Дүниеге дені сау ұрпақ әкелу – әрбір болашақ ата-ананың арманы. Отбасын құрудағы басты мақсатта осы. Бала – отбасының ізбасары болғандықтан оның өміріне жауапкершілікпен қараған жөн. Ол үшін ең алдымен ананың денсаулығы жақсы болуы тиіс. Бұл тұста ең дұрыс шешім – жоспарлы жүктілік.
Алайда, көбіне әйелдер жүкті екенін білген соң ғана медициналық тексеруден өте бастайды. Қазір экологиялық ахуалға байланысты әртүрлі сырқат түрлері көп. Қаназдық, бүйрек, жүрек жетіспеушілігі, жатырдағы инфекциялық аурулар, қан қысымы секілді ауруларға жеңіл қарауға болмайды.Себебі, бұл құрсаққа біткен бала денсаулығына әсер етеді. Сондықтан, жүктілікті жоспарлап, емделіп, алдын ала медициналық тексеруден өтіп, содан кейін сәбиін өмірге әкелуге дайындалған абзал.
Балалы болуды қалайтын әрбір әйел жалпы қан талдауын, қанның биохимиялық талдауын, жалпы несеп талдауын, сондай-ақ, жағынды және жыныс жұқпаларына қан талдауын тапсыру керек. Бұлардан табылған ауытқушылықтардың көбі құрсаққа зиянын тигізеді. Сондай-ақ, ерлі-зайыптыларға медициналық-генетикалық кеңес алу қажет. Терапевтке қаралған жөн, оның мақсаты созылмалы ауруларды анықтап, емдеу. Созылмалы ауру жүктілік барысын ауырлатуы мүмкін, сондықтан оларды анықтау және емдеу өте маңызды. Жүктілік анықталған соң 10 аптаға дейін ерте есепке тұру қажет. Бүгінде аудан бойынша 15389 әйел болса, оның ішінде бала тууды жоспарлаған – 6286. АИТВ инфекциясының елімізде жаңа тіркелген жағдайлардың көбеюіне байланысты аталмыш инфекцияның анадан балаға берілуін төмендету мақсатында жүкті әйелдерді және жолдасын тексеруден өткіземіз. Алайда ер азаматтардың осы инфекцияға ерікті түрде тексерілуі қиындық туғызады.
Әйелге уақытылы гинекологқа қаралу ұсынылады. Жалпы қаралу, УДЗ, гормондық профильді анықтау және функционалды диагностиканың кейбір тестілері әйелдің репродуктивті жүйесін бағалауға, бала көтеру проблемаларына әкелетін патологияларға қажет болғанда коррекция жүргізуге мүмкіндік береді. Созылмалы, уақытылы анықталмаған және емделмеген вирусты немесе бактериялық жұқпа жүкті болмаудың негізгі факторларының бірі болуы мүмкін. Жұқпа процесі құрсаққа тікелей әсер етпесе де, эмбрионның дамуына кесірін тигізеді, тіпті оның өліміне себепші болады. Созылмалы эндометрит, эндокринді және аутоиммунды бұзылуларға әкеледі. Бұл талдауларға бағыттау қағазын гинеколог немесе терапевт береді. Болашақ анаға қызылшаға тұрақтылығын тексеру қажет, егер ол қажетті деңгейде болмаса, жүктілікті жоспарлағанға дейін шамамен 3 ай бұрын екпе жасауы керек. Жоспарланған жүктілік алдында зиянды әдеттерден аулақ болып, мейлінше құнарлы тағамдармен тамақтанған жөн.
Ана болу үшін, болашақ ананың психологиялық дайындығы да маңызды рөл атқарады. Жүктілік кезінде гармондардың ауытқушылығынан жүкті әйелдің мінезінде құбылмалы өзгерістер пайда болады. Бұған дейін жақсы көретін тамағын мүлдем ұнатпай қалуы мүмкін. Жүйкесі шаршаңқы болып, көңіл-күйі жиі бұзылып жүруі фактілер тіркеледі. Мұның барлығында да болашақ ананың жары мықты, түсінуге тырысуы маңызды. Ең бастысы бұл уақытша, өтпелі кезең екенін болашақ ана да, әке де толық қанды сезінуі керек.
Жоспарланбаған жүктілік салдарынан денсаулығы нашар, немесе денсаулығында қандай да бір кінәрат бар сәбилер дүниеге келуі мүмкін. Сондықтан жоспарлы жүктілік, дені сау ананың, дені сау баланың ең басты кепілі екенін естен шығармаған жөн.
Жалағаш аудандық аурухананың акушеркасы
Мығымбаева Салтанат Батырханқызы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!