Ойда жүрген бизнес-жобасын мемлекеттен қайтарымсыз грант алып үйлестірген кәсіпкер көп. Бұл қатарда қала тұрғындарынан ауылдықтардың үлесі басым болғаны қуантады. Биыл жыл басынан бері халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 8 941 грант берілсе, оның ішінде 5 769 грант ауыл тұрғындарына тиген.
Қайтарымсыз гранттың соммасы – 400 АЕК (1 476 800 теңге) шамасында. Биыл мал шаруашылығына – 2 331, өсімдік шаруашылығына – 101, құрал-сайман, еңбек құралдарын сатып алуға – 2 425, технологиялық жабдықтарды сатып алуға – 3 941, орын жайды жалға алуға – 143 қайтарымсыз грант берілген. Грант алғандардың тізімінде көпбалалы отбасылардың мүшелеріне – 5 646, мүгедектігі бар адамдарға – 1 446, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға – 1 045, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға – 253, асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушыларға – 365, қоныс аударушыларға – 151 және қандастарға – 35 грант берілді.
Биыл гранттар алуға өтініштерді қабылдау 2 лек бойынша өтті. Үміткерлерден бас-аяғы 30 мыңнан астам өтініш түссе, оның ішінде көпбалалы отбасылардан – 19,4 мың, мүгедектігі бар адамдардан – 4,7 мың, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдардан – 3,5 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 758 өтініш қабылдаған. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтар қатарынан – 1,1 мың адам, 289 қоныс аударушы және 169 қандас өтініш берген.
Өтінімдердің ең көбі Түркістан (5,4 мың), Қызылорда (3,3 мың), Жамбыл (3 мың) облыстары мен Шымкент қаласының (2,4 мың), ал ең аз саны Ұлытау (221) және Қостанай (490) облыстарының үміткерлерінен түскен. Еске салар болсақ, гранттарды еңбек мобильділігі орталықтары үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық, қалалық комиссияның шешімі негізінде береді. Ол үшін үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға өтініш берушінің жеке кабинетінде жарияланады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды. Ол бағалау парағын арнайы критерийлер бойынша толтырады. Яғни комиссия бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттігін, қайда өткізетінін, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігін, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейін және жаңа жұмыс орындарын құруға қабілетін қарайды. Осылайша, грант беру туралы шешімді комиссия үміткерлердің бизнес-жобаларын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылдайды.
Комиссияның шешімі туралы ақпарат үміткердің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда үміткер салық органдарында өз қызметін тіркейді, банктік деректемелерді ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы есептерді ұсынады. Бір жақсысы, мұның барлығын үміткерлер еңбек мобильділігі орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта үйлестіре алады.
Тағы бір маңызды деректерге зер салсақ, жыл басынан бері елімізде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 448,7 мың азамат қатысыпты. 338,4 мың адам жұмыспен қамтылса, оның 175,9 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан. Субсидияланатын жұмыс орындарына 162,4 мың адам қабылданған. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында – 14,2 мың адам, жастар практикасында – 21 мың адам, қоғамдық жұмыстарда – 101,4 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында – 7,9 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында – 326 адам, «Күміс жас» жобасы аясында – 17,6 мың адам жұмыспен қамтылыпты. Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 43,8 мың жұмыссыз қамтылса, оның 39,7 мыңы оқуды сәтті аяқтады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 50,6 мың адам қамтылса, 33,5 мың адам оқуды аяқтап, қолына сертификатын алған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!