Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру бойынша жауапты сала басшыларына бірқатар міндет жүктелді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жариялады. Президент Жолдауы – мемлекеттің алдағы жоспарына, халқына және даму бағытына серпін беретін маңызды саяси құжат. Жолдауда цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау, өңдеу өнеркәсібінің жаңа инвестициялық кезеңі, ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, әлеуметтік салада тиімді шешімдер қабылдау, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы кеңінен қозғалды. Мемлекет басшысының бұл Жолдауы – еліміздің жаңа даму кезеңіне нық қадам басқанын көрсететін маңызды құжат. Осы ретте баршаңызды ел игілігі жолындағы жұмыстарға жұмыла кірісуге шақырамын. Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды орындауда әр сала басшысы бар күш-жігерін салуы қажет. Президент бастамаларын аудан көлемінде іске асыру жұмыстары жүйелі жалғасатын болады, – деді аудан басшысы.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов сөз сөйлеп, цифрландыру мен жасанды интеллектті ауыл шаруашылығына енгізу арқылы саланы жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бибіәсия Дүйсенбиева, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қайрат Жапбасбаев алдағы міндеттер мен салада атқарылатын жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Жиын соңында Жолдаудан туындайтын міндеттер бойынша жауапты сала басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!