Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 21:27

Жалағаш: Аламесекте жаңа амбулатория ашылды

26.12.2023

566

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, Аламесек ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты. Кейінгі күндері аймақтың ауылдарында бой көтерген медициналық нысандар қызметін бастауда. Жаңа амбулаториялардың ашылуы жұртшылықтың мерекелік көңіл-күйімен астасып, ауылдағы ағайынның қуанышы еселенді.

Бүгінгі рәсімде тұрғындарды Жаңа жыл мерекесімен және жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған аймақ басшысы халық денсаулығын нығайтудағы жаңашылдықтарға, бастамаларға тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасының әлеуметтік мәні зор. Біз ауыл тұрғындарын 100 пайызын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз ету туралы айтып отырмыз. Бұл – мемлекет ретінде біздің міндетіміз» деп ұлттық жобаның маңызын атап өткен болатын.

Қазір медициналық қызметтің қолжетімділігін, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту арқылы саладағы реформалар алға жылжып келеді. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынуда. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілуде. Бүгінге дейін 6 дәрігерлік амбулаторияны аштық. Ауылдардағы жаңа ғимараттар тұрғындар саулығын жақсартуға қызмет етсін!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рәсімде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық құрылтай мүшесі Қылышбай Бисенов жерлестерін құттықтап, Аламесек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіқайыр Әйтімов бата берді. Сондай-ақ, мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтарына марапат тапсырылды.

Айта кетейік, Аламесек ауылдық округінен ашылған жаңа амбулаторияның лабораториялық құрал-жабдықтарымен көршілес Жанадария және Еңбек ауылы тұрғындарына да медициналық қызмет көрсетіледі. Құрылысты салған «Асар» ЖШС ғимараттың келушілерге жайлы болуына баса мән берген. Онда тіркеу орны, қабылдау, дәріхана, оқшаулау, физотерапиялық емдеу, егу бөлмелері, лаборатория, архив, күндізгі емдеу стационары, жалпы тәжірибелік дәрігердің кабинеті бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасалған.

Биыл облыс бюджеті 57 пайызға өсіп, 609 млрд. теңгеге жетті. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Оның ішінде медицина саласына 138 млрд. 600 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Қызылорда қаласында 36 млрд. 400 млн. теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын Қан орталығы жақын күндері пайдалануға беріледі. Оған қоса 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда.

Жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық, қалаға қарасты Досан елді мекенінде медициналық бекет, Жаңақорғандағы көпбейінді аудандық аурухана базасында балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ.

414460372_665126522475262_9128991253595662592_n.jpg
414477300_665126432475271_2091774217345008221_n.jpg
414483867_665126755808572_8926972337551330020_n.jpg
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: