Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Жұма, 22 қараша, 18:35

Ұлт үшін – мұрағат, ұрпақ үшін – ұлағат

02.09.2022

383

0

Жарықтық бұрынғының адамдарының әңгімесі керемет қой. Қазіргідей ғаламтор, теледидар жоқ, бар болса да, некен-саяқ. Тек ол уақытта ата-аналарымыз күйтабақтан термелерді, қазақша әндерді көп тыңдататын. Содан да болар, көп термелер мен қазақша әндердің мәтіндері санамызда жатталып қалатыны. Радиоқабылдағыштан да Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Жамал Омарова, Нұрғали Нүсіпжановтың сызылтып қазақи нақыштағы салған әндері шырқалып, бойға әдемі сезім таратып, шабытыңды оятатын.

Біздің үйіміз ауылдың шетінде болға­нымен қонақтан арылмайтын. Сон­дай күндердің бірінде үйге елге танымал бір сыйлы кісінің келетінін естідік, Ал ата-анамыз қонақ күту рәсіміне дайындалып, жан-жақтан бірталай үлкен кісілер жиналып та қалды. Көп ұзамай күткен қонағымыз да келді. Жүзі жылы, өзі мейірімді, орта бойлы, атжақты кісі екен.
Ауылдағы үлкендер жағынан «Бұл кісі аты республикаға танылған радио­жур­налист Ахат Жанаев деген кісі болады. Ел аралап, көнеден қалған әңгімелер мен аңыздарды жинақтап, танылмаған та­­ланттарды елге таныстыру мақса­тын­да еліміздің түкпір-түкпіріне сапар­лайды. Бүгін ардагер-ұстаз, ақын, соғыс ардагері Асқар Қожахметов ағамыздың шаңырағына келіп, осы кісінің соғыс ке­зінде жазған құнды өлеңдері мен шы­ғар­маларымен танысып, зұлмат жыл­дары майданда басынан өткен оқиға­лары жай­лы дерек жинауға келіпті» деп бір тоқ­тады ақсақал.
Дастархан жайылып, қонақтың сый­лы сыбағасы тартылғанша Ахат аға­мыз шежірелі әңгімесін бастады. «Иә, ел ішін­де көп жүрген соң көшелі, ғибратты әңгімелерге құлақ түріп жүреміз. Бұқар­бай батыр күллі қазаққа ортақ тұлға ғой. Дегенмен ру жағынан келгенде біздің өз бабамыз болады.

Сол бабамыз туралы тебіренбей сөз қозғау мүмкін емес. Ендеше баба ұла­ғатынан тарқатсам, сіздерді жалық­тыр­маймын деп ойлаймын.
Өз өмірінде мың өліп, мың тірілген қазақ халқының орыс патшалығы тұсын­да көрген қуғын-сүргіні де аз болмаған ғой. Әлгілер әскери бекіністер тұрғызып, малдың өрісін тарылта түскен. Қарсы тұрғандарын қанға бояп, мал-мүлкін тонап, әкетіп отырған. Мұндайда Бұқар­бай сынды батырлар қалайша қол қу­сырып қарап отырсын. Қол жинап, атқа қонған жазалаушы отрядтардың бір­нешеуін жойып, тірі қалғандарын тұт­қын­да ұстаған. Әлгілерді босату кезінде Орынбор губернаторынан бірнеше­ өтініш түскен.
Жалпы орыс әскери басшылары кіші жүз қазақтарының Кенесары хан жа­сағына қосылмауын, өздерін бейтарап ұс­тауын талап еткен. Арнайы елші жі­беріп, келісімге келуді көздеген. «Бізге қояр қандай талабыңыз бар?» дегенге батыр бабамыз жолма-жол аударып отыр­­ған татар жігітіне Қаз дауысты Қазы­бек бидің Қалмақ қонтайшысына айтқан мына бір отты сөздерін қайталаса керек.
– Біз, қазақ, мал баққан, бірақ еш­кімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елі­мізден құт-береке қашпасын деп, жері­міздің шетін жау аяғы баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған, басымыздан сөз асырмаған елміз. Достығымызды сақтай білген, дәм-тұзды ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, ақ ордасын таптай білген елміз.
– Ал Кенесары ханның туы ас­тын­да соғысу, соғыспау біздің өз енші­міз­дегі дүние. Оған өзге жандардың ара­ласуына немесе төрелік айтуына жол бермейміз. Басшыларыңызға осыны ай­тып барғайсыздар. Ал қоқандықтарға қар­сы күш біріктірейік десеңіздер, онда әңгіме басқаша. Бұл ұсыныстарыңызды қабылдауға болатын шығар. Қайткенде де кесімді жауабыңызды кейінірек қай­та­ратын боламыз, – дегенді айтып Бұқарбай батыр губернатордың алдын­да да сөзден тосылмаған екен.
«Бабамыздың туы мен мөрі туралы бір әңгіме айтайын, содан соң қонақ кәдені тарта беріңіздер» деді ардагер-журна­лист езу тартып.
Тағы да жиылғандар елең етіп, шежірелі жанның әңгімесіне құлақ түрді.
«Кезінде батыр бабамыз тұтынған аса құнды бойтұмарындай қастерлеп ұстаған, саусағының ізі қалған қандай бір зат болсын біздер үшін, келер ұрпақ үшін де алтыннан да қымбат қазына болып қала берері даусыз. Кезінде өзім батыр ұрпақтарының отбастарында бо­лып, ерекше бір ұқыптылықпен, жана­шыр­лықпен сақталып келген бірнеше жәдігермен жақынырақ таныстым. Батыр бабамыздың күмістен құйылған бармақтай ғана мөрі шөбересі Қалдан Ахметбайұлының үйінде сақтаулы екен. Соның сыртқы бетінен араб әріптерімен қашалып жазылған айшықты жазуларды көрдік. Қазақшаға аударғанда ол «Бұ­қар­бай батыр» деп оқылады екен. Батыр бабамыз қоңсылас елдердің билері мен батырларына жолдаған хаттары мен келіссөз хаттамаларына өз мөрін басып, әлгі құжаттарға ресми сипат беріп отырғанға ұқсайды.
Екінші бір құнды жәдігер, бұл – су сиырдың құйрығынан жасалған ша­шақты туы, кезінде қылы өте тығыз, әрі көлемді болған деседі. Бұл ту да ба­тырдың Опабек есімді баласынан өрген Гриша есімді шөпшегінің төрінде ілулі тұр. Бірақ бұрынғы қалпы емес. Әркім шетінен бір-бір кесіп алып, жұқартып тас­тағандықтан көзге тым қораш көрінеді. Қазақ ырымшыл халық қой. Перзент сүймей немесе жолы болмай жүрген көңілі жабырқау жандар қасиетті туды осындай халге душар еткен.
Тағы бір мұрасы – батыр бабамыздың керейт жұртына ұзатылған немересіне берген жасауы кебеже екен.
Міне, біздің батыр бабамыз туралы керемет естеліктер бар» деп сөзін аяқтады көкірегі қазынаға толы ағамыз.
Бұл ұлт үшін – ұлылық, ұрпақ үшін өшпес рухани қазына.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: