Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 17:39

Зейнетақы қаражаты «air astana» акциясына жұмсалды

16.02.2024

2463

0

Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен «Air Astana» АҚ-ның жай акцияларын бастапқы орналастыруға (IPO) қатысатынын хабарлады. Оның аясында 2024 жылғы 14 ақпанда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне 1 акция үшін 1 073,83 теңге бағамен 24,9 млрд теңгеге «Air Astana» АҚ-ның жай акциялары сатып алынды. Әуе компаниясының сатып алынған жай акцияларының жалпы саны 23 168 975 дананы немесе шығарылған компания акцияларының жалпы санының 6,5 пайызын құрады.

«Қазақстанның жоғары сапалы эмитенттерінің жай акцияларын сатып алу БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық порт­фелін әртарап­тан­дыруға ба­ғытталды және ұзақ­мер­зімді перспективада оның кірісін арт­тыруға ықпал етеді. БЖЗҚ зей­нетақы активтерін «Air Astana» АҚ-ның жай акцияларына инвести­ция­лау туралы шешім тұрақты қар­жы­лық көрсеткіштерге, сондай-ақ болашақта тұрақты дивидендтер төлеуге мүмкіндік беретін компания қыз­метінің жоғары рен­табельділігіне негізделді. Осы ин­вестициялар іс жү­зінде БЖЗҚ са­лымшыларына Ор­талық Азия­ның авиациялық нары­ғын­дағы көш­бас­шылардың біріне акционер болуға мүмкіндік береді», деп мә­лім­дейді Ұлттық банк.

Зейнетақы активтерін басқару нә­тижелері туралы мәліметтер ай сайын БЖЗҚ сайтында жарияланып оты­рады.

Жалпы, IPO басталғалы бері бир­жа­лардағы сұраныс ұсыныстан асып түскен. Айта кетейік, «Air Astana» тобы – акциялары бір мезгілде үш бир­жада (LSE, KASЕ мен AIХ) орна­лас­тыр­ған алғашқы қазақстандық компания. Жария орналастыру аясында акция сатушы үш тарап: «Самұрық-Қазына» АҚ, BAE Systems PLC және компанияның өзі 370 млн доллар қаржы тартыпты. Сөйтіп, «Air Astana» 15 ақпан күні IPO-ны аяқтады.

Жеке инвесторлардан түскен өті­нім­­дердің 97,8 пайызы мақұл­данған. IPO барысында компания құны шамамен 847 миллион долларды құрады. 120 млн доллар қаржы өсім­нің келесі кезеңін жеделдету мақ­сатына жұм­сал­мақ.

«Топтың IPO-ға қатысу үшін берілген өті­німдер саны қазақс­тан­дық инвес­торлар, бөлшек және инсти­туционалдық, сондай-ақ ха­лық­­аралық инвесторлар қауым­дасты­ғының қол­дауының арқа­сын­да ұсы­ныстан асып түсті. Ұсы­ныс­тың 58 пайызы жергілікті нарықта, 42 пайызы халықаралық нарықта орналастырылған. Отандық нарықтағы жалпы сұраныс 483 млн доллардан асты. Жеке инвес­торлар жалпы сомасы 216 млн долларға 60 мыңға жуық өтінім беріп, сұраныстың шамамен 53 пайызы қанағаттандырылды», делін­ген хабарламада.

Жергілікті институционалдық инвесторлар (БЖЗҚ-ны қоса алғанда) жалпы сұраныстың шамамен 38 па­­­йызын қамтамасыз еткен. Ал ха­лық­аралық инвесторларға жалпы сұ­раныстың 25 пайызы тиесілі. 1 жаһан­дық депозитарлық қолхаттың бағасы – 9,5 долларды, ал 1 жай акция үшін 1 073,83 теңгені құрады.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуын­ша, жергілікті және халықаралық институционалдық инвесторлар, сондай-ақ бөлшек инвесторлар тарапынан үлкен сұраныс туындады. Бұл әуе компаниясының және жалпы Қазақстан экономикасының жоғары инвестициялық тартымдылығын, сондай-ақ «Air Astana» даму әлеуетіне жергілікті және халықаралық нарық­тар­дың сенімін білдіреді дейді.

Бұған дейін Еуропалық қайта құру және даму банкі «Air Astana» акция­сының 5 пайызын сатып алып, акционер атанған еді. Олар IPO шең­берінде қазақстандық әуе тасы­мал­даушысының бағалы қағаз­дарына 41,99 млн доллар инвестиция құйған.

IPO қорытындысы бо­йын­ша, әуе ком­­паниясындағы «Самұрық-Қазынаның» үлесі 51-ден 41 пайызға, ал BAE Systems PLC-тің үлесі 49-дан 15,3 пайызға төмендеген.

Қаржы сарапшысы Андрей Чебо­тарев­тің айтуынша, «Air Astana» KASE биржасында 49,2 млрд теңге тартқан.

«Олардың кем дегенде жартысы зейнетақы қаражаты екені белгілі болды. Ал енді цифрларға мән беріп көрейік. «Air Astana» екі бірдей қазақстандық биржадан 215 млн доллар тарта алды, оның 108,9 млн долларын (жаңағы айтқан 49,2 млрд теңгеміз) KASE-ден тартты, соның ішінде 55,4 млн доллары – зейнетақы қаражаты. AIX биржасы арқылы жай акциялар мен GDR есебінен 106,1 млн доллар тапты. KASE-ге қарағанда AIX биржасында жеке инвесторлар мен мемлекеттік емес институционалдық ойыншылардың нақты сұранысының жоғары болғаны таңғалдырады. Ал Қазақстанның ескі биржасындағы негізгі көлемнің басым бөлігі БЖЗҚ есебінен қалыптасты. Ал БЖЗҚ-ны KASE-нің 46,9 пайызын иеленетін Ұлттық банк басқарады», деп дерек келтіреді сарапшы.

egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: