Ауданымызға қарасты Мырзабай ахун ауылының кәсіпке бейімделуі де, тыныс-тіршілігі де соңғы жылдары ілгерілеп келе жатқанын айтып келеміз. Қазір бұл елді мекенге бара қалсаңыз қызу еңбектің куәсі боласыз. Сондай қызу тірліктің бел ортасында «Егінші» шаруа қожалығының диқаншылары да жүр. Осыдан бірнеше күн бұрын Мырзабайда күріш пен жоңышқаны ғана танитын біз үшін таңсық дақылдың егілгенін естіп, ауылға ат басын бұрған едік.
Әкімдіктің алдынан күтіп алған «Егінші» ЖШС агрономы Алмат Өмірбаев бізді өзінің жол таңдамайтын көлігіне отырғызып, алқапқа қарай тартты. Ағамыздың айтуынша, қазіргі таңда мал азығын дайындау жұмыстары басталып, жауапты науқан қыза түскен. Алқап басына барғанымызда жоңышқалықтың біраз бөлігі орыла бастапты. «Jhon Deere» деп аталатын америкалық қуатты комбайн кәдімгі жүгері сабағына ұқсайтын шөпті орып жүр екен. Техниканың жылдамдығы жаман емес, кәдімгі күріш оратын комбайн. Ору машинасының рөлінде отырған азамат Қайрат Тұңғышбаев осы шаруашылықта жұмыс істегеніне біраз жыл болыпты. Ол кісімен тілдескенімізде, ол бізге биыл жоңышқа алқаптарының шығымы мен түсімі көңіл көншітетінін жеткізді.
Қай өнімнің жерге қандай пайдасы не зияны бар, мұның бәрін ғылыми түрде зерттеп тастаған, үнемі ізденіс үстінде жүретін шаруа қожалық төрағасы Ерұлан Өмірсеріков Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан қант құмайының 1 тонна тұқымын алдыртыпты.
– Биыл шаруашылықтың 47 гектар жеріне қант құмайының жаңа сорты эксперимент ретінде бірінші рет егілді. Қант құмайы – жүгері секілді өсетін дақыл. Қант құмайын жоңышқамен араластырып гектарына 20 келі тұқым салдық. Жаңа тұқым болған соң, аурушаңдыққа төтеп беру мүмкіндігі зор. Бұл сорт бидайдың орнына егілген, бір артықшылығы күріштен тозып шаршаған жерді кәдімгі ескі жоңышқа 3 жылда тыңайтып, қалпына келтірсе, қант құмайына 1 жыл да жеткілікті. Бұл сорт біздің өңірге өте қолайлы. Топырақтағы тұздарды өзіне сіңіреді, тамыры жерде қара шірік болып қалады, азоттандырады. Келесі жылы ол өскен кезде балауса күйінде орып, жермен қоса жыртып тастаған жағдайда биоорганика болады. Бұйырса, жақсы нәтиже беріп жатса, келесі жылы егістік көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – дейді шаруашылық агрономы Алмат Өмірбаев.
Жоңышқа алқабы толығымен арықпен суарылады. Алқаптан күтіп алған өндіріс бригадирі Ерлан Базарбаев та бұл ретте су шаруашылығының жұмысына ризашылығын білдірді. Ерекеңнің айтуынша, су керек мезгілінде қажетті мөлшерде бөлініпті. Сондай-ақ шаруа қожалық қажетті соңғы үлгідегі заманауи техникамен жеткілікті қамтамасыз етілген. Шөп шабатын комбайнның да еңбек өнімділігі жоғары, оған алқап басында көзіміз де жетті. Бригадада 12 сушы, жоңышқаға қарайтын 3 қарауыл еңбек етіп жатыр екен.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, соңғы жылдары аяқ су мәселесі ешқандай шаруашылықты айналып өтпеді. Десе де жергілікті шаруашылықтар егінді әртараптандыру су тапшылығының алдын алу үшін таптырмас мүмкіндік екенін түсінетін уақыт келді. «Егінші» сияқты шаруашылықтар егінді әртараптандыру жұмыстарын бастап та кетті. Енді олардың қатары артса, бұл мәселені де айналып өтеріміз анық.
Тағы бір айта кететін жайт, биыл шаруа қожалық бақша дақылдарын егуге де жер бөлген. Асқабақ егуге 4 гектар жер берілсе, бақша өнімдерін егемін деген жеке адамдарға да жер қаралған. Бау-бақша дақылдарын егуге қожалықтың барлық сушылары да тартылған, жаздың бір күні қыстың мың күнін асырайтынын жақсы түсінген олар өздерінің қыстық азығын осы жерден дайындап алады екен.
Жалпы еңбек етемін деген адамға жұмыс көп екенін шаруашылық қызметкерлеріне қарап түсінуге әбден болады. Елден ала бөтен шалғы сілтеген шаруа қожалықтың ауызбіршілігі һәм табандылығы жоғары өнімнен дәмелі екенін анық байқатты.
Жандос МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!