Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

17°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 05:22

Басты мақсат – бәсекеге қабілеттілік

15.11.2022

961

0

Бүгінгі күннің талабы, білім саласының басты мақсаты – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу, білімімен мыңды орайтын жастарды қалыптастыру. Кез келген елдің экономикасы әр салаға жетекші болатын білікті мамандармен дамиды. Ал білім шыңына шыға алған мемлекет қана әлемдік деңгейде еркін самғап, өз бағытын дұрыс таңдай алады. Сондықтан елдің келешек тұтқасын ұстар ұрпақтың білімді де білікті болуы ең алдымен ұстазға байланысты. Иә, ұстаз өз шәкіртінің бойына сапалы білім, саналы тәрбиемен қатар, адами құндылықтарды да сіңіреді. Ал бала байыпты бағыт-бағдар арқылы келешекке қадам басып, өз мақсатын, айқын мұратын жүзеге асырады.

Таң ауылындағы №118 орта мектептің мұғалімдері балаға сапалы білім беруде, заман өзгерісіне бейім­деле алатын бәсекеге қабілетті тұл­ға қалыптастыруда бар білім-бі­лік­терін аяған емес. Ұстаздық жол­дың жауапты әрі қиын екенін же­те түсінген мектеп ұжымы қай істе бол­сын ауызбіршілікпен жұмыс жа­сайды.


1981 жылы пайдалануға берілген 624 орындық білім ошағы өткен жы­лы күрделі жөндеуден өтіпті. Тип­тік жо­бадағы мектеп ғимараты қазір за­­манауи жабдықтармен жаб­дық­талып, талапқа сай білім беруде еш ке­­дергімен бетпе-бет келіп отырған жоқ.


– Мұғалімнің негізгі мақсаты – оқу­шылардың шығармашылық қабі­летін, өзіндік таным біліктілігін да­мыта отырып, алған білімдерін өмір­де қолдана білуге үйрету. Әрине оңай жұмыс емес. Дегенмен қанша жылдан бері көптеген шәкірттің қанатын қатайтып, өміріне жететін рухани азық пен тәрбие беріп, үлкен өмірге аяқтандыру ұстаздардың басты міндеті деп білемін. Мектеп мұғалімдері өз іс-тәжірибелерінде күн сайын білім берудегі жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып, оқушыларды оқу-танымдық, шығармашылық іс-әре­­кетке ынталандырып және әр оқушының нәтижеге жетуі үшін жағ­дай жасауды басты орынға қояды. Шүкір, жыл сайын нәтижеміз жаман емес. Жас ұрпақ білімді болса, елдің келешегі кемел бо­лады. Жастардың білімді болуы жаһан­дық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің не­гізін қалауына жол ашады. Мұн­дағы негізгі ой – білім бәйгесінде биіктен көрінетін білікті маман, уақыт талабына сай, кез келген кезеңде бәсекеге дайын тұлға қалыптастыру, – деген мектеп директоры Бүркітбай Доспанов компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу әркімнің алға ба­суына жол ашатын заманауи та­лап­тар екенін айтады.
Расымен заманның талабы­ ­­­осы,­ сөз басында айтқанымыздай, ашық­­тық, бәсекеге қабілеттілік және терең білім. Ал біз мақалаға ар­қау етіп отырған білім ошағының педа­гог­тары бұл тұрғыда аянбай еңбек ету­де.
Мәселен, аталған алтын ұяда қазір 250 оқушыға осындағы педа­гогтар сапалы білім мен саналы тәр­бие беруде. Былтырғы оқу жы­лы­ның қорытындысы бойынша 11 сыныпты бітірушілердің саны 11 болса, ұлттық бірыңғай тестілеуге 10 түлек қатысып, орташа балл 89,5 пайызды құраған. Мемлекеттік грант иегерлерінің саны – 7, облыс әкімінің грант иегері – 1, ақылы оқу орнына түскендер – 3. Ал «Алтын белгіге ие болған» Гүлнафиз Әзілханқызы ұлттық сынамада 125 балл жинап, мектеп мақтанышына айналған екен. 9 сыныпты бітірушілер саны 20 болса, оның 8-і арнаулы орта оқу орындарына түсіп, қалған 12 оқушы 10 сыныпты жалғастырып отыр. Осы 9 сыныпты бітірушілердің 2-еуі негізгі орта білімін «Үздік аттестатпен» аяқтаған. Өткен жылдың басты же­тістіктерін республикалық білім сайыс­тарында сынға түскен Гүлім Алматқызы, Мұхамедали Атымтаев, Нұрдидар Жасұланұлы алып келген. Бұдан бөлек Таң ауылдық №118 орта мектепте аяулы ұстаздарының еселі еңбегін нәтижесіз қалдырмай, мектептің абыройын асқақтатып, жүлделі орындарды еншілеп жүрген оқушылар жетерлік.
Биылғы оқу жылының өзінде Толғанай Әуезхан, Ұлмекен Сахи сынды білімді жастар түрлі байқау­ларда жеңімпаз атаныпты. Ал осын­дай білім бәйгесінде кіл мық­тының ішінен дараланып, жеңісті сәттерді қанжығасына байлап жүр­ген жүйріктерді баптап, білім нәрі­мен сусындатып, күш-жігерін білім жолында сарп етіп келе жатқан ұстаз­дардың да еңбегі қашанда құр­метке лайықты. Еселі еңбегі елен­ген педагогтардың қатарында «Үздік тәлімгер – 2022» атанған мек­теп тә­лімгері З.Жәнібекова, «Үздік сы­нып жетекші – 2022» номина­циясына ие болған бастауыш сы­нып мұғалімі Б.Тажмакова, «Үздік қоғам­дық-гуманитарлық пәндер бірлестік же­текшісі – 2022» ағылшын тілінің мұ­ғалімі Ж.Нағашыбек, «Үздік бе­йін­­дік оқыту жөніндегі орынбасар – 2022» Ж.Есжановтар бастаған бірқатар білікті маман иелері бар.
Жалпы ауданға қарасты қай білім ошағын алып қарасақ та, нәтижесі қуантады. Жыл сайын ҰБТ-дан да аудан абыройы төмендеген емес. Білімді жастарды қалыптастыруда білікті мамандардың жұмысында жүйе бар.

Н.АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: