Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

33°C

, Жұма, 28 тамыз, 16:20

Қауын шыбыны – қауіпті карантиндік зиянкес

28.08.2026

1

0

Қауын – еліміздің оңтүстік өңірлерінде кеңінен өсірілетін, халықтың сұранысына ие ауыл шаруашылығы дақылдарының бірі. Алайда мол өнім алуға кедергі келтіретін зиянкестердің бірі – қауын шыбыны (Myiopardalis pardalina Bigot). Бұл зиянкес Қазақстандағы карантиндік маңызы бар нысандардың қатарына жатады. 

Қауын шыбыны негізінен қауын, қарбыз және басқа да асқабақ тұқымдас дақылдарға зиян келтіреді. Зиянкестің қауіптілігі оның дернәсілдері жемістің ішіне еніп, жұмсақ ұлпаларымен қоректенуінде. Соның салдарынан жемістің сапасы төмендеп, шіру процесі басталады және өнімнің едәуір бөлігі жарамсыз болып қалуы мүмкін.

Қауын шыбынының таралуын ерте анықтау – ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғаудың маңызды шарты. Сондықтан егіс алқаптарын жүйелі түрде тексеріп, өсімдіктердің жағдайын бақылау қажет.

Қауын шыбыны шектеулі таралған карантиндік зиянкес ретінде тіркелген.

Карантиндік талаптарды сақтау – ортақ міндет

Өсімдіктер карантинінің негізгі мақсаты – карантиндік зиянкестердің таралуына жол бермеу, оларды дер кезінде анықтау, оқшаулау және жою. Қазақстан заңнамасына сәйкес карантинге жатқызылған өнімді өндірумен, сақтау, тасымалдау және өткізумен айналысатын тұлғалар белгіленген фитосанитариялық талаптар сақталуы тиіс. 

Карантиндік өнімді басқа өңірлерге немесе шетелге тасымалдау кезінде фитосанитариялық талаптардың орындалуы ерекше маңызды. Фитосанитарлық сертификат карантинге жатқызылған өнімнің тиісті талаптарға сәйкестігін растайды. 

Алдын алу шаралары – тиімді қорғаныс

Қауын шыбынының таралуын болдырмау үшін шаруашылықтарда тұрақты фитосанитариялық бақылау жүргізілуі қажет. Зиянкес анықталған жағдайда өсімдіктер карантині жөніндегі мамандардың ұсынымдары негізінде тиісті карантиндік және қорғау шаралары жүзеге асырылады. Қазақстанда қауын шыбынына қарсы арнайы өңдеу жұмыстары да жүргізіледі.

Ауыл шаруашылығы өндірушілері мен жеке шаруашылық иелері егістікті уақытылы тексеріп, күмәнді жағдайлар байқалған кезде өсімдіктер карантині жөніндегі аумақтық инспекция мамандарына хабарласқаны жөн.

Қауын шыбынының таралуына жол бермеу – бір ғана шаруашылықтың емес, бүкіл өңірдің ауыл шаруашылығы қауіпсіздігіне қатысты маңызды міндет. Карантиндік талаптарды сақтау, фитосанитариялық бақылауды күшейту және зиянкесті дер кезінде анықтау арқылы мол өнімді сақтап қалуға болады.

Жалағаш аудандық аумақтық инспекциясының бас маман –өсімдіктерді қорғау және карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы Н. Айтбай                                                                        

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: