Бүгінгі күннің талабы, білім саласының басты мақсаты – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу, білімімен мыңды орайтын жастарды қалыптастыру. Кез келген елдің экономикасы әр салаға жетекші болатын білікті мамандармен дамиды. Ал білім шыңына шыға алған мемлекет қана әлемдік деңгейде еркін самғап, өз бағытын дұрыс таңдай алады. Сондықтан елдің келешек тұтқасын ұстар ұрпақтың білімді де білікті болуы ең алдымен ұстазға байланысты. Иә, ұстаз өз шәкіртінің бойына сапалы білім, саналы тәрбиемен қатар, адами құндылықтарды да сіңіреді. Ал бала байыпты бағыт-бағдар арқылы келешекке қадам басып, өз мақсатын, айқын мұратын жүзеге асырады.
Таң ауылындағы №118 орта мектептің мұғалімдері балаға сапалы білім беруде, заман өзгерісіне бейімделе алатын бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда бар білім-біліктерін аяған емес. Ұстаздық жолдың жауапты әрі қиын екенін жете түсінген мектеп ұжымы қай істе болсын ауызбіршілікпен жұмыс жасайды.
1981 жылы пайдалануға берілген 624 орындық білім ошағы өткен жылы күрделі жөндеуден өтіпті. Типтік жобадағы мектеп ғимараты қазір заманауи жабдықтармен жабдықталып, талапқа сай білім беруде еш кедергімен бетпе-бет келіп отырған жоқ.
– Мұғалімнің негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілетін, өзіндік таным біліктілігін дамыта отырып, алған білімдерін өмірде қолдана білуге үйрету. Әрине оңай жұмыс емес. Дегенмен қанша жылдан бері көптеген шәкірттің қанатын қатайтып, өміріне жететін рухани азық пен тәрбие беріп, үлкен өмірге аяқтандыру ұстаздардың басты міндеті деп білемін. Мектеп мұғалімдері өз іс-тәжірибелерінде күн сайын білім берудегі жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып, оқушыларды оқу-танымдық, шығармашылық іс-әрекетке ынталандырып және әр оқушының нәтижеге жетуі үшін жағдай жасауды басты орынға қояды. Шүкір, жыл сайын нәтижеміз жаман емес. Жас ұрпақ білімді болса, елдің келешегі кемел болады. Жастардың білімді болуы жаһандық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалауына жол ашады. Мұндағы негізгі ой – білім бәйгесінде биіктен көрінетін білікті маман, уақыт талабына сай, кез келген кезеңде бәсекеге дайын тұлға қалыптастыру, – деген мектеп директоры Бүркітбай Доспанов компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу әркімнің алға басуына жол ашатын заманауи талаптар екенін айтады.
Расымен заманның талабы осы, сөз басында айтқанымыздай, ашықтық, бәсекеге қабілеттілік және терең білім. Ал біз мақалаға арқау етіп отырған білім ошағының педагогтары бұл тұрғыда аянбай еңбек етуде.
Мәселен, аталған алтын ұяда қазір 250 оқушыға осындағы педагогтар сапалы білім мен саналы тәрбие беруде. Былтырғы оқу жылының қорытындысы бойынша 11 сыныпты бітірушілердің саны 11 болса, ұлттық бірыңғай тестілеуге 10 түлек қатысып, орташа балл 89,5 пайызды құраған. Мемлекеттік грант иегерлерінің саны – 7, облыс әкімінің грант иегері – 1, ақылы оқу орнына түскендер – 3. Ал «Алтын белгіге ие болған» Гүлнафиз Әзілханқызы ұлттық сынамада 125 балл жинап, мектеп мақтанышына айналған екен. 9 сыныпты бітірушілер саны 20 болса, оның 8-і арнаулы орта оқу орындарына түсіп, қалған 12 оқушы 10 сыныпты жалғастырып отыр. Осы 9 сыныпты бітірушілердің 2-еуі негізгі орта білімін «Үздік аттестатпен» аяқтаған. Өткен жылдың басты жетістіктерін республикалық білім сайыстарында сынға түскен Гүлім Алматқызы, Мұхамедали Атымтаев, Нұрдидар Жасұланұлы алып келген. Бұдан бөлек Таң ауылдық №118 орта мектепте аяулы ұстаздарының еселі еңбегін нәтижесіз қалдырмай, мектептің абыройын асқақтатып, жүлделі орындарды еншілеп жүрген оқушылар жетерлік.
Биылғы оқу жылының өзінде Толғанай Әуезхан, Ұлмекен Сахи сынды білімді жастар түрлі байқауларда жеңімпаз атаныпты. Ал осындай білім бәйгесінде кіл мықтының ішінен дараланып, жеңісті сәттерді қанжығасына байлап жүрген жүйріктерді баптап, білім нәрімен сусындатып, күш-жігерін білім жолында сарп етіп келе жатқан ұстаздардың да еңбегі қашанда құрметке лайықты. Еселі еңбегі еленген педагогтардың қатарында «Үздік тәлімгер – 2022» атанған мектеп тәлімгері З.Жәнібекова, «Үздік сынып жетекші – 2022» номинациясына ие болған бастауыш сынып мұғалімі Б.Тажмакова, «Үздік қоғамдық-гуманитарлық пәндер бірлестік жетекшісі – 2022» ағылшын тілінің мұғалімі Ж.Нағашыбек, «Үздік бейіндік оқыту жөніндегі орынбасар – 2022» Ж.Есжановтар бастаған бірқатар білікті маман иелері бар.
Жалпы ауданға қарасты қай білім ошағын алып қарасақ та, нәтижесі қуантады. Жыл сайын ҰБТ-дан да аудан абыройы төмендеген емес. Білімді жастарды қалыптастыруда білікті мамандардың жұмысында жүйе бар.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!