Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Жұма, 19 сәуiр, 20:46

Салаға серпін берген ұжым

24.04.2023

784

0

Бұған дейін де Мөрәлі Шәменов ауылындағы білім ошағында болғанбыз. Қазір ауылдағы апатты жағдайдағы мектеп ғимаратына қатысты мәселе шешімін тапқан. Бүгінде ауыл балалары 140 орындық жаңа мектепте еш кедергісіз білім алуда. Салаға көрсетілген мемлекеттік қолдаудың жемісі мектеп ұжымының жұмыс нәтижесінен анық байқалады.

Білім ошағының басшысы Ерболат Елдеевтің директорлық қызметке кіріс­ке­ніне көп болмаған. Бірақ салада 16 жыл­дай тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз аз уақыттың ішінде білім беру жүйесіне бір­шама өзгеріс енгізіпті. Қазіргі таңда соның нәтижесінде ауылдағы алтын ұядағы озат оқушылар қатарында өсім қалыптасқан.

Жаңа оқу жылын Әбдірашит Бердау­летов атындағы №34 орта мектеп 225 оқушымен бастаған. Одан бөлек 19 бала мектеп алды даярлық бойынша тәлім алуда. Қазіргі таңда 35 педагог ауыл жас­тарынан бәсекеге қабілетті ұрпақ қалып­тастыруға нәтижелі еңбек етіп жатыр.

Биыл ауылдағы 9 оқушы мектеп бітіреді. Ерболат Тынымбайұлы олардың барлығы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниетті екенін айтады. Түлектерді ҰБТ-ға дайындау жұмыстары қыркүйек айында басталған. Нәтиже де жаман емес, бүгінде мектеп бітірушілер дайындық барысында жинаған орташа балл – 80. Ерекең оған тоқмейілсуге тағы болмайтынын айтады. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар әлі де қарқын алатын көрінеді.

– Шәкіртінің биік белесті бағындыруы – кез келген ұстаздың арманы. Біз де осы мақсат-мүддеге жұмыс жасаймыз. Оқушылардың білім сапасын бастауыш сы­ныптан бақылау керек. Сонда ғана жұмыстың нәтижесін көруге болады. Білім нәтижесі төмен оқушы қайдан қалып­тасады? Кейбірі оны баланың білімге енжарлығынан көріп жатады. Асылы олай емес, бұған түптеп келгенде мұғалімдер де кінәлі болуы мүмкін. Міне, менің баланың білім сапасын жақсартуды бастауыш сыныптан бақылау керек дегенім де сондықтан. ҰБТ-ға дайындық барысында болмаса ұлттық бірыңғай тестілеудің өзінде бір оқушы жоғары балл жинап, ал кейбірі төмен көрсеткішке қол жеткізуі мүмкін. Бірақ біз оны тек ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жүргізген мұғалімнің жұмысымен байланыстырсақ, тағы да қате­лесеміз. Себебі жас шыбықтың күтімі бастапқыда қалай болады, солай өсетінін жақсы білеміз. Бала да сол сияқты, үздіксіз күтімді қажет етеді. Бүгінгі таңда әріптестерімнің еңбегін жоғары баға­лаймын. Барлығы шама-шарқынша бала тәрбиесіне, біліміне қажырлы еңбек етуде. Бір қуантарлығы, жоғары нәтиже де жоқ емес, – дейді мектеп директоры.

«Мен осындай жобаны қолға алдым, менің арқамда осындай дүние жүзеге асты» дейтін азаматтардың талайын тың­дадық. Ал Ерекең мұндай жандардың сұр­пынан емес екен. «Ұжым болып шама-шарқымызша еңбек етеміз» деп әріп­тестерін ауызынан тастамайды. Десе де ауыл мектебіндегі соңғы жаңалықтардың, жар­қын жобалардың өзіндік авторы анық байқалады. Бір жағынан мектеп ди­рек­торының әріптестерінің еңбегін жо­ғары бағалайтындай жөні бар. Себебі бұ­ған дейін де бұл ұжым табысты еңбек еткен. Ал алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс­тардың қарқын алатыны анық.

Айта кетейік, былтыр Әбдірашит Бер­дау­летов атындағы №34 орта мектепті 10 бала бітірген. Оның тоғызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Нәтижесін сұрасаңыз, 100 пайыз мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарында білім алуға қол жеткізген. ҰБТ-ға бармаған бала да ақысыз негізде арнаулы оқу орнында білім алып жатыр екен. Бұл – үлкен жетістік, әрине.

Биылғы түлектердің екеуі әскери салада білім алуға ниетті екен. Ал біреуі шығар­машылық салада бақ сынауды көздесе, үшеуі физика-математика пәнін иге­руді жөн деп тапқан. Сондай-ақ екі оқушы биология, география пәндерін таң­даса, тағы бір түлек тарихшы боламын дейді.

Ауыл мектебіндегі оқушылармен сұх­бат­тасқанымызда олардың кез келген тақырыпта еркін пікір алмаса алатынына қанықтық. Оқушылар өз ойын ашық айтып, тіпті өзіңе сауал тастайды. Бұл білім ошағындағы «Мектеп дебаты» жобасының жемісі екенін аңғару қиын емес.

Мектепте 1-4 сынып аралығында 90 бала білім алады. Алайда 125 бала күніне бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Осыған дейін оқушылар тарапынан немесе ата-аналардан бұған қатысты ешқандай арыз-шағым болмапты. Бұл алтын ұяда берілетін астың сапасы жо­ғары екенін аңғартса керек. Олай бола­тындай реті бар. Себебі оқушыларға бе­рі­летін тағамның сапасы, асхананың са­ни­­тарлық тазалығы директордың ұдайы бақылауында.

Сырт көзге Ерекең айтқан әрбір жоба жай ғана жеңіл дүние секілді көрінеді. Алайда мақсатына терең үңілгенде және оқушылардың бойынан жарқын жоба­лардың жемісін көргенде бұл ойымыздың қате түсінік екенін аңғара қойдық. Мәселен, мұнда қолға алынған «Ай оқушысы» жоба­сын алайық, мақсат балалардың бі­лімге, тәлім-тәрбиеге, айналасына, ұс­таз­дарға, ата-анаға деген құрметі, та­лабы, ынтасы, бәрі-бәрі осы жобада қамтылған. Сабақ үлгерімі жақсы, оқуда озат, тә­лім-тәрбиесі түзу оқушы дәл осындай но­минациямен көпшіліктің алдында мара­пат­талады. Ал мұндай биіктен көрінуге оқушылардың талабы артып, ай сайын осындай мара­патқа ие болуға асығады екен.
«Үздік сынып» ауыспалы кубогының да өзіндік мақсаты бар. Бұл кубок барлық жағынан үлгерімі нық, тәлім-тәрбиесі түзу оқушылары бар сыныпқа беріледі. Жоба айына екі мәрте ұйымдастырылады. Біз барған күні дәл осы жоба жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып жатыр екен. Ауыспалы кубокқа бұл жолы 8 сынып оқушылары ие болды.

Қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін телефонға тәуелді заман­дамыз. Бұл мәселе барлық отбасында бар десек, қателеспейміз, «Еңбектеген бала­дан» деп бұл сөзімізді тым асыра сілтеуге баламаңыз, себебі тіпті бесіктегі баласы сәл мазасызданса, қолына қалта телефонын ұстата салатын жеңгейлерді талай көзіміз шалған. Оның бергі жағындағы оқушылардың санасы смартфонға байлан­ғанын айтпаса да іштей білесіздер. Ал мұндай тығырықтан түбегейлі және тез арада шығуға сеп болмаса да, мектеп ұжымы жаңа жобаны жүзеге асыруда. Білім ошағының басшысы «Телефонды таста, кітап оқуды баста» жобасын қолға алған. Мақсаты аты айтып тұрғандай, ал талап-ережесіне кел­сек, оқушылар 20 минут кітап оқып, одан түйгенін, мазмұнын айтып, бір-бірімен, ұс­таз­дармен пікір алмасады. Нәтижесінде қа­зір сабақ барысында әр жерден жылт етіп телефонға үңілуімен көзге түсетін жас­тар жоқ. Бұл – жобаның бір тоқсандағы жемісі.

Жуырда аймақта болған жасөспірімдер арасындағы жанжал елді елең еткізді. Өкініштісі, мектеп оқушылары арасындағы кейкілжің ауданда да орын алды. Ұс­таздар қауымы учаскелік полиция инс­пек­торларымен бірге түнгі рейдтер ұйым­дас­тырып, балалардың басын қосып, жиі жиналыстар ұйымдастыруда. Бұл басқо­сулардың бүгінде жемісі байқалады.

Бұл тұрғыда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуда М.Шәменов ауылындағы мектеп ұжымының қолға алған жобасы басқа да білім ошақтарына үлгі боларлықтай. Мектеп директорының бастамасымен мұнда «Оқушы үні» жобасы жұмысын бастаған. Білім ошағының кіре­берісінде арнайы жәшік тұр. Онда оқу­шылар өзін мазалаған жағдайлар болса, мәселені жазып қалдыруына болады. Тіпті балаларға аты-жөнін жазбай-ақ мәселесін жазуға мүмкіндік қарастырылған. Ерболат Елдеевтің сөзіне сүйенсек, әзірге онда ешқандай хат түспепті.

– Мектептегі бір оқушы кейбір бала­лардан қысым көруі мүмкін ғой, оны көпшіліктің көзінше айтуға жасқануы тағы да мүмкін. Сондықтан біз осындай жобаны қолға алып отырмыз. Шүкір, қазір ауылда жасөспірімдер арасында ахуал тұрақты. Мектеп оқушыларының қатысуымен еш­қандай қылмыс немесе жанжал, кейкіл­жің орын алған емес. Алдағы уақытта да оған жол бермейміз. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген бабалардан қалған сөз бар. Сондықтан біз балаларға тек білім беріп қана қоймай, оларға тәлім-тәрбие беруге де басымдық береміз, – дейді мектеп директоры.

Білім ошағы барлық қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Жиырма мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана да оқушылардан бос емес. кітапханашы Гүлсара Ерназарова бұны қалыпты жағдай дейді. Демек, мектеп оқушыларының көп уақыты осында өтеді деген сөз.

Жалпы, балалардың білімімен қатар шығармашылығын дамытуға да мұнда барлық жағдай жасалған. Әсіресе бізді осы бағыттағы мектеп директорының қолға алған әрбір жобасы қызықтырады. Айт­пақшы, бүгінде ауылдағы алтын ұяда «Мектеп логатипін жасау» байқауы қолға алынған. Оған мұғалімдерден бөлек оқу­шылар да қатысуда. Көпшіліктің көңі­лінен шыққан логатип білім ошағының алдына орнатылады. Сондай-ақ оның авторына мектеп әкімшілігі тарапынан бағалы сый­лық табыс етіледі. Мақсатына үңілсек, мұ­ның да оқушылардың шығар­ма­шылық қа­білетін шыңдауға пайдасы орасан.

Жаңа нысанда сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Бір сөзбен айт­қанда, білім саласына мемлекет та­ра­пынан көрсетілген қолдауды анық байқадық. Бастысы, нәтиже бар. Бүгінде мектептегі озат оқушылар саны 62-ге жеткен. 225 оқу­шының 62-сінің озат болуы – үлкен жетістік. Бірақ олай болатындай жөні бар. Мектептің жайын жоғарыда айттық, оған оқушыларға заманауи, жаңа бағытта білім беруде ұжымның қолға алған жобаларын қосыңыз. Бәрі-бәрі балалардың оқуда озат болуына әсер еткені анық.

Балалар мұнда бір ауысыммен білім алуда. Ал түстен кейін олар бос уақытын осындағы үйірмелерде өткізеді. Бір ғана ауыл мектебінде 15-ке жуық үйірме жұмыс жасайды. Ол да оқушылардың спортқа, өнерге, шығармашылыққа, қолөнерге қа­білетін шыңдауға қолғабыс болған.

Айтпақшы, ауыл мектебінде робо­то­техникаға балаларды баулу да бір ізге түскен. Мұнда роботтардан басқа авто­маттандырылған техникалық жүйелер мен өндірістік үдерістердің ең жаңа тех­никалық жиынтықталуын әзірлеу мен қолдану балаларға үйретіледі. «Ауыл мектебінде мұндай заттарды әзірлеуге оқушы тұрмақ мұғалімнің қабілеті жете ме екен?» деп шошымаңыз. Бүгінде мұн­дағы оқушылардың өзі түрлі жобаны дүниеге әкелген. Мәселен, білім ошағында арнайы антисептик ойлап тапқан балалар бар. Сондай-ақ оның құтысы қойылған балалар ойлап тапқан аппаратқа жай ғана қолыңызды жақындатсаңыз, құтыдағы сұйықтық өздігінен себіледі. Бұл – ауыл балаларының алғашқы тырнақалды туын­дысы. Болмаса мұнан өзге де олар ойлап тапқан дүние жетерлік.
Бүгінде осында білім алып жатқан балалар робототехника саласы бойынша түрлі деңгейдегі жарыстардан топ жарып жүр. Тіпті түлектер тарапынан ІТ саласына қызығушылық танытып, осы бағытта білім игеруге талап қылған оқушылар қатары да артқан. Қазір олардың алды еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.

Әбдірашит Бердаулетов атындағы №34 орта мектепте ағартушының атындағы арнайы музей бар. Онда елге еңбек еткен қайраткердің жұмыс барысында қолданған бұйымдары, ең алғаш ауданда бастауыш сынып негізінде мектеп ашқан ұлағатты ұстаздың өмір жолы жазылған деректер қоры бар. Балалар бос уақытында осында келіп, қайраткердің өмір жолына қанығып, еткен еңбегінен үлгі алады.

Жалпы, білім ошағының жетістігін жаза берсек, үлкен еңбекке жүк болары анық. Бастысы, оның барлығы бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға үлкен сеп болуда. Бұл жолда қызмет етіп жатқан ұстаздар ұжымының еңбегі ұшантеңіз. Бірақ олар бұған бұлданбайды, жеткен жетістікке тоқмейілсімеді. Керісінше әрбір шәкіртінің білім додаларындағы жетістігінен шабыт алып, жаңа қарқынмен жұмыс жасауға бет алған.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: