Елімізде жыл сайын жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 20 мыңнан астам адам жарақат алады. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тек полицейлер жауапты деген түсініктен арылмай, бұл мәселемен күрестің жемісін көре алмаймыз. Сондықтан бірінші кезекте жауапкершілік өзімізде болуы тиіс.
Жол-көлік оқиғасы
42 пайызға артқан
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларының саны 42 пайызға, зардап шеккендер саны 52 пайызға артқан. Сонымен қатар өлім-жітім санының 2 пайызға төмендеуі байқалады. Жолдағы жағдайды жақсарту үшін ведомство автомектептерді лицензиялауды енгізу, заңсыз тасымалдаушыларға қатысты шараларды күшейту, сондай-ақ жол инфрақұрылымын дамытуды ұсынады. Атап айтқанда, төрт немесе одан да көп жолақты жолдар салу, жаяу жүргіншілер өткелдерін, тротуарлар және жарықтандыру қондырғылары санын көбейту, сондай-ақ бейнетіркеу жүйелері желісін кеңейту қажет.
Мемлекет басшысы да Жолдауда жол қауіпсіздігін азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін түйткілді мәселе деп атап көрсеткен болатын. Расында солай, әлеуметтік желіні аша қалсаң, бір ғана жол апатының кесірінен бірнеше адамның қаза тапқаны жөнінде мәліметтен көз сүрінеді. Сондықтан Президент Жолдауында туындаған міндеттерді жүзеге асыру ортақ міндет екенін түсінетін уақыт жетті.
Иә, елімізде Ішкі істер министрлігі қабылдап жатқан шараларға қарамастан, жол-көлік оқиғалары мен адам өлімі азаймай тұр. Көп нәрсе жол ережесін жиі бұзатын көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге, сондай-ақ жол инфрақұрылымының жағдайына байланысты. Жазатайым жағдайлардың басым бөлігінің алдын алуға болар еді. Мәселен, адамдар негізінен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымының, жарық пен тротуарлардың жоқтығынан ажал құшады. Сондықтан азаматтардан үнемі шағым түсетін жолдардың қауіпті учаскелеріне қатысты мәселелерді жедел шешу қажет. Өйткені заңнамалық қатаң шаралардың қабылданса да жыл сайын көлік жүргізу және жолды кесіп өту мәдениеті төмендеп барады. Жауапқа тартылған жүргізушілердің саны артқанымен жағдай түзелді деу қиын. Жолаушылар тасымалын бақылау бойынша да тиімді тетік жоқ. Кейбір өңірлерде жолға шыққан балаларды арнайы көлікпен алып жүру ережесі сақталмайды.
Бұл мәселе осыған дейін Үкімет отырысында да қаралған еді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов бірнеше бағыт бойынша бірқатар тапсырма берді. Жол инфрақұрылымын дамыту бойынша Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп автомобиль жолдарын салу, күрделі жөндеу және күтіп ұстау кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту тапсырылды. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, құрылыс және жөндеу жұмыстары барысында стандарттардың қатаң сақталуына бақылауды қамтамасыз ету қажет. Барлық қауіпті жол учаскелеріне тексеру жүргізіп, шаралар қолдану қажет. Сонымен қатар күрежолдардың маңында мал жаю мәселесі бойынша төрт түлік иелерімен түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз ету маңызды.
Қазір бірқатар автожолда мобилді байланыс нашар, соның салдарынан жол апаты кезінде зардап шеккендер көмек қызметтерін шақыра алмайды. Осы ретте Цифрландыру министрлігі жолдарды мобилді байланыспен қамту қарқынын жеделдету қажет.
Басым шаралар қатарында жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін камералар мен республикалық маңызы бар жолдарда аппараттық-бағдарламалық кешендер санын арттыру, пилотсыз ұшу аппараттарын белсенді пайдалану, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер тарапынан жол қауіпсіздігі ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату көрсетілген. Тіпті электр мопедтері мен самокаттарды пайдалану барысына бақылауды күшейту қажет. Бұған қатысты Ішкі істер министрлігі заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді жылдамдату қажет.
Иә, Президент заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету, құқық-бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік және жазаның бұлтартпас қағидатын сақтау міндетін қойды. Осы бағытта әсіресе жол апатының деңгейін төмендету бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Бұған қатысты Ішкі істер министрлігі тарапынан айтылған ұсыныстар орынды. Ал оны іске асыруға барлық мемлекеттік орган мен жалпы халық жұмылуы тиіс.
8 айда электрсамокат жүргізушілері
20 мыңнан астам ЖҚЕ бұзған
Ішкі істер министрлігі жол қауіпсіздік шараларын күшейтіп, полиция электрсамокаттарды бақылауына алады. Министрліктің мәліметінше, биыл елімізде электрсамокаттардың қатысуымен 213 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 224 адам зардап шекті. Самокатшылардың кінәсінен 42 апат болып, 52 адам жарақат алған. Оқиғаның 95 пайызы Алматыда орын алған.
Жол қозғалысы туралы заңға өзгерістер енгізілгеніне 2 жыл болды. Бірақ айтарлықтай ілгерілеу, яғни жол апаты азайды деу қиын. Тіпті жол ережесін бұзу күн сайын тіркелуде. Ал кикшерингілік компаниялардың қауіпсіздік бағытындағы жұмысы әлі де күткен нәтижеге жетпей отыр. Биыл 8 айда электрсамокат жүргізушілері 20 мыңнан астам жол ережесін бұзған. Оның ішінде 6 жағдай мас күйінде басқаруға жатады. 10 мыңға жуық айыппұл жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін салынған. Ондаған жағдай ата-аналардың балаларға самокатпен жолға шығуға рұқсат беруінен тіркеліп отыр. Самокаттардың қатысуымен жол ережесін бұзудың басым бөлігі, яғни 76 пайызы Алматыда болған. Шаһарда дәл осындай 8 айда 7 435 жағдай тіркелген.
3,7 млн жүргізушіге
айыппұл салынған
Иә, елімізде самокат жүргізушілері ғана емес, үлкен жолда жылдамдықты шамадан тыс асырып, қоғамға қауіп төндіретіндер азаймай тұр. Мәселен, жыл басынан бері жол-көлік оқиғалары 19 мыңға жетті. Жол апатынан 26 мың адам зардап шексе, 1200 адам көз жұмды. Оның 170-тен астамы – бала. Жол-көлік оқиғалары Абай облысында ғана азайғаны байқалады. Ал Ақтөбе, Атырау және өзіміздің Қызылорда облысында өскен. Мегаполистердегі жағдай да мәз емес. Мәселен, елдегі әр бесінші жол апаты Алматыда тіркеліп отыр. Жауапты министрлік енгізген цифрлық жүйелердің арқасында 3,7 млн жүргізушіге дер кезінде айыппұл салынған. Бұл былтырғыдан 7,5 пайыз артық.
Былтыр елімізде 32 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 41 мыңнан астам адам зардап шеккен. Сорақысы сол, 1 жылда 2,5 мың адам көлік апатынан көз жұмған. Статистикаға көз жүгіртсек, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Бұдан елімізде жыл сайын жол апаты көбейіп жатқанын байқауға болады.
Жалпы Қазақстанда ай сайын 150-ден астам адам жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмады екен. Адам шығынын қоса есептегенде ел экономикасына 1 трлн теңге шығын келуде. Бұл мәселеге қатысты депутаттар да дабыл қақты.
Халық қалаулыларының сөзінше, көбінесе жол апатынан таксидегі жолаушылар зардап шегетін көрінеді. Бұған себеп те жоқ емес, мәселен, оларды әзірге медициналық тексеруден және көліктік бақылаудан өткізу мүмкін болмай отыр. Демалыс режимінің сақталмауынан қайғылы жағдайлар орын алуда. «Қазір такси қызметі ыңғайлы және қолжетімді болғаны рас, бірақ өміріміздің қауіпсіздігі басты назарда болуы керек» дейді депутаттар.
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары елімізде көлік жүргізушілерге заңды әлі де қатайтып, бейнекамераларды көбейтуді ұсынды. Қазір заңға үлкен өзгеріс енгізілмегенімен, елімізде жол қауіпсіздігін бақылайтын камералар айтарлықтай артты. Бірақ одан жол апатының азайғанын байқамадық.
23 мың адам мас күйінде
көлік тізгіндеген
Мына қызықты қараңыз, бұрын жол апаты орын алса, көліктегі жолаушылар немесе жүргізуші медициналық көмекке жүгінбесе, бұл жағдай есепке алынбайтын. Былтырдан бастап кез келген жол-көлік оқиғасы тіркелетін болды. Құзырлы орган өкілдері жол апатының күрт өсуін сонымен байланыстырады.
Қазір мас күйінде көлік тізгіндейтіндер де азаймай отыр. Жол апатына негізгі себеп болатын бұл жағдайға алаңдамауға тағы болмайды. Мәселен, былтыр 23 мың адамның ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені анықталыпты.
Былтыр «Жол жүрісі туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, мопед механикалық көлік құралына теңестірілді. Мәселен, бұрын жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін мопед жүргізушілері Әкімшілік құқық-бұзушылық кодексінің 615-бабы бойынша 2 айлық есептік көрсеткіш айыппұлмен жол қозғалысына өзге де қатысушылар ретінде жауапкершілікке тартылатын. Биыл 5 сәуірден бастап мопед жүргізушісі механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне жүктелген жауапкершіліктің барлық спектрін көтеретін болды. Мәселен, бағдаршамның тыйым салу сигналына өткені үшін мопед жүргізушісіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Масаң күйде мопед жүргізетіндерге баса назар аударылды. Қазір мопедті алкогольдік масаң күйде басқарғандарға Әкімшішлік құқық-бұзушылық кодексінің 440-бабы бойынша қоғамдық орындарда масаң күйде жүргені үшін жауапты болады және 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу жазасы қолданылады.
Әкімшілік құқық-бұзушылық кодексінің 608-бабы бойынша нормалар қабылданғаннан кейін мопед жүргізушісі алкогольдік масаң күйде көлік құралын жүргізгені үшін жауапты болады және санкция 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуды және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруды көздейді. Сондай-ақ мопедті жүргізу үшін А, А1 немесе В санатымен жүргізуші куәлігі қажет. Автокөлікті тіркеу қағидаларына қажетті түзетулер енгізілді.
Профилактикалық шаралармен
4423 құқық-бұзушылық анықталған
Жалағашта аудандық полиция бөлімі қызметкерлері жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде уақытпен санаспай жұмыс жасауда. Биыл 8 айда ауданда орын алған жол-көлік оқиғасы 66,6 пайызға, оның ішінде жарақат алғандар саны 31,5 пайызға өссе, қаза болғандар 66,6 пайызға төмендеген. Тарқатып айтсақ, кент ішінде орын алған ЖКО 46,1 пайызға артып, 1 адам қаза тапқан. 15 адам жарақат алған. Аудан бойынша жаяу жүргіншілерді қағу дерегі 66,6 пайызға, оның ішінде жарақат алғандар саны 31,5 пайызға өссе, қаза болғандар 66,6 пайызға төмендеген. Ішкі жолдарда орын алған ЖКО 100 пайызға, оның ішінде қаза болғандар мен жарақат алғандар 100 пайызға өскен. Республикалық маңызы бар тасжолда жарақат алғандар да 100 пайызға өскен.
ЖКО-ның орын алған себеп-салдарын талдасақ, адам өлімімен ұштасқан 2 ЖКО да жүргізушілер көлікті басқару кезінде өздерінің төңкеріліп аударылу салдарынан болған, 8 дерегінде автокөліктер бір-біріне бетпе-бет соқтығысып, салдарынан 23 адам жарақат алған. 3 жаяу жүргіншіні автокөлік жүргізушілері жол бойында қаққан, 1 дерегінде жануарға соққан, 3 деректе автокөлік тайып, жолдан шыққан.
Аудандық полиция бөлімі қызметкерлері жол апатының алдын алу мақсатында жиі профилактикалық шаралар ұйымдастыруда. Осыған дейін жол және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз жол», «Абайлаңыз, балалар», «Құқық тәртіп», «Жаяу жүргінші», «Заңсыз тасмалдаушы», «Автобус», «Балабақша» атты іс-шаралар ұйымдастырды. Іс-шаралар барысы туралы аудан тұрғындары құлақтандырылды. Есепті мерзімде жоғарыда аталған іс-шараларды қосқанда жалпы 8 ай көлемінде бөлімнің қызметкерлерімен жол қауіпсіздігіне байланысты 4423 құқық-бұзушылық анықталып, хаттамалар рәсімделген, мас күйінде автокөлік жүргізген 14 азамат анықталып, автотұрақ аланына 217 автокөлік қойылды.
Түйін. Сөзіміздің басында айтқанымыздай, жол қауіпсіздігіне тек полиция қызметкерлері жауапты деу қате түсінік. Сондай-ақ жол апатының жиілеуін де тек олардың жұмысымен байланыстыру қисынсыз. Керісінше бірінше кезекте жауапкершілік әрбір адамның өзінде болуы керек. Бастысы, баратын жерімізге жылдам жетуді емес, аман жетуді ойлайық.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!