Жалағаш аграрлық өңір болғандықтан ауыл шаруашылығы саласының дамуы ерекше маңызға ие. Күрішпен кірісін еселеп отқан аудан диқандары өткен жылды толайым табыспен қорытындылады. Биыл да межелі жерге дән тастаған ауыл еңбеккерлері үлкен өнімнен үмітті. Жалпы салада өндірілген өнім көлемі қанша? Биылғы егіннің шығымы қалай? Аудан диқандары аяқсудан тапшылық көріп жатқан жоқ па? Осындай бірқатар сауалымызға жауап алу үшін аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Алтынбек Дәрібаевпен сұхбаттасқан едік…
– Алтынбек Тұрмағамбетұлы, биыл жалпы салада өндірілген өнім көлемі қанша?
– Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасын дамытуға үлес қосатын маңызды саланың бірі. Сол себепті жыл сайын мемлекет тарапынан саланы қолдауға ерекше мән берілуде. Алты айда ауданда мемлекеттік қолдаудың арқасында салада 2,737 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Бұл көрсеткішті өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғада 101,7 пайызға орындалғанын бағамдаймыз. Ауыл шаруашылығының негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 2024 жылдың 1 маусымында 417,3 млн теңгеге орындалды. Бұл да былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4 есеге артты.
– Жалпы биыл аудан диқандары қанша гектар алқапқа егін екті?
– Биыл 37 676 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде Сырдың басты дақылы 19 800 гектарды құрап отыр. Мұнан бөлек 770 гектар жаздық, 129 гектар күздік бидай, 40 гектар арпа, 665 гектар мақсары, 200 гектар қант құмайы, 65 гектар соя, 5 гектар сұлымыз тағы бар. Мал азығына келсек, 4 850 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 8091 гектар ескі жоңышқа күтімге алынды. Сондай-ақ 650 гектар картоп, 1115 гектар көкөніс және 1296 гектар басқа да бақша дақылдары егілді.
– Аяқсу мәселесінің жыл сайын күрделеніп келе жатқанын жақсы білеміз. Бұл мәселе жергілікті диқандарға тұсау болып отырған жоқ па?
– Биыл егін орналастыру, күтіп баптау үшін су жеткізіп беру қызметіне «Жалағашсушар» өндірістік учаскесімен 187 шаруашылық 729,4 млн теңгеге келісім-шарт жасасты. Қазіргі таңда егін орналастыру жұмыстары толық аяқтап, күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы суармалы жерде дақылдарды кезектестіру схемасы тәртібінің сақталуына тұрақты бақылау жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Мұның бәрі өнім сапасына тікелей әсер етеді.
– Кешегі көктемгі науқанда техникадан мәселе болды ма? Алдағы күзгі науқанға бұл жағынан дайындық қалай?
– Аудан шаруашылықтары техника паркін жаңарту жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Биыл 669,4 млн теңгеге 13 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Көктемгі науқанда техникадан мәселе болған жоқ. Жыл сайын күзгі науқанда өнімді жауын-шашынға қалдырмай жинап алып жатыр. Биыл да мәселе болмайды деп ойлаймын.
– Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы жерлері өз мақсатына және ротация тәртібін сақтай отырып пайдаланылып жатыр ма?
– Жалағаш ауданының жер қоры 2 873 640 гектарды құрайды, оның ішінде 591 563 гектары Қарағанды облысынан ұзақмерзімді пайдалануға алынған. Бұдан басқа Жалағаш аумағының 11 149 гектары Ресейге пайдалануға берілген.
Жалпы аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 284 752 гектар. Оның 42 760 гектары елді мекендерге тиесілі. Ал 15854 гектары – өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жерлері. Мұнан бөлек 4 гектар жер ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып табылады. 769482 гектар орман қорымыз тағы бар. Су қорына 14902 гектар жатса, босалқы жерлер 1 745 884 гектарды құрайды.
Ауданда 33016 гектарды құрайтын жалпы саны 60 инженерлік тұрғыда әзірленген күріш ауыспалы егіс жүйесі, 1 мал азығы және 1 картоп ауыспалы егіс жүйесі бар. Жерді қашықтан зондтау нәтижесімен анықталған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге пайдалану жағдайына талдау жүргізіп, шаруашылықтарға мал басын тіркеу, қайта тіркеу жұмыстарын ұйымдастыру, жайылымдарда, жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының 50 пайыздан жоғары ауыл шаруашылығы малдарының тіркеу қажеттілігі жөнінде шаруашылықтар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде бүгінгі таңда мал тіркету көрсеткіші мамыр айына дейін 51 пайыздан 71,3 пайызға артты.
Жерді қашықтан зондтаудың арқасында былтыр Жалағаш ауданында 47 жеке және заңды тұлғаларға табысталған жалпы көлемі 39 414 гектарды құрайтын 51 жер учаскесін пайдаланбау белгілері анықталды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қазіргі уақытта жер учаскесін пайдаланбай отырған 3880 гектарды құрайтын 14 жер учаскесінің 3594 гектарды құрайтын 10 жер учаскесіне қатысты тиісті шара көру үшін облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. 87 гектарды құрайтын 1 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Қалған 3 учаске бойынша «Нұрислам» шаруа қожалығының барлық үлесшісі жер үлестерімен басқа шаруашылыққа қосылған. Тағы бір жер учаскесіне байланысты зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
– Жалпы жердің мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге қатысты жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесі қалай?
– 2015-2023 жылдары жеке және заңды тұлғаларға табысталған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде жер учаскелерін өз мақсатына сай пайдаланбаған жалпы көлемі 1908 гектарды құрайтын 16 жер учаскесіне қатысты тиісті шара көру үшін облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Сонымен қатар аудандағы суармалы жерде дақылдарды кезектестіру схемасы тәртібінің сақталуына тұрақты бақылау жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес ақпараттық-жұмысшы тобымен инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерлердің пайдаланылуы бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде ауданда 8307 гектар инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерлерді ұтымсыз пайдалану дақылдарды кезектестірудің схемасын сақтамау белгілері анықталды.
Бүгінгі күнге дейін ауыспалы егіс тәртібін бұзып, күріш дақылын артық еккен 38 шаруашылықтың жалпы көлемі 3 613 гектарды құрайтын жер учаскелері тиісті шара көру үшін Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Биыл мерзімі аяқталатын жалпы көлемі 4863 гектарды құрайтын 26 жер учаскесіне талдау жасалды. Оның ішінде жалға алу мерзімі мерзімі аяқталған жалпы көлемі 1810 гектарды құрайтын 14 жер учаскесінің 1723 гектарды құрайтын 13 жер учаскесінің жалдау мерзімі ұзартылды. Ал 87 гектарды құрайтын 1 жер учаскесі мемлекет қорына қайтарылды.
2015-2023 жылдары жеке және заңды тұлғаларға табысталған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде жер учаскелерін өз мақсатына сай пайдаланбаған жалпы көлемі 1908 гектарды құрайтын 16 жер учаскесі тиісті шара көру үшін Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Биыл желтоқсанғаа дейін пайдаланылмай жатқан және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып отырған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы бекітілген жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар әлі де жүргізілуде. Биыл 6 айда жалпы көлемі 3730 гектар жер мемлекет қорына қайтарылды.
– Ауданда мал шаруашылығының даму қарқыны қалай?
– Биыл 5 айда 38178 ірі қара, 35858 уақ мал, 30602 жылқы, 838 түйе, 10323 құс өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда МІҚ 104,4, жылқы 105,8, түйе 97,4, уақ мал 81, құс 102,5 пайызға орындалды. Маусым айына дейін 1526,9 тонна ет, 3347,5 тонна сүт өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда ет 100,9, сүт 101,1 пайызға орындалды.
– Жалпы жергілікті шаруашылықтар төрт түлікті асылдандыруға басымдық беріп жатыр ма?
– Ауданда 4 шаруашылық асыл тұқымды мүйізді ірі қара, 3 шаруашылық асыл тұқымды қой өсіруді қолға алған. Сүт тауарлы фермасын ашу мақсатында «Адал» ЖК 2022 жылы 30 асыл тұқымды сүт бағытындағы «Симменталь» сиырының қашарын сатып алды. 2026 жылы шаруашылық жанынан сүт өңдеу цехын ашу жоспарланып отыр.
«Бақдаулет-57» ФҚ Чехия мемлекетінен 95 асыл тұқымды «Симменталь» сүт бағытындағы мүйізді ірі қара аналығын сатып алды. Бүгінде оның 65 пайызы төлдеп тұр, күніне 700 литр сүт өндірілуде. «АгроЛидер Таң» ЖШС жанынан мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу цехы жұмыс жасайды. Цехта тәулігіне 0,5 тонна ет өңделіп, 15 түрлі өнім дайындалады. Өндірілген өнім облыстағы сауда орталықтарына өткізіледі. Қазіргі таңда цех 8 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағыттары бойынша биыл 13 млн 760 мың тенге субсидия алынды. Оның ішінде 16 шаруашылық мүйізді ірі қара аналығының тұқымдық түрлендірілуіне, яғни 1286 басқа 12 млн 860 мың теңге, 3 шаруашылық сатып алынған асыл тұқымды бұқаның құнын арзандатуға 6 басқа 900 мың тенге субсидия алды.
– Жалпы биыл мал азығы, яғни жеп-шөптен мәселе болмай ма?
– 2024-2025 жылдың қысына түсетін 64740 шартты мал басына 90,3 мың тонна табиғи шөп, 19 мың тонна жем, 29,5 мың тонна сабан дайындау жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 32 мың тонна шөп дайындалды, оның ішінде 23,4 мың тоннасы – жонышқа.
– Жалпы азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша мониторинг жұмыстары жүргізіле ме?
– Аудандағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19-ына күнделікті мониторинг жүргізілуде. 27 маусым мен 4 шілде аралығындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің салыстырмалы бағасы бойынша 2 өнімнің бағасы қымбаттаған. Атап айтар болсақ, қырыққабат пен құмшекердің бағасы 5 теңгеге өскен, қалған 17 өнімнің бағасы тұрақты. Бүгінде ауданда ірі және шағын сауда орындарында өндірілетін және сырттан келетін 601,5 тонна азық-түлік өнімдерінің қоры бар. Азық-түлік өнімдерін жоғары бағада сатқан кәсіпкерлер тиісті мекемелерге шара қолдану үшін ұсынылуда. Жыл басынан бері азық-түлік бағаларын негізсіз көтерген 14 сауда орнының материалдары құзырлы мекемелерге жолданды.
– Жалпы халықтың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар бақша өнімдерімен қамтамасыз етуі үшін арнайы бақшалық жер дайындалып берілетін. Әлбетте бұл да бағаны тұрақтандыруда ерекше маңызға ие. Жалпы биыл бақша салуға ынталы халыққа тағы да жер дайындалды ма?
– Жергілікті тұрғындар өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар көкөніс, бақша өнімдерімен қамту үшін 500 гектар егістік жер дайындалып, 610 отбасына үлестірілді. Оған тұрғындар 235 гектар картоп, 73 гектар көкөніс, 192 гектар басқа да бақша дақылдарын екті. Сонымен қатар Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 6 гектар картоп, 2 гектар бақша, 2 гектар көкөніс дақылдарын тамшылатып су ару әдісімен орналастырды. Алдағы уақытта азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жұмыстары жалғасын табады.
– Жалпы жалағаштық жастар «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көріп жатыр ма?
– ҚР Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығымен бекітілген «ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну қағидасына сәйкес 2 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Аталған министрліктің 2023 жылғы 29 маусымдағы №126 «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін айқындау туралы» бұйрығына сәйкес, ауданның әкімшілік орталығына және ауылдық елді мекендерге келген мамандар үшін жүз еселік айлық есепік көрсеткішке тең көтерме жәрдемақы төлеу белгіленген.
Биыл көтерме жәрдемақы құны 369 200 теңгені құрайды. 2024 жылы жергілікті бюджеттен 16 млн 614 мың теңге 45 маманға үлестірілді. Қазіргі уақытта 180 сала маманы кезекте тұр. 2024 жылы ресел тайқазанынан 238134 мың теңге қаралды, яғни 28 сала маманына тұрғын үй несиесі беріледі.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!