Оқу жылының да аяқталуына санаулы күндер қалды. Былтыр саланы жақсы нәтижемен қорытындылаған сала қызметкерлері биыл да нәтижелі еңбек етті. Енді бір аттаса, түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Жалпы биыл қанша бала мектеп бітіреді? Оның қаншасы ҰБТ-ға қатысады? Ұлттық бірыңғай тестілеудің былтырғы нәтижесі және биылғы меже қалай? Балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізуде алдағы уақытта қандай жобалар қолға алынбақ? Осы және салаға қатысты өзге де бірқатар сауалымыздың түйінін аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов кеңінен тарқатты.
– Талғат Құрақбайұлы, жалпы биыл соңғы қоңырау салтанатты шарасы қай күні өтеді және оны өткізуде қандай талаптар сақталады?
– Биылғы оқу жылы 23 мамырда аяқталады. Дәл осы күні «Мектебім, саған мың алғыс» тақырыбында білім ошақтарында салтанатты шара өтеді. 18 маусым күні «Аттестат тапсыру» салтанатты шаралары да мектеп қабырғасында өткізіледі.
Жаңа сіз сұраған талаптарға келсек, педагогикалық этика және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында іс-шараны өткізуге ата-аналардан ақшалай қаражат жинауға жол берілмейді. Сондай-ақ әкімшілік және педагогикалық қызметкерлерге сыйлықтар алуға немесе беруге, іс-шараларды өткізуге аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға тыйым салынады. Мектеп бітіру кешін сән-салтанатты өткізуге, яғни сыныпты безендіру, мерекелік үстел, салтанатты дастархан ұйымдастыруға болмайды. Жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, қала бойынша көшпелі экскурсиялар өткізуге, мектеп бітіру іс-шарасын мейрамханаларда, кафелерде және басқа да ойын-сауық орындарында ұйымдастыруға тыйым салынуда.
– Биылғы оқу жылында қанша бала білім алды? Оның қаншасы мектеп бітіреді? Олардың қаншасы «Үздік аттестетқа» және «Алтын белгіге» үміткер?
– Бүгінде 20 мектепте 7012 оқушы білім алуда. Оларға 1 258 педагог сабақ береді. Биылғы оқу жылында 9 сыныпты 675 оқушы, 11 сыныпты 447 оқушы бітіреді. «Үздік аттестатқа» 9 сыныптан 82 бала, 11 сыныптан 49 оқушы үміткер. «Алтын белгіге» 16 оқушы тілек білдіруде.
Жаңағы 447 түлектің 390-ы мамыр-шілде айлары аралығындағы ҰБТ-ға қатысады. Бұл жалпы түлектердің 87,2 пайызын құрайды. ҰБТ кезінде оқушылар қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, талапқа сай өтуі үшін коммуналдық мекемелерге арнайы хат жолданып, кезекшілік ұйымдастырылады.
– Жалпы былтырғы ҰБТ нәтижесіне көңіліңіз тола ма?
– Биыл өткен жылға қарағанда мектеп бітірушілер санында өсім бар. Былтыр түлектердің басым көпшілігі ҰБТ-дан жоғары балл жинады. Орташа балл – 82,7. Былтыр мектеп бітірушілердің 74,4 пайызы мемлекеттік грантпен ЖОО-да білім игеруге мүмкіндік алды. Мен тек ЖОО-ға мемлекеттік грантпен оқуға түскендерді ғана айтып отырмын. Негізі былтыр түлектер 100 пайыз оқуға түсті. Жалпы өткен жылы мектеп бітірушілердің 94,4 пайызы ҰБТ-ға қатысты.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша Жалағаш аудандар арасында 2 жыл бұрын төртінші орында еді. Былтыр үздік үштікті түйіндедік. Биылғы межеміз одан да жоғары болып отыр. Осы мақсатқа жету үшін әріптестерім тынымсыз еңбек етті. Алдағы уақытта нәтижесін көреміз.
– Енді бізде жыл сайын келетін балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізу міндеті тұр. Бұған қатысты қандай жобаларыңыз бар?
– Жаз айлары – оқушылар ерекше ықыласпен күтетін уақыт. Ауданда 1-10 сыныптар аралығында 6 553 баланы жазғы демалыс шараларымен қамту жоспарда бар. «Ол қалай жүзеге асады?» деген сауалға келсек, жазғы демалыста сырткы лагерь жұмыстарын ұйымдастыру, мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлерін ашу, облыс көлемiнде және облыстан тыс лагерьге балаларды жіберу, қосымша білім беру үйірмелеріне қамту, туристік саяхат, тарихи-танымдық экскурссиялар ұйымдастыру жоспарда бар. Мұны біз міндетті оқу қоры, демеушілер арқылы және ата-аналар есебінен де жүзеге асырамыз.
Аудан орталығындағы «Ақтерек» сауықтыру лагерінің жобалық қуаты бір ауысымда 80 баланы қамтуға мүмкіндік береді. Лагерь аумағында жалпы 5 ғимарат орналасқан. Оның 4-еуі жатын орынға арналған ғимарат болса, мұнан бөлек 80 орындық арнайы асханасы тағы бар. Сонымен қатар ашық спорт алаңы, сыртқы бассейн, мәдени іс-шаралар өтетін орын бар. Осында жаз бойы 6 ауысыммен 452 баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 402 бала міндетті оқу қоры есебінен, 50 бала кәсіподақ есебінен демалады. Жолдама құны 35 мың теңгені құрайды. Әр ауысым уақыты – 10 күн.
Биыл лагерге жәй жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатта бюджеттен 5 млн 646 мың теңге бөлініп, қажетті заттар алынды. Сонымен қатар былтыр 4 млн 910 теңге қаралып, Жалағаш аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының ескертулері негізге алынып, қажетті заттар, яғни кереует, асхана жабдығы, төсекорын сында басқа да заттар алынды. Қазіргі таңда лагерь аумағына көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылуда. Лагерь аумағына дезинфекция, дератизация жұмыстары арнайы мекеме арқылы жүргізіледі. СЭС лабораториясы арқылы өндірістік бақылау жүргізу үшін, атап айтқанда, су, топырақ, тамақ, жарық т.б сынамалар алу үшін келісім-шартқа отырды. СЭС-тен санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды 16 мамырда алынды.
– Жалпы онда балалардың қауіпсіздігі толық сақтала ма?
Балалар қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында аудандық полиция бөлімі қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік жасайды. Балалардың денсаулығын қадағалау және сауықтыру жұмыстарын жүргізуге аудандық орталық ауруханадан жауапты бала дәрігері мен мейірбикелер бөлініп, тәулік бойы қызмет жасайды. Лагерге жұмыс істейтін кадрлар мектеп қызметкерлерінен алынады. Тынығушыларға Оқушылар үйінің қолөнер, бейнелеу өнері, роботехника, волейбол, ағылшын тілі сияқты басқа да үйірмелері жұмыс жасайды. Әрбір ауысымда аудандық мәдениет бөлімі тарапынан балалар кітапханасы жұмыс жасаса, спорт дене шынықтыру бөлімі, жастар ресурстык орталығы тарапынан ұлттық ойындар, эстафеталық спорттық, танымдық шаралар ұйымдастырылады.
Мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлерін ашуға келсек, 27 мамыр мен 20 маусым аралығында 20 мектепте 2 ауысымда 2250 бала ыстық тамақпен, 450 тамақсыз мектеп жанындағы тынығу лагері ұйымдастырылады. Мектеп жанындағы және қосымша білім беру жанындағы лагерлер түрлі бағытта жұмыс жасайды. Оған 3260 баланы қамту жоспарлануда.
«Еңбек» лагеріне 1500 бала қамтылады. Жалпы бұл шаралар шаруа қожалықтармен бірлесіп жүзеге асырылады. Мұнан бөлек «Кәсіптік бейімдеу» лагеріне 350, «Құқықтық кеңес» лагеріне 350, «Этноауыл» лагеріне 350, «Өнерлі мектеп» лагеріне 350, «Көркем еңбек» лагеріне 360 бала қамтылады.
Облыс көлемiнде және облыстан тыс лагерге де балаларды жібереміз. Мәселен, биылғы маусымда Алматы қаласындағы «Тау-Жаңашар» республикалық лагеріне 50 бала (жолдама құны – 170 мың теңге), Жаңақорған ауданы «Талдысу» облыстық лагеріне (жолдама құны – 35 мың теңге) демеушілер есебінен аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 100 баланы, «Қазақстан қоры» демеушілігімен Шымкент қаласындағы республикалық «Қуаныш» лагеріне 50 баланы (жолдама құны – 180 мың теңге) алып бару жоспарлануда. Танымдық экскурсияларға 129 баланы қамту жоспарланды. Бір сөзбен айтқанда, 6 553 баланың жазғы демалыс шараларымен 90 пайызын қамту жоспарда бар.
Бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда негізгі міндет бізде. Бұл жауапкершіліктен мен де, әріптестерім де қашпаймыз. Білімге қатысты бірінші жауапкершілік бізде болғаннан кейін оларға берілетін білім сапасына да, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға да басымдық береміз. Себебі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда мұның барлығы маңызды рөл атқарады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!