Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

23°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 18:14

Мәдениеттіктердің мәселесі шешімін табады

23.11.2022

193

0

Сәрсенбінің сәтті күні түстен кейін аудан әкімінің жұмыс сапары Мәдениет ауылында жалғасты. Мұнда да ауылдық клуб жергілікті тұрғындарға толы. Олай болатын реті де. Ауылда аудан басшысы Асқарбек Есжанов елді мекен халқымен кездесіп, атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы мақсат-міндеттерге кезек берді. Бір сәт елдің талап-тілегіне де құлақ түрді.

Мәдениет бұрын ат ізін салмаған ауылымыз емес. Аудан басшыларының есепті кездесулерінде талай болдық. Сонда ауданға қарасты 14 ауылдық округтің ішінен әсіресе Мәдениетте көп мәселе айтылатын. Бұл жолы бұлай болмады. Ардагерлер жарық, аяқ су секілді біршама мәселені сөзіне арқау етті. Асқарбек Темірбекұлының жауабынан кездесуде көтерілген мәселелердің алдағы жылы шешімі табылатынын аңғардық.

Иә, Мәдениетте алдағы жылы біршама жоба жүзеге асады. Жаңағы жиында халық көтерген аяқ су мәселесіне жұмыс жасалады, бұл бір. Мұнан бөлек ауылдағы ауыз жүйесі кеңейтіледі. Ал халық айтқан көшелердің жарық мәселесі де 2023 жылы шешімін табады. Тіпті Асекең келер жыллға ауыл әкіміне халықпен ақылдасып, жарық жүргізуге ең үлкен көшелеріңізді ұсыныңыздар дейді. Алдағы жылы ауылдағы 3 көшенің сапасына қатысты сметалық құжаттың әзірленетіні де мұндағы елдің еңсесін бір көтерді. Ал жарық, аяқ су, жол, жалпы тоқсан сайын халық көтерген мәселелер шешімін тауып жатса, ел де риза ғой. Бүгін мәдениеттіктердің аудан әкіміне алғыс айтып, жұмысына жоғары баға бергені де сондықтан.

Ауыл – қазақтың атақонысы, тіпті алтын бесігі десе де болады. Ауылдың гүлденуі, ауыл халқының тұрмысы, әлеуметтік жағдайының жақсаруы ауданның, аймақтың, тіпті ел экономикасының артуына алып келері сөзсіз. Сол үшін мемлекет ауылдардың әлеуетін арттыруға бар күшін салуда. Қазынадан ауылды дамытуға жыл сайын қаржы бөлініп және сол қаржының толық игерілуі нәтижесінде ауылдардың тұрмысы түзеліп келеді.

Біздің ауданға қарасты бірнеше елді мекен тіректі ауыл мәртебесіне ие болды. Бұл ауылдар қазір сол мәртебесіне сай дамып келе жатыр. Сондай елді мекеннің бірі – Мәдениет ауылдық округі.

Аталған ауылдың қазіргі келбеті келісті, экономикалық әлеуеті де қуатты. Жер көлемі мен халық саны жағынан да алда тұр. Мұнда дәл қазіргі уақытта 400-ге жуық отбасы бар, екі мыңнан астам жан есепте тұрады.

Статистикалық нақтылықпен сөйлесек, бұл ауылда екі жүз елуден астам зейнеткер, алпыс екі мүмкіндігі шектеулі азамат, 1 429 жас аралығында 522 жас буын бар. Үш жүзге жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отырса, жеті жүзге жуық адам жұмыс істейді, мың үш жүзге жуық экономикалық белсенді халық бар екен.

Біз бұл сандық көрсеткіштерді ауылдағы жұмыссыздық мөлшерінің төмен екенін меңзеу үшін жазып отырмыз. Тұрғындар ауыл шаруашылығына бейімделген. Мәдениеттіктердің қамбасын толтырып, ырысын еселеп отырған негізгі күнкөріс көзі – егістік. Оған өз кезегінде тоқталамыз. Алдымен тіректі ауылдағы абаттандыру жұмыстарының барысын баяндайық.

Бұған дейін де айтқанымыздай, Мәдениет бүгінде көрікті ауылға айналған. Көшелері түгелге жуық асфальтталып, жарықтандырылды. Атап айтсақ, былтырдың өзінде ауылдағы 10 көшенің 8-і асфальтталған. Осыдан отыз жыл бұрын тас та жайылмаған шаңдақ көшелермен жүрген аға буын өкілдерінің көзқарасымен қарасаңыз, қазір тіректі ауылдардың өзі кент мәртебесіне жетіп қалғанын аңғарасыз.

Ауылдағы көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары да ауыл әкімінің назарынан тыс қалмайды екен. Жаз айларында көшерлердегі жасыл желек пен саябақтарға ерекше күтім болады. Ауылға көрік беріп, тұрғындарға саясын түсіріп жайқалып тұрған ағаштардың уақытылы түптері әктеліп, артық бұтақтарының кесілетіні көрініп тұр.

– Барлығымыз да ауылда өсіп-өніп, түледік. Сондықтан туған жерге қызмет жасау – баршамыздың перзенттік парызымыз. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді қазақ. Қай істі де елмен, ақсақалдармен, жөн-жобаны білетін азаматтармен кеңесіп, келісіп жасап отырамыз. Ауылымызда көптеген жүйелі жұмыстар, игілікті істер атқарылып, жарқын жобалар жүзеге асырылып жатыр. Егін, мал шаруашылығынан бөлек, ауылда кәсіпкерлік саласы да кең қанат жайып келеді. Кәсіп істеп, шаруамды түзетемін және ауылымның дамуына үлес қосамын деген ынталы азаматтар көп. Олардың мемлекеттік гранттарға ұсынған жобасына және кәсіпкерлік мақсатында дайындайтын несие құжаттарын рәсімдеуге мейілінше көмек береміз, – дейді Мәдениет ауылдық округінің әкімі Адай Мұстафаев.

Расында сол ынталы топтың кәсіпкерлік бағытындағы жүйелі жұмыстарының нәтижесінде ауылда тек егін шаруашылығы ғана емес, мал шаруашылығы да өркен жайып келеді екен. Мәдениеттіктер қазірде 2 500-ге жуық мүйізді ірі қара, 2 500-ден аса уақ мал, 600-ден астам жылқы және 400 бас құс өсіріп отыр.

Ауылдың тіршілігі төрт түлікке тәуелді. Жайылымы болса, екі жарым мың бас сиыр, екі жарым мың бас қой, мыңға жуық жылқысы бар ауылдың халқы үшін аз тұяқ емес. Оны өсіріп, басын көбейтудің өзі үлкен еңбекті қажет етеді.

Ауыл экономикасының негізгі тірегі – егін шаруашылығы. Соның ішінде күріш егумен айналысатын бұл ауылда бүгінде бірнеше шаруа қожалық бар. Мәдениет ауылының жалпы жер көлемі – 11 718 гектар. Оның ішінде шабындық жер көлемі – 279 гектар, ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 7 850 гектар, соның ішінде егістік жер көлемі – 4 275 гектар, жайылымдық жер көлемі – 1 397 гектарды құрайды. Ауыл тұрғындары кәсіпкерлікті қолдауға арналған қаржылай қолдауды тиімді пайдаланып отыр. Мәселен, былтыр Мәдениет ауылдық округі бойынша 116 жеке кәсіпкер, 5 күріш ақтайтын диірмен, 11 жеке кәсіпкердің сауда дүкені, 1 қоғамдық монша, 2 автокөлік жуу орталығы тұрғындарға қызмет көрсетті. Былтыр «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» арқылы Шамшат Келдіғұлов «Ауыл» несие серіктестігінен 23 млн теңге, Нұрлыбек Қалдыбеков «Қолдау» қорынан 2,1 млн теңге және Руслан Қожахметов «Қолдау» қоры арқылы 3,7 млн теңге несие алып, мал өсіру бағытында жұмыс бастаған. Сонымен бірге қайтарымсыз грант жеңіп алған ауыл тұрғындары да мал шаруашылығын дамытуға ынталы екен. Атап айтсақ, Айгерім Балғабаева, Бақытбек Ұзақбаев, Төлеген Қасымов, Айгерім Қуаныш, Заманбек Әбілхан және Андрей Асхат секілді азаматтардың әрқайсы мемлекеттің қайтарымсыз қаржысына қол жеткізіп, зеңгібаба түлігінің санын көбейтуге жұмыс істеп жатқандары қуантады. Сондай-ақ «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 20172021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында ауылдық округ бойынша 2018 жылы 11 жеке кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалар арқылы 27,1 млн теңге несие алып, кәсібін жүргізіп жатқанын да айта кетуіміз керек. «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» Микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы Телжан Алғадай жылқы өсіру мақсатында 2,5 млн теңге, Абай Мұстафаев мал шаруашылығын дамыту мақсатында 9,8 млн теңге, Ысқақ Қалқаманов жылқы өсіру мақсатында 1,5 млн теңге, Сейфулла Балмырзаев сүт бағытындағы сиыр өсіру мақсатында 2 млн теңге қаржы алып, кәсібін кеңейтуде. Ал Ерхан Лаубаев «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы ірі қара малын бордақылау мақсатында 1 млн теңге, Света Алшоразова жылқы өсіру мақсатында 1,5 млн теңге несие алыпты. Төлеген Торғаев «Ауыл» несие серіктестігі арқылы мал бордақылау мақсатында 2,5 млн теңге, Смағұл Бисенбаев ауыл шаруашылығы техникасын алуға 4 млн теңге, Қазбек Тайбағаров егін шаруашылығын дамытуға 3 млн теңге несие алып, кәсіптерін дөңгелентіп отырса, жеке кәсіпкер Телжан Алғадай 540 мың теңгенің қайтарымсыз грантын иеленіп, құс өсіруді бастаған. Сол секілді Жақсылық Ақерке терезеге тұтатын перде, шілтерлер (жалюз) жасау мақсатында 300 мың теңге қаржы алып, ауылдағы үйлердің сәнін кіргізуге кіріскен. Ал осы жобалардың ішіндегі бізді қызықтырғаны – мемлекеттің 240 мың теңге қайтарымсыз несиесіне ие болған ауыл тұрғыны Бота Бақбергенованың балаларға арналған шағын театр ашу жұмыстары. Расында бұл тың жоба уақытында ауылдың мәдени-рухани өміріне серпіліс алып келетін жаңаша бастама болды.

Ауыл халқы қаладағы базардың етіне, сүтіне, жұмыртқасына, бау-бақша өнімдеріне тәуелді болмауы керек. Мәдениет ауылындағы кәсіп иелері керісінше, келешекте қала халқын ауылға әкеліп, өнімдеріне деген сұранысын арттырғалы отыр. «Батыр болсаң, жауға найзаң тисін, бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген аталы сөз бар. Ауылдағы кәсіпкерлер қайырымдылық шараларынан тыс қалмайды. Игілікті істердің басы-қасынан табылатын шаруашылық басшылары іс-шараларда, мерекелерде ауыл қарттарына сый-сыяпат жасайды. Одан бөлек, мұқтаж жандарға, тұрмысы төмен отбасыларға да көмек қолын созып отыратыны өзгелерге үлгі. Мәдениеттен бой көтерген заманауи жаңа әлеуметтік нысандар да ауылдың ажарын аша түскен. Аталған ауылдың тіректі елді мекен болып бекітілуіне байланысты облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, жаңа үлгідегі 90 орындық балабақша мен 150 орындық клуб және спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Жаңа нысандар тек ауыл мәдениеті мен спортына серпін беріп қана қойған жоқ, сонымен бірге ауылдағы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне де оң әсерін тигізді. Мәселен, жаңадан ашылған спорт кешеніне 12 штат бірлігі беріліп, 12 ауыл тұрғыны жұмысқа орналасқан. Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі елдің тірегі. Ендеше, екіқабатты балабақша да тек бала тәрбиесімен ғана айналысып отырған жоқ, ондағы тәрбиешілер ауыл келешегін қалыптастыру жолында ерен еңбек етіп жатыр деуге болады. Екіқабатты ауылдық клуб та ауыл халқының рухани қажеттілігін толық өтеп отыр. Зәулім ғимаратта өтетін түрлі мәдени шаралардың ауыл тұрғындары үшін маңызы зор. Сонымен бірге мәдениет ошағында орналасқан кітапхана да оқырмандарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Ал он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ауыл орталығындағы №14 балалар жасөспірімдер спорт мектебі орналасқан жаңа спорт кешенінде қазірде 90 бала спортпен шұғылданады. Кәсіби жаттықтырушылар қазақ күресі, дзюдо, бокс түрлерінен балаларды спортқа баулуда. Аталған спорт мектебінде тәрбиеленіп жатқан түлектер жоғары дәрежедегі республикалық жарыстардан, Азия біріншілігінен, Азия чемпионатынан және Әлем чемпионатынан жүлделі оралып жүр. Келешек елімізді әлемге танытатын Олимпиада чемпиондары осы ауылдан шығатынына біздің шүбәміз жоқ.

ХХІ ғасыр – білім мен ғылымның ғасыры. Адамзат технокартиялық қоғам құрып, ғарышты бағындыра бастаған кезеңде біздің еліміз де өркениет көшінен қалыс қалмауы керек. Білімге әуес, ғылымға құмар жаңа буын ұрпақ өсіп келеді. Алайда, оларға бағыт көрсетпесе, келешегі бұлыңғыр болады. Бүгінгі жас ұрпақтың келешектегі бағыт-бағдары орта мектептен айқындалады. Мәдениет ауылындағы №32 мектеп-лицейде 400-ге жуық оқушы білім алады және мектептегі мұғалімнің барлығы – тәжірибелі кәсіби мамандар. Оның ішінде 13 жоғары санатты, 26 бірінші санатты, 20 екінші санатты ұстаз бар екен. Жыл өткен сайын білім сапасына қойылатын талап та жоғарылап келеді. Бағдарламалар да заманға сай күрделене түсті. Ал бұл орайда аталған салаға жауапты министрлік орта білім беру ошақтарына, соның ішінде ауыл мектептеріне жаңашыл жас мұғалімдерді мейілінше көптеп тартуды мақсат етіп отыр. Оған мемлекет арнайы бағдарлама да шығарды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес, былтыр 2 жас маман білім саласы бойынша 7 млн 400 мың теңге көлемінде несие алып, ауылдағы №32 мектеп-лицейге мұғалім болып орналасқаны аталған бағдарламаның нәтижесі. Ауылда бюджеттік мекемелер мен пошта байланысы, ветеринария бөлімшесі және полиция тірек пунктінен бөлек, ауыл тұрғындарын имандылыққа шақырып, жастардың кеудесіне адамдық сәулесін түсіріп отырған Дәулетназар ахун атында мешіт бар. Одан бөлек ауылда тентек-телісін тиып, жас буынға өзінің көзімен сес, сөзімен өнеге болып отырған ақсақалдар мен алдындағы көнекөздердің ізін басып, ісін жалғастырып келе жатқан есті ел ағалары бар.

Су – тіршіліктің көзі. «Судың да сұрауы бар» деп кетіпті бұрынғылар. Әсіресе, адам өмірі үшін таза ауыз судың қажеттілігі мен маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Сондықтан мемлекет бірнеше жыл бұрын арнайы бағдарлама жасап, сол бойынша барлық ауылдар мен елді мекендердің тұтынып отырған ауыз суының сапасын жақсартуды қолға алды. Ауыз су жүйесін жаңарту, жаңғырту жобасы біздің ауданымызда толығымен жүзеге асып, жүргізілген жұмыстар аяқталды. Мәдениет ауылдық округі бойынша ауыз су жүйесіне 2012 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының (90 пайыз) ауласына ауыз су жеткізіліп, үйлеріне де кіргізіп алған. Енді ауылда ауыз су жүйесін кеңейту жұмыстары жүруде.

Асқарбек Есжанов кешегі кездесуде де мейлінше елді мекендердің еңсесін тіктеуге жұмыс жасайтынын, қашанда халықтың-талап-тілегі қаперде болатынын жеткізді. Халық та риза, әкімге оң бағасын беріп, ақсақалдар жағы батасымен шығарып салды. 

Қуат АХЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: