Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

13°C

, Сенбі, 18 қазан, 15:36

Математика майталманы

18.10.2025

6

0

Бір кездері Мырзабай ахун елді мекенінде бір қабатты қарапайым жер үй іспетті мектеп болған. Сол қара шаңырақтан талай ұрпақ білім алып, өмірге қанат қақты. Ал бүгінде сол білім ордасы уақыт талабына сай жаңарып, заманауи жабдықталған айшықты №122 орта мектепке айналды. Бұл мектепте өз ісіне берілген ұстаздар көп. Соның бірі – математика пәнінің мұғалімі Ро­за Бодыбаева. Осыған дейін мұғалім же­тек­шілігімен талай оқушы аудандық, облыстық олимпиадаларда жүлделі орын алып, ұстаз еңбегін ақтап жүр.

– 7-8 сыныпта оқып жүрген шағым. Бізге жасы үлкен, көпті көрген ұстаз сабақ берді. Сабақ үстінде бір күні мен тақтаға шықтым. «Бодыбаева, жарайсың!» деп қолпаштаған сәтін әлі ұмытпаймын. Сол бір қарапайым сөз, ұстаздың мейі­рімді көзқарасы мен қолдауы менің ма­тематикаға деген қызығушылығымның ал­ғашқы есігін ашып берді. Қазір осы пәннің мұғалімі болып, өз шәкірттеріме де дәл сондай сенім мен шабыт беруге тырысамын, – дейді ұстаз балалықтың тәтті естелігімен бөлісіп.
Білікті педагог еңбек жолында бір­неше буын оқушыға тәлім беріп, 7-8 сыныпқа жетекшілік еткен. Ол тек пән мұғалімі емес, рухани жетекші де болды. Мектеп өміріндегі әр оқушының мінез-құлқын, арманын, қабілетін терең түсініп, бағыт беруді өмірлік міндеті санайды.
Бір жылы математика мұғаліміне 5-сынып жетекшілігі жүктелген еді. Сол жылы мектептің тәрбие ісі жөніндегі орын­басары келіп, «сізді 10-сыныпқа ауыс­­тырайықшы. Сіздей тәжірибелі ұс­­таз керек, балаларды өмірге бағыт­тай­тын адам қажет» дегеннен өтінішін қа­был­дап, келер жылы 11-сынып­ты ал­тын ұядан ұшырды.
– Былтырғы оқушыларым өте ал­ғыр болды. Сабақтан кейін де қала­тын, қо­сым­ша есеп шығарып, дайын­далатын. Кей­де таңертеңнен кешкі 6-ға дейін мек­тепте болатын. Сол еңбек­қорлықтың арқасында барлығы жақсы нәтижеге жетті, – дейді кейіпкеріміз.
Ол үшін ұстаздық – жай сабақ бе­ру емес, әр баланың тағдырына жауап­кер­шілікпен қарау. Сондықтан шәкірт же­тіс­тігі – оның ең үлкен марапаты. Оқу­шы­лары – пәндік және ауыл мектептері олим­­­­пиадаларының жүлдегері. Биыл­ғы оқу жылында да шәкірті Ауыл олим­пиа­да­сында топ жарып, аудандық ке­зеңде 1-орын алып, облыс деңгейінде бақ сы­науға мүмкіндік алды.
Білім беру жүйесінде уақыт тала­бы­на сай жаңашылдыққа ұмтылған ұс­таз­­дар еңбегі ерекше бағаланады. Қай ке­зең­де де оқушының ой-өрісін ке­ңейтіп, пән­ге қызығушылығын арттыру ­ұс­таз­дың із­денісіне байланысты. Роза апай – осын­дай талап үдесінен шығып жүрген оқы­тушы. Ол өз тәжірибесінде оқу үр­ді­­сін жан­дандыру мақсатында түрлі әдіс-тә­сілдерді тиімді қолданып келеді. Ұс­таз әдістемелік құралға «Математика са­ба­­ғында ойын элементтерін қолдану» та­­қырыбында оқушылардың ойлау қа­бі­­­летін арттыруға бағытталған тапсыр­ма­­лар енгізген. Бұл жұмыстың мақсаты – ба­ланың логикалық ойлауын дамыту, пән­­­ге қызығушылығын арттыру және бі­лім­­ді меңгерудің жаңа жолдарын көрсе­ту.
Ойын түрінде ұйымдастырылған са­бақтарда оқушылар белсенділік танытып, өз ойын еркін жеткізуге, есепті түрлі жол­мен шешуге дағдыланады. Мұндай са­бақтар білім беруді жандандырып қа­на қоймай, оқушының математикаға де­ген көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Ұс­таздың айтуынша, оқушы ойнай отырып үйренсе, алған білімі ұзақ есте қалады.
Білікті педагог қазіргі сабақтарында жасанды интеллект элементтерін тиімді қолданып жүр. Цифрлық платформалар мен заманауи бағдарламаларды пайда­лану арқылы күрделі есептерді шешуде алгоритімдік ойлауға баулиды. Мұндай әдіс оқушының тек пәндік білімін ғана емес, сыни ойлау қабілетін де дамытады.
– Қазіргі оқушыларымның көбі неме­релеріммен жасты ғой. Баламен бала бо­ламыз. Қазір қатты болудың уақыты емес. Күліп сөйлесіп, ойнап жүріп те көп нәрсеге үйретуге болады. Сонда ға­на олар сабаққа да, ұстазға да жақын бо­лады, – дейді білім беру ісінің шебері.
Қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызы­лорда университеті бұрын Н.В.Гоголь атын­дағы педагогикалық институт деп аталған. Осы оқу орнын тәмамдаған жас мұғалім туған ауылына қызмет етуге ке­леді. Оқушыларын ұлттық бірыңғай тес­тілеуге мектепке келген алғашқы күннен бастап дайындап келді. Ұстаздың еңбегі де елеусіз қалмаған. Ол аудан әкімінің алғыс хатымен, облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамо­тасымен марапатталған. Ал биыл­ғы оқу жылында ұстаздар мерекесі қарсаңында министрліктің «Құрмет» грамотасымен ма­рапатталуы – оның еңбегіне берілген зор баға.
Білімді ұрпақ – ел ертеңінің айнасы. Еге­мен еліміздің еңсесін көтеріп, әлемдік өркениет биігіне шығарар күш – сапалы білім. Биыл 38 жылдық еңбек өтілі бар ұс­таз зейнет демалысына шығуға да­йын­далып отыр.
Ол өмірінің ең қымбат кезеңін жас ұрпақ тәрбиесіне арнады. Мектеп өмі­рінің бар қиындығы мен қуанышын бірге өт­керіп, ұжымның қадірлі мүшесіне ай­налды. Бүгінде екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ардақты ана. Жылдар бойы та­лай шәкірттің бойына білім нәрін сеуіп, өмірге жолдама берген ардақты жанның еңбегі өлшеусіз.

Гүлжан Бахытбекқызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: