Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 09:55

Жедел жәрдем берген күн

12.12.2023

650

0

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда дереу жедел-жәрдем қызметкерлерінің көмегіне жүгінетініміз рас. Алайда ақ халат киген абзал жандардың науқастарға алғашқы көмек көрсету барысында жолығатын қиыншылықтар да жоқ емес. Осы ретте газетіміздің «Журналист басқа мамандықта» айдары аясында уақытпен санаспай, әр адамның саулығы үшін арпалысатын аудандық жедел-жәрдем бөлімінің қызметкерлерімен түнгі кезекшілікке шығып, жұмыс барысымен таныстық.

Сағат тілі 16:50 көрсетеді. Біз табан тіреген аудандық емханаға қарасты IV жеделділік санаты бойынша жедел медициналық көмек көрсету бөлімінде түнгі ауысым алдындағы қарбалас бас­талып кетті. Күндізгі кезекшілікті Жа­зира Кеңесбаеваға баяндап жат­қан диспетчер Биқанша Төлеу­тае­ва таң­ғы 8.00-ден бері дене қызуы мен қан қы­сымының жоғары болуына бай­ла­нысты 12 науқастан қо­ңы­рау түс­ке­нін айтты. Ал фельдшер Қай­рат Аман­жолов түнгі кезекшілікке кел­ген Мұратжан Сисенбайға науқастарға жедел алғашқы көмек көрсетілгенін жет­кізіп, дәрі-дәрмек салынған қобдиша мен медициналық аппараттарды тапсыр­ды.
– Біздің ауданда IV санат бойынша жедел жәрдем бөлімі бар. Оның І, ІІ, ІІІ санаты облыстық медициналық жедел жәрдем бөліміне қараса, IV жеделділік санаты бойынша жедел медициналық көмек бөлімі аудандық емханаға қа­райды. Облыстық медициналық жедел жәрдем бөліміне қарасты І, ІІ, ІІІ сана­тында 2 дәрігер, 1 аға фельдшер, 9 шұғыл шақырту мейірбикесі мен 16 фельд­шер, 3 көлік пен 9 көлік жүргізуші бар. Қоңы­раудың барлығы об­лыс арқылы түседі. Олар науқастың сыр­қат түріне қарай әр бригадаларға бөліп отырады. Жол апаты, 3 жасқа дейінгі балаларға, жағдайы ауыр науқастарға І, ІІ, ІІІ сана­тындағы қызметкерлер ба­рады. Ал IV санаттағы қызметкерлер 3 жас­тан жоғары балаларға, созылмалы ауру түрімен ауы­ра­тындарға, 12 аптаға дейінгі жүктілігі бар әйелдерге, жеңіл жарақат алған нау­қастарға алғашқы көмек көрсетеді. Бұл санаттағы жедел медициналық көмек бөлімінде 6 фельдшер, 5 диспетчер, 5 көлік жүргі­зуші, 2 көлік күндіз-түні аудан тұрғын­дарының саулығы үшін қызмет етеді, – дейді бөлімге жауапты бас мейір­гер Айнаш Талқанбаева.
Уақыт 17:08 болғанда диспетчер қыз­метінде отырған Жазира Кеңес­бае­вадан «бір үйдің екі бірдей баласы қатты ауырып, дене қызуы түспей жатыр, шұғыл көмек қажет» деген хабар түсті. Бұл хабарды ести саласымен ақ­ха­латтылармен бірге біз де дереу дис­пет­чер бағыттаған мекен-жайға бет алдық. Барсақ, 3-4 жасар бала­қайлардың диспетчер айтқандай, дене қызуы өте жоғары екен. Анасының айтуынша, балалардың ауырып жатқаны­на бірнеше күн болған. Үй жағдайында ем-шара жүргізіп, уақытылы дәрі-дәрмек бергенімен сырқаттың беті қайтпай, күннен-күнге күшіне мінген көрінеді.
Балалардың дене қызуын өлшеп, өк­песін тыңдаған фельдшер Мұратжан Си­сенбай екеуін де дереу ауруханаға апару керектігін жеткізді. Себебі олардың де­не қызуы көтеріліп, үлкенінің кіндік тұсы ауыруына байланысты «соқырішек бо­луы мүм­кін» деген диагноз қойылды. Осы­лайша ата-анасының келісімімен ба­­ла­­ларды жедел аудандық ауруханаға же­ткі­зіп, жедел жәрдем бөлімінің есігінен енгеніміз сол еді, диспетчер апай Ақсу ауылынан кешкі ауысымнан екінші ша­қырту түскенін хабарлады.
Айта кетейік, жедел жәрдемнің қызмет көрсету радиусы 15 шақырымға дейін қа­ралған. Яғни олар кент тұрғындарынан бөлек Ақсу мен Дәуімбай тұрғындарына да алғашқы көмек көрсетеді. Ал қалған ауылдарда арнайы бір фельдшер тұрғын­дарға қызмет етуде. Алайда жағ­да­йы ауыр науқастарға «жедел жәр­дем» жолға шығып, науқастарды аудан­дық ауру­ха­наға жеткізеді.
Ақсу ауылына жетем дегенше фельд­шер Мұратжанды әңгімеге тарттық. Оның са­лада 7 жылдық тәжірибесі бар. Бү­гін­­гі әріптесіміз жауапкершілігі мол ма­ма­н­­­дықты таңдағанына еш өкінбейді. Ке­­­рісінше халықтың алғысын арқалап, ба­тасын алуға асығады. 7 жыл ішінде ау­дан тұрғындарының ме­кен-жайын жат­тап ал­ған ол қоңырау түскен бойда діттеген же­рін адаспай тез тауып барады. Тіпті кей тұрғындар жақын туысындай болып кет­кен. Оны жылы шыраймен қарсы алған нау­қастың туыс­тарының сөзінен аңғаруға болады.
– Күніне шамамен 24-26 науқастан қоңырау түсетін. Ал соңғы уақытта 32-35-ке дейін көбейді. Оның 10-ға жуығы – 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар. Қазір олардың арасында өзіңіз көргендей, дене қызуының жоғары болуы, тамағы ауырып, тұмаудың қайталап тиюі жиілеп тұр. Қазір балалар өте әлсіз. Бір жылда бірнеше рет тұмаумен қайталап ауырып жатқандар көп, – дейді ол.
Иә, сөзінің жаны бар. Біз барған Ақсу ауылындағы науқас та дене қызуының түспей, ешқандай дәрі-дәрмек әсер ет­пе­ген, ата-анасы жиі жедел жәрдем бөлімі­нің көмегіне жүгінетінін айтты.
15 сағатқа созылған түнгі кезекшілікте фельдшер Мұратжанмен бірге шақырту қоңырауы арқылы түрлі сырқат түрімен көмек сұраған 13 науқастың үйіне бардық. Олардың арасында 3 пен 18 жасқа дейінгі 5 баланың дене қызуы жоғары болып, оның 2-еуі жедел аудандық ауруханаға жеткізілді. Ал қалған 8 науқасқа алғашқы көмек көрсетілді.
Таңғы 08:00. Бір күн әріптес болған Мұ­рат­жан екеуміз шұғыл жедел жәр­дем бригадасын шақырғандардың меди­циналық картасын толтырып, кезекшілікті фельдшер Арыстан Салжанға тапсырдық. Сәл ғана үзілісті пайдаланып, түнгі кезек­шіліктің қиын­шылығы туралы айтып жат­қан әң­гімеміз кенет кілт үзілді. Себебі ке­зек­шілікті қабылдап жатқан диспетчер Ди­нара Есенова аудан тұрғынының бірінен қоңырау түскенін айтты. Осылайша нау­қас­тың денсаулығына алаңдаған фельд­шер дәрі-дәрмек салынған қобди­шасын ала жүгіріп, диспетчер хабарлаған мекен-жайға асығып кетті.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: