Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты дәстүрлі Жолдауында саяси реформалар шеңберінде атқарылған жұмыстармен қатар, біраз мәселенің де барын жоққа шығармады. «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор» дей келе, бірақ біздің елде қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдалана алмай отырғанымызды жеткізді.
Бұл рас. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Президент айтпақшы, Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Ал осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Мемлекет басшысының «Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет» деуі де сондықтан.
Демек, бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет.
Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керектігі де назарға алынды. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі үшін қажетті жағдай жасалуы керек. Бұл да кешегі Жолдауда айтылған өзекті мәселелердің бірі.
Сонымен бірге алдағы жылдары болуы мүмкін су тапшылығын ерекше атап өтуге болады. Яғни, алдағы жылдарда елімізде су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.
Рас, Мемлекет басшысы айтқандай, су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты әрі табиғи құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Алайда «Мәселе мені қашан табады?» қолқусырып қарап отыруға да болмайды. Тірі адам тіршілігін жасауы керек, қармануы керек. Бұл да өмір сүрудің, табиғаттың заңдылығы дер едім. Бұл ретте елімізде жаңа министрліктердің құрылғаны белгілі. Олардың қатарында Су ресурстары және ирригация министрлігі де бар. Су тапшылығы күрделенген шақта бұл дұрыс қабылданған шешім деп есептеймін.
Әліби Бекжанов,
«Ер-Әлі» ЖШС төрағасы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!