Мемлекет басшысы су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан ел азаматтарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп жазады Egemen.kz.
Президент, ең алдымен, бұл бұрын ешқашан болмаған ең жойқын табиғи апат екенін атап өтті. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Жалпы, ел көлемінде 19 мыңнан астам тұрғын үйді су басты.
– Сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытты. Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Біртұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеді. Олар Отан алдындағы парызын мінсіз атқарды. Бір сөзбен, антқа адал болды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев топан сумен күреске күштік құрылымдардың 63 мыңнан астам қызметкері атсалысқанына назар аударды. Құтқару операциясы барысында 120 мыңнан астам адам, оның ішінде 40 мың бала қауіпсіз жерге көшірілді.
– Бұл – құтқарушылар мен ұшқыштардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әбіш Кекілбаев «Елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы – өз халқының тағдырынан тыс қалу» деп айтқан. Ұлттық еріктілер желісі табиғи апат болған сәттен бастап ерекше белсенді болды. 50 мыңнан астам волонтер көмек керуендерін ұйымдастырды. Олар апат аймақтарына азық-түлік және басқа да қажетті заттарды жеткізуге атсалысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы ортақ іске мол септігін тигізді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Кентау қаласында тұратын Гауһар Шаймерден есімді оқушы қыздың ата-анасына отаншыл ұрпақ өсіріп жатқаны үшін алғыс айтты. Ол өзі жинап жүрген қаржысын Құлсары қаласының тұрғындарына аударған. Сонымен қатар Атырау облысының тұрғындары – тоқсаннан асқан Орынша Тоқтыбаққызы мен Әлия Досмұханованың ерен еңбегін ерекше атап өтті. Бұдан бөлек, Президент көмек бергені үшін бауырлас мемлекеттерге, халықаралық компаниялар мен ұйымдарға ризашылығын білдірді.
– Нағыз достық қиындықта сыналады деп тектен-тек айтпайды. Кейбір шетелдік азаматтар зардап шеккен адамдарға жәрдемдесу үшін арнайы келді. Осы сәтті пайдаланып, қиын-қыстау шақта қолдау білдіргені үшін шетелдік серіктестерімізге және достарымызға шын жүректен ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, су тасқыны кезінде халқымыз бірлігі бекем, ынтымағы берік ел екенін көрсетті.
– Алапат су тасқындап келіп қалғанда, отандастарымыз табиғат апатымен күресіп жатқан құтқарушыларға көмек қолын созды. Олар су басқан аймақтарда жауапты қызмет мекемелеріне жәрдемдесіп, жанқиярлықпен әрекет етті әрі батылдық танытты. Көбі адамдар мен жануарларды өз көліктерімен қауіпсіз жерге алып шықты. Мыңдаған жанашыр азамат тасқын судан қорғайтын бөген салуға қатысты. Ортақ күш-жігердің арқасында біз жағдайдың ушығып кетуіне жол бермедік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өздерін нағыз отаншыл әрі жауапты азамат ретінде көрсеткен еріктілердің еңбегін жоғары бағалап, оларды қазіргі заманның батырлары деп атады.
– Мен еріктілер қозғалысының дамуына айрықша мән беремін. Өздеріңізге мәлім, 2020 жылды Волонтер жылы деп жарияладым. Осы уақыт ішінде еліміздегі волонтерлік қызмет мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Еріктілердің күш-жігерінің арқасында маңызды бастамалар мен жобалар жүзеге асты. Ең бастысы, біз адамдардың мемлекет пен қоғам өміріне араласуға, адами құндылықтар мен қасиеттерге сай болуға деген ниетін ояттық. Еліміздегі жан-жақты жаңғырулардың қозғаушы күші – адам. Қолға алынған ауқымды реформалар табысты жүзеге асу үшін еліміздің барша азаматы күш біріктіруі қажет екеніне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент баспанасыз қалған адамдарға «Қазақстан халқына» қорынан тұрғын үй салуға қаражат бөлінгенін айтты. Жалпы, 2200-ден астам үй салынады. Сондай-ақ 10 мыңға жуық баспана күрделі жөндеуден өтеді.
– Тасқынның зардабын жоюға бірқатар кәсіпкеріміз қомақты қаражат бөлді. Олар әрдайым туған елімен бірге екенін нақты іспен дәлелдеді. Ұлт мүддесіне сай жауапкершілігі мол кәсіпкерлік дегеніміз – осы. Әрине, қалыс қалған кәсіпкерлер де аз емес, олардың кім екенін де жақсы білеміз. Біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Әркім өз таңдауын жасады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте Қазақстан журналисіне жасалған қастандық әрекетке қатысты пікір білдірді.
– Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, апат салдарын жоюға атсалысқан әр азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.
– Баршаңызға мәлім, қазір «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Бұл – өте маңызды әлеуметтік, тіпті саяси жоба. Оның түпкі мәні – ұлтты ортақ іске ұйыстырып, елімізді көркейте түсу, халқымыздың жаңа экологиялық сана-сезімін дамыту. Бұған, ең алдымен, өздеріңіз сияқты адал азаматтар ұйытқы болады. Ел мүддесі үшін жасалған еңбек пен ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан бүгінгі марапатты халықтың сіздерге деген зор алғысы деп қабылдаған жөн, – деді Президент.
Марапаттау рәсімінде «Зағиптар арманы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің іс жүргізушісі Әлия Досмұханова, «Основание» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің экскаваторшысы Владимир Царик және «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақтөбе филиалының су беруді реттеушісі Шыңғыстау Әбдиев сөз сөйледі.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы шараларға белсене атсалысқан бір топ құтқарушыны, волонтерлер мен қоғам белсенділерін, әскери қызметшілер мен дәрігерлерді, қарапайым жұмысшыларды, сондай-ақ кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдерін марапаттады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!