Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйекте жасаған Жолдауында еліміз үшін еңбек адамының орны айрықша екенін атап өтті. Президент өткен жылы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасына қайта оралып, оның мән-маңызын нақтылай түсті. Осы мақсатта өңірдегі оқу орындарында жасалып жатқан жұмыстар оң нәтижесін беруде. Аймақтың басты ақпарат алаңында И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Мағрипа Айтенова мен Халықаралық «Orda» жоғары колледжі директорының кәсіптік оқыту жөніндегі орынбасары Айнұр Бекенова жұмысшы мамандар дайындау бағытындағы бірқатар жұмыстарды баяндап берді.
- «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында біршама жұмыстар атқарылды. Ұлттық статистика бюросының мәлімдемесі бойынша елімізде белгілі 10 сала бойынша еңбекке қабілетті 9,6 млн адам жұмыс жасаса сол салалардың 8-не И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінде мамандар даярланады. Атап айтқанда: Көлік және байланыс, Құрылыс, Ауыл шаруашылығы және орман, Тау кен саласы, Энергетика және коммуналдық қызметтер, Өндіріс және механика, Аграрлық сала. «Жұмысшы мамандықтары жылы» бастамасы жастарды осы салаларға тартуға бағытталған. Бүгінгі таңда жастар техникалық және өндірістік мамандықтарға қызығушылық танытпай, кеңсе жұмысын жиі таңдайды. Жастарды осы салаға тарту үшін оларға жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы мен артықшылықтарын түсіндіру, сондай-ақ осы мамандықтарға бағытталған білім беру бағдарламаларын жаңарту қажет. Бұл бағытта ен алдымен колледжде кәсіптік бағдар жақсы орынға қойылған,- деді Мағрипа Махмудқызы.
- Биыл “Орда” колледжі халықаралық статусқа ие болып, алыс-жақын шет елдердегі жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты нығайтты. Халықаралық конференциялар өткізілді, ал жуырда ғана колледж басшысы Сеул қаласында болып, жұмысшы мамандықтарын ілгерілетуге бағытталған бірқатар жобаларға қол қойып келді. Алдағы жоспарлар ауқымды. Жаңа оқу жылында колледж қабырғасында жұмысшы мамандықтарын дамытуға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылмақ. Оның ішінде тәжірибелік сабақтарды күшейту, шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыру және студенттердің кәсіби шеберлігін шыңдайтын байқаулар өткізу көзделіп отыр. Биылғы оқу жылында студенттерге берілетін мүмкіндіктер көбейеді. Біз тек теориямен шектелмей, өндірістік тәжірибеге ерекше мән береміз. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған бастамаларымыз жүйелі түрде жалғаса береді, – деді Айнұр Ерталапқызы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!