Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:03

Жеңіс пен үміт сыйлаған күн

19.11.2023

438

0

Өткен жұма күні Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында Қазақстан футбол құрамасы Сан-Марино құрамасын 3:1 есебімен жеңіп, Еуропа чемпионатына жолдама алу мүмкіндігін сақтап қалды. Аталған матчты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана арена» стадионында жанкүйерлермен бірге тамашалады.

Ойын барысында төреші ысқырығы естілген бетте Сан-Марино ойыншылары шабуылға бірден лап қойды. Мұндайды күтпеген алаң қожайындары біресе допты аутқа тепсе, біресе жәй ғана қарсыластар алаңына асырумен болды. Алайда футболшыларымыз тез арада есін жиып, шабуылға көшті.

Абат Айымбетов бастаған ойын­шылар бірнеше рет шабуылдағанымен барлығы да нәтижесіз аяқ­талды. Әйт­кенмен, 19-минутта ел фут­бол­шылары дегендеріне жетті. Алек­­сандр Зуев (Қазақстан) айып ала­ңының бұрышынан жойқын соққы жасап еді, санмаринолық қақпашы Элия Бенедеттини «сейв» жасап, допты айып алаңының сыртына шығарып жіберді. Алайда доп Ислам Чесноковтың аяғынан табыла кетті. Ислам көп ойланбай сол аяқпен шірене теуіп, Қазақстанды алға шығарды. Осы голдан кейін бірінші таймда Магомед Адиев шәкірттері қанша шабуылдағанымен, есеп өзгеріссіз қалды. Таймның соңында А.Зуев жойқын соққы жасаған, бұл жерде Сан-Марино қақпашысы керемет «сейв» жасады.

Екінші таймда жер­лестеріміз шабуылды үдетті. Сондай ұрымтал сәттердің бірінде Ислам Чесноков қақпаға тағы да алыстан соққы жасап, гол соқты. Осы голдан кейін Магомед Адиев үш бірдей ойыншыны алмастырып, есепті ұстап тұрғысы келді. Алайда Симоне Франчоси қорғаушыларымыз мен қақпашымыз жіберген қателікті пайдаланып, есепті қысқартып үлгерді – 2:1.

Осы дәл соққыдан кейін капитан Абзал Бейсебеков бастаған футболшылар бірден өздеріне келе алмай, алаңда көп қателесті. Шешім қабылдауға асықпай жүріп алды. Тіпті Сан-Марино деңгейіне түсіп кеткендей көрінді бізге. Абырой болғанда, ойын соңында аустриялық Харальд Лехнер VAR жүйесі арқылы пенальти тағайындап, оны Абат Айымбетов сәтті орындап шықты. Есеп – 3:1, Қазақ­стан құрамасы Еуро-2024-ке шығу жолындағы бәсекені жалғастыру мүмкіндігіне ие болды.

Дәл осы күні Н тобында өнер көр­сететін Дания құрамасы Копен­гагенде Словения құрамасын 2:1 есе­бімен жеңіп, Еуро-2024 додасы жол­дамасына ие болды. Енді топтағы екінші жолдама үшін 20 қарашада Словения астанасы Люблянада Сло­вения (19 ұпай) мен ­­­­­Қазақстан (18 ұпай) құрамалары бақ сынайды. Бізге тек жеңіс керек. Словенияны тең ойын да қанағаттандырады.

Магомед Адиев, Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы:

– Жанкүйерлерге алғысымыз шексіз. Бұл – шынымен үлкен қолдау. Ұлттар лигасынан бастаған жолымыз әлі есімде. Қарсыласымыз Әзербайжан болып еді. Сол кезде стадион менің шашым сияқты болған (күледі – ред.). Қарау-қарау көрермен отырып еді. Ал қазір ең үлкен құрама команданың бірімен ойнамасақ та, екі тәулік ішінде билеттің бәрі сатылып кеткен. Оның үстіне тағы билет сұрап жатыр. «Тым болмағанда бір билет беріңдерші» деп сұраушылар да көбейген. Мұның барлығы – біз үшін қымбат дүние, – деді ол.

Бас жаттықтырушы жанкүйерлердің адалдығына да риза екенін атап өтті.

– Көрермендердің қарсылас командалардың жұлдыздарын көруге емес, өз құрамасын қолдауға келе бастағанын көріп жүрмін. Бұл – үлкен жетістік. Осындай мәртебені ұстап тұру біз үшін шынымен де абырой. Сіздерге көп рахмет, – деді Магомед Адиев.

Сондай-ақ ол команда көшбасшыларының бірі Асхат Тағыбергеннің ойынға араласпаса да құрама сапында жүргеніне байланысты пікір білдірді.

– Мен Асхатқа біздің қасымызда жүр деп айттым. Словенияға да алып барамыз. Өйткені бізге оның алаңда ғана емес, оның сыртында да бірге болғаны маңызды. Бахамен (Бақтиер Зайнутдинов – ред.) де осындай әңгіме болды. Ол осы ойынға келмек болған. Бірақ дәрігерлер жарақаты ауыр болғандықтан, ұшпауға кеңес беріпті. Словенияға ұшып келетін шығар деп үміттенеміз. Осылайша, бірлігімізді паш еткіміз келеді, – деді жаттықтырушы.

Магомед Адиев ұлттық құраманың осыған дейінгі жеңістерінде бүкіл ұжымның еңбегі жатқанын айтты.

– Сан-Марино командасынан қандай есеппен басым түскеніміз маңызды емес. Маңыздысы – 3 ұпай. Бұл – жалғыз Адиевтің немесе жекелеген ойыншылардың феномені емес. Бұл – бүкіл құраманың феномені. Оның сыртында федерацияның еңбегі бар, – деді ол.

Дерекнама:

  • Қазақстан мен Сан-Марино ойынын әлемнің 36 елінде АҚШ, Қытай, Мексика, Испания, Франция, Индонезия, Сингапур, Ресей, Түркия сынды мемлекетте тікелей эфирде көрсетті.
  • Қазақстан мен Сан-Марино кездесуіне бас төреші қызметін аус­триялық Харальд Лехнер ат­қарды. Оған отандастары Андреас Хай­денрайх пен Стефан Пихлер көмек­шілік жасайды. Қосалқы төреші де – аустриялық Себастьян Гишамер.
  • Қазақстан мен Сан-Марино ойынын 30 100 адам жанкүйерлік танытты. Бұған дейін жанкүйер ең көп жиналған ойын Қазақстан – Финляндия кездесуінде тіркеліп, сол жолы 30 019 жанкүйер ұлттық құрамаға қолдау білдірген еді.
  • Магомед Адиев Қазақстан құрамасы тізгінін ұстағалы оныншы жеңісіне қол жеткізді. Ресейлік маман Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде алғашқы ойынын 2022 жылы 3 маусымда Астанада, Ұлттар лигасы ойыны аясында Әзербайжан құрамасына қарсы (2:0) өткізді.
  • Қазақстан құрамасының же­ңістері бойынша рекордқа қол жет­кізген бапкерлер: 1. Магомед Адиев – 10 жеңіс (17 матч); 2. Арно Пайперс – 7 жеңіс (36 матч); 3. Серік Бердалин – 6 жеңіс (20 матч); 4. Воит Талгаев – 5 жеңіс (9 матч); 5. Михал Билек – 5 жеңіс (18 матч); 6. Мирослав Беранек – 5 жеңіс (24 матч).
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: