Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 21:03

260 түлек – мемлекеттік грант иегері

08.08.2023

351

0

Өткен демалыс күндері «Пәленшенің баласы мемлекеттік грантты жеңіп, оқуға түсіпті» деген сөздерді жиі естіп, бірге қуанып жатырмыз. Иә, 4 тамызда Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын аяқтап, мемлекеттік грант иегерлерінің тізімін жариялады. Грантқа үміткерлердің өтінімдерін комиссия мүшелері қараған. Оның құрамына министрліктің, мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы, бұқаралық ақпарат құралдары, Қазақстанның азаматтық альянсы және қоғамдық ұйым өкілдері кіреді. Талапкерлердің ҰБТ-да жинаған балдарына және бекітілген ережелерге сәйкес конкурстық негізде гранттар тағайындалған.

ҚР Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігінің мәліметінше, ҰБТ бас­тал­ғалы мектеп бітірушілердің 78 пайызы шекті балл жинап, орташа балл 69-ды құраған. ҰБТ кезінде ең жо­ғары балл 137 болған.
Биыл гранттарды тағайындау кон­­­курсына қатысу үшін 94 мың та­лап­кер құжат тапсырған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға артық. Жалпы, 2023-2024 оқу жы­лына 88 мың білім беру гранты бө­лінген. Оның ішінде бакалавриатта оқу үшін 73 мың, магистратураға 13 мың, докторантураға 1890 грант қа­рас­тырылған. Атап айтқанда, педагогикаға – 12 560, өнер және гума­нитарлық ғылымдарға – 1615, әлеу­меттік ғылымдарға – 960, биз­нес, басқару және құқыққа – 1223, жаратылыстану ғылымдарына – 7388, АКТ – 10 103, инженерлік, өңдеу және құрылыс саласына – 18 744, ауыл шаруашылық сала­сы­на – 2273, ве­теринарияға – 975 мем­­лекеттік грант үлестірілген. Грантқа үміткерлер ара­сында ұпай­лар тең­дігі жағдайында басым құқық­қа ие болатын 20 мыңға жуық талапкер, олардың ішінде «Алтын белгі» ие­­герлері, халықаралық және респуб­ли­калық олимпиадалардың же­ңім­­­­­паздары, оқу үздіктері бар. Сон­­­дай-ақ гранттарды үйлестіру бары­­­сында әлеуметтік осал санаттағы бала­лардың квоталары ескерілген.
Тағы айта кететін жайт, бір грант­тық орынға ең үлкен конкурс «Сто­матология» мамандығы бойын­ша болған. Бұл мамандыққа 22 талапкер бір орынға таласқан. «Халықаралық қа­тынастар және дипломатия» ма­ман­дығы бойынша бір орынға 14 адам, «Құқық» 11 адам, «Музыка мұ­ға­лімдерін даярлау», «Дене шы­нықтыру мұғалімдерін даярлау» және «Психология» мамандықтарына 10 адамнан бақталасқан.
Бір қуантарлығы, мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­­­сырмасына сәйкес, гранттың 60 пайызы инженерлік-техникалық маман­­­дықтарды қамтыған. Сондай-ақ тығыз орналасқан, жаңа құрылған және батыс аймақтарындағы жастар үшін де арнайы грант бөлініпті. Биыл өңірлік ЖОО-ларға бөлінетін педа­гогикалық квота саны артып, 6280 грант бөлінгенін ерекше атап өтуге болады. Ал Серпін бағдарламасы бойынша 3653 грант бөлінген.
Биыл аудан бойынша жалпы бі­лім беретін 20 мектептен 356 тү­лек бітіріп шықты. Олардың ҰБТ-ға 329-ы, яғни 92,4 пайыз қатысып, мем­лекеттік грант конкурсына 302-і өтініш білдірген. Нәтижесінде өті­ніш білдіргендердің 86,1 пайызы, яғни 260 түлек мемлекеттік грант ие­гері атанған. Нақтырақ тоқталсақ, оның ішінде педагогикалық ма­ман­дықтарға – 113, техникалық маман­дық­тарға – 56, медициналық маман­дықтарға – 18, ауыл шаруашылығы мамандықтарына – 36, басқа да ма­ман­дықтарға – 37 бітіруші түлек тегін оқитын болады.
Бұл өңіріміз үшін үлкен жетістік. 11 жыл бойы білім нәрін сіңірген ұстаз­дарының еңбегін ақтаған өңір түлектері жалағаштықтарды бір қуант­ты. Иә, білім алу оңай дүние емес, қазақ «Білім инемен құдық қаз­ғандай» деп бекер айтпаса ке­рек, сондықтан жастарға білім алу жолында сәт-сапар тілейміз.

Жандос АРЫН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: