Бүгінде Б.Алтынбаев көшесіне асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Ал А.Ізтілеуова көшесіне тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, енді асфальт төсеу жұмыстары басталады. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов аталған көшелерге барып, жол құрылысымен танысты.
– Мемлекет басшысы ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға ерекше назар аударып отыр. Халық сапалы жолдың игілігін көруі қажет. Сондықтан әр жоба сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс, – деді Ардақ Ибраимов.
Аудан әкімі жол жөндеу сапасын жеке бақылауында ұстайтынын айтып, жауапты сала басшылары мен мердігер мекемеге нақты міндеттер жүктеді.
Айта кетейік, биыл Жалағашта жол құрылысы қарқын алып, елді мекендердің ішкі көшелері орташа және күрделі жөндеуден өтуде. Мәселен, биыл ауданның жол саласын дамытуға бюджеттен 1,7 млрд теңге қаралған. Тиісті қаражатқа 2,3 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар «Ақсу-Беркімбай кәлпе» автомобиль жолы, Жалағаш кенті және М.Шәменов, Қаракеткен, Далдабай, Аққыр, Еңбек сияқты елді мекендердегі 21 шақырымды құрайтын 38 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалар толығымен жүзеге асқан уақытта жақсы және қанағаттанарлық ішкі жолдардың үлесі 88 пайызды құрайды.
«Қызылорда-Жалағаш-Ақсу-Беркімбай кәлпе» автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 168,2 млн теңге қаралған. Ал Бұқарбай батыр ауылындағы 11 көшенің құрылысына 403,1 млн теңге бөлінген.
Биыл Жалағаш кентінде де жол құрылысы қарқын алды. Мәселен, аудан орталығындағы 11 көшенің күрделі жөндеу жұмыстарына бюджеттен қыруар қаражат қаралған болатын.
Мөрәлі Шәменов ауылындағы Жамбыл және Ердүзелова көшелерінің күрделі жөндеу жұмыстарына қазынадан 69 млн теңге бөлінген. Жоба құны 518,3 млн теңгені құрайтын Қаракеткен және Далдабай ауылдарындағы 16 көше де күрделі жөндеуден өтеді. Биыл бұл жұмыстарды бастау үшін 165,3 млн теңге қаралған. Мұнан бөлек жалпы құны 486,5 млн теңгені құрайтын шалғайдағы Аққыр елді мекеніндегі Ы.Ақмырзаев, Ш.Есов, М.Ахметов, Аққыр, Н.Тәспенов көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын бастау мақсатында облыстық бюджеттен 180,5 млн теңге қаралды. Бүгінде бөлінген қаржы шегінде ауылдағы бірнеше көшеге асфальт төселіп, жол жиегіне құмаралас тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Мұнан бөлек жол саласы бойынша барлығы 3,4 млрд теңгені құрайтын 13 жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім жолданған. Алдағы уақытта бюджеттің мүмкіндігіне қарай бұл жұмыстар кезең-кезңімен жүзеге аспақ.
Тарқатып айтсақ, олардың қатарында 86,5 млн теңгені құрайтын М.Шәменов ауылына кіреберістен сол және оң жақ көшелердің құрылыс жұмыстары бар. Сондай-ақ дәл осы елді мекендегі 167,1 млн теңгені құрайтын Тәшімбетов көшесінің құрылыс жұмыстары тағы бар.
Кент іргесіндегі Ақсу ауылындағы 3 көшенің құрылыс жұмыстарына қатысты жоба да дайын. Жалпы құны – 294,9 млн теңге. Дәл осы ауылдағы тағы 3 көшенің күрделі жөндеу жұмыстары 106,9 млн теңгені қажет етеді. Ал Аққұм елді мекенінің айналма жолын реконструкциялау жұмыстарына 196,5 млн теңге қажет. Мырзабай ахун ауылындағы К.Оспанов және Жаңақоныс көшелерін күрделі жөндеу жұмыстары да 591,9 млн теңгені қажет етеді. Қасындағы Мәдениет ауылының Жаңақоныс көшесін күрделі жөндеуге де 199,8 млн теңгенің жобасы әзірленген.
Дайын тұрған жобалар қатарында Жаңаталап ауылының 2 көшесі бар. Ішкі көшелерді күрделі жөндеуден өткізу үшін 128 млн теңге қажет. Ал шалғайдағы Есет батыр ауылының 4 көшесін күрделі жөндеуге 248,2 млн теңгені құрайтын жоба дайындалған. Қаржылай қолдау тапса, мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргенов атындағы ауылда 8 көше күрделі жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстарға 677,9 млн теңге қажет.
«Жаңақоныс-Таң» аудандық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстарына да арнайы жоба дайындалған. Жобаның жалпы құны – 287,6 млн теңге. Ал «Самара-Шымкент-Мәдениет-Т.Жүргенов-Жаңаталап-Аққыр» аудандық маңызы бар автомобиль жолындағы «Қорқытбай» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірін қайта жаңарту» жобасына 77 млн теңге қажет. «Самара-Шымкент-Таң» аудандық маңызы бар автомобиль жолындағы «Бозарық» каналының көпірін қайта жаңғырту» жобасы 350,6 млн теңгені құрайды. Бұл жобалар қаржылай қолдау тапса, келер жылы да Жалағашта жол құрылысы қарқын алмақ.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!