Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда дереу жедел-жәрдем қызметкерлерінің көмегіне жүгінетініміз рас. Алайда ақ халат киген абзал жандардың науқастарға алғашқы көмек көрсету барысында жолығатын қиыншылықтар да жоқ емес. Осы ретте газетіміздің «Журналист басқа мамандықта» айдары аясында уақытпен санаспай, әр адамның саулығы үшін арпалысатын аудандық жедел-жәрдем бөлімінің қызметкерлерімен түнгі кезекшілікке шығып, жұмыс барысымен таныстық.
Сағат тілі 16:50 көрсетеді. Біз табан тіреген аудандық емханаға қарасты IV жеделділік санаты бойынша жедел медициналық көмек көрсету бөлімінде түнгі ауысым алдындағы қарбалас басталып кетті. Күндізгі кезекшілікті Жазира Кеңесбаеваға баяндап жатқан диспетчер Биқанша Төлеутаева таңғы 8.00-ден бері дене қызуы мен қан қысымының жоғары болуына байланысты 12 науқастан қоңырау түскенін айтты. Ал фельдшер Қайрат Аманжолов түнгі кезекшілікке келген Мұратжан Сисенбайға науқастарға жедел алғашқы көмек көрсетілгенін жеткізіп, дәрі-дәрмек салынған қобдиша мен медициналық аппараттарды тапсырды.
– Біздің ауданда IV санат бойынша жедел жәрдем бөлімі бар. Оның І, ІІ, ІІІ санаты облыстық медициналық жедел жәрдем бөліміне қараса, IV жеделділік санаты бойынша жедел медициналық көмек бөлімі аудандық емханаға қарайды. Облыстық медициналық жедел жәрдем бөліміне қарасты І, ІІ, ІІІ санатында 2 дәрігер, 1 аға фельдшер, 9 шұғыл шақырту мейірбикесі мен 16 фельдшер, 3 көлік пен 9 көлік жүргізуші бар. Қоңыраудың барлығы облыс арқылы түседі. Олар науқастың сырқат түріне қарай әр бригадаларға бөліп отырады. Жол апаты, 3 жасқа дейінгі балаларға, жағдайы ауыр науқастарға І, ІІ, ІІІ санатындағы қызметкерлер барады. Ал IV санаттағы қызметкерлер 3 жастан жоғары балаларға, созылмалы ауру түрімен ауыратындарға, 12 аптаға дейінгі жүктілігі бар әйелдерге, жеңіл жарақат алған науқастарға алғашқы көмек көрсетеді. Бұл санаттағы жедел медициналық көмек бөлімінде 6 фельдшер, 5 диспетчер, 5 көлік жүргізуші, 2 көлік күндіз-түні аудан тұрғындарының саулығы үшін қызмет етеді, – дейді бөлімге жауапты бас мейіргер Айнаш Талқанбаева.
Уақыт 17:08 болғанда диспетчер қызметінде отырған Жазира Кеңесбаевадан «бір үйдің екі бірдей баласы қатты ауырып, дене қызуы түспей жатыр, шұғыл көмек қажет» деген хабар түсті. Бұл хабарды ести саласымен ақхалаттылармен бірге біз де дереу диспетчер бағыттаған мекен-жайға бет алдық. Барсақ, 3-4 жасар балақайлардың диспетчер айтқандай, дене қызуы өте жоғары екен. Анасының айтуынша, балалардың ауырып жатқанына бірнеше күн болған. Үй жағдайында ем-шара жүргізіп, уақытылы дәрі-дәрмек бергенімен сырқаттың беті қайтпай, күннен-күнге күшіне мінген көрінеді.
Балалардың дене қызуын өлшеп, өкпесін тыңдаған фельдшер Мұратжан Сисенбай екеуін де дереу ауруханаға апару керектігін жеткізді. Себебі олардың дене қызуы көтеріліп, үлкенінің кіндік тұсы ауыруына байланысты «соқырішек болуы мүмкін» деген диагноз қойылды. Осылайша ата-анасының келісімімен балаларды жедел аудандық ауруханаға жеткізіп, жедел жәрдем бөлімінің есігінен енгеніміз сол еді, диспетчер апай Ақсу ауылынан кешкі ауысымнан екінші шақырту түскенін хабарлады.
Айта кетейік, жедел жәрдемнің қызмет көрсету радиусы 15 шақырымға дейін қаралған. Яғни олар кент тұрғындарынан бөлек Ақсу мен Дәуімбай тұрғындарына да алғашқы көмек көрсетеді. Ал қалған ауылдарда арнайы бір фельдшер тұрғындарға қызмет етуде. Алайда жағдайы ауыр науқастарға «жедел жәрдем» жолға шығып, науқастарды аудандық ауруханаға жеткізеді.
Ақсу ауылына жетем дегенше фельдшер Мұратжанды әңгімеге тарттық. Оның салада 7 жылдық тәжірибесі бар. Бүгінгі әріптесіміз жауапкершілігі мол мамандықты таңдағанына еш өкінбейді. Керісінше халықтың алғысын арқалап, батасын алуға асығады. 7 жыл ішінде аудан тұрғындарының мекен-жайын жаттап алған ол қоңырау түскен бойда діттеген жерін адаспай тез тауып барады. Тіпті кей тұрғындар жақын туысындай болып кеткен. Оны жылы шыраймен қарсы алған науқастың туыстарының сөзінен аңғаруға болады.
– Күніне шамамен 24-26 науқастан қоңырау түсетін. Ал соңғы уақытта 32-35-ке дейін көбейді. Оның 10-ға жуығы – 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар. Қазір олардың арасында өзіңіз көргендей, дене қызуының жоғары болуы, тамағы ауырып, тұмаудың қайталап тиюі жиілеп тұр. Қазір балалар өте әлсіз. Бір жылда бірнеше рет тұмаумен қайталап ауырып жатқандар көп, – дейді ол.
Иә, сөзінің жаны бар. Біз барған Ақсу ауылындағы науқас та дене қызуының түспей, ешқандай дәрі-дәрмек әсер етпеген, ата-анасы жиі жедел жәрдем бөлімінің көмегіне жүгінетінін айтты.
15 сағатқа созылған түнгі кезекшілікте фельдшер Мұратжанмен бірге шақырту қоңырауы арқылы түрлі сырқат түрімен көмек сұраған 13 науқастың үйіне бардық. Олардың арасында 3 пен 18 жасқа дейінгі 5 баланың дене қызуы жоғары болып, оның 2-еуі жедел аудандық ауруханаға жеткізілді. Ал қалған 8 науқасқа алғашқы көмек көрсетілді.
Таңғы 08:00. Бір күн әріптес болған Мұратжан екеуміз шұғыл жедел жәрдем бригадасын шақырғандардың медициналық картасын толтырып, кезекшілікті фельдшер Арыстан Салжанға тапсырдық. Сәл ғана үзілісті пайдаланып, түнгі кезекшіліктің қиыншылығы туралы айтып жатқан әңгімеміз кенет кілт үзілді. Себебі кезекшілікті қабылдап жатқан диспетчер Динара Есенова аудан тұрғынының бірінен қоңырау түскенін айтты. Осылайша науқастың денсаулығына алаңдаған фельдшер дәрі-дәрмек салынған қобдишасын ала жүгіріп, диспетчер хабарлаған мекен-жайға асығып кетті.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!