардың білімді, тәртіпті, рухани бай, патриот болып өсуіне бағытталған түрлі танымдық, спорттық іс-шаралар ұйымдастырамыз. Мәселен, «Қазақ батырларының өмірі», «Бауыржан Момышұлының ерліктері», «Егемен елдегі елеулі тұлғалар» секілді танымдық бағыттағы тәрбие сағаттары өтеді. Профилактикалық бағыттағы түнгі рейдтерге аудан әкімдігі, аудандық прокуратура, жастар ресурстық орталығы, полиция бөлімі, аудандық білім бөлімі, ерікті жастармен қатар мектеп мұғалімдері де белсенді қатысуда. Рейд барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ заңсыз әрекеттердің алдын алу бойынша арнайы шаралар қабылданады, – дейді №31 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бахтияр Мұратбек.
Психологтар не дейді?
Психолог-ғалымдардың зерттеуінше, бала үш жасқа келгенде алғашқы өтпелі кезең болады. Бала психикасының дамуындағы дағдарыс оның қылықтарынан көріне бастайды. Себебі дәл осы жас – баланың «жоқ» дегенді түсінгісі келмейтін, тыйым салуды ұнатпайтын, мінез-құлқы тұрақсыз кезеңнің бірі. Бұл жағдайда баланы жақсы жаққа қарай бағыттай білу – ата-ананың басты міндеті. Оған өзге адамдардың жай-күйін түсіну, яғни эмпатия қабілетін мектепке дейін қалыптастырған абзал.
Ескертпе! Кезекті оқу жылы да аяқталуда. Осыған орай аудандық полиция бөлімі ата-аналарға, ұстаздарға түлектердің қауіпсіздік шараларды, шектеулерді қатаң сақтауына мән беруді сұрайды.
Мектеп бітіру кешін сән-салтанатты өткізуге, яғни беймезгіл уақытта мерекелік үстел, салтанатты дастархан ұйымдастыруға болмайды. Жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, қала бойынша көшпелі экскурсиялар өткізуге, мектеп бітіру іс-шарасын мейрамханаларда, кафелерде және басқа да ойын-сауық орындарында ұйымдастыруға тыйым салынады.
Сонымен қатар суға шомылу маусымын қауіпсіз өткізу шеңберінде су айдындарында патрульдер мен рейдтер жүргізіледі. Осы мақсатта барлық білім беру ұйымдарына арнайы нұсқаулар беріліп, ата-аналармен жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Жасөспірімдер қауіпсіздігіне қоғам болып бейжай қарамаған дұрыс.
Ж.АРЫН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!