Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 17:27

Егісті әртараптандырған «Егінші»

19.07.2022

1761

0

Ауданымызға қарасты Мырзабай ахун ауылының кәсіпке бейімделуі де, тыныс-тіршілігі де соңғы жылдары ілгерілеп келе жатқанын айтып келеміз. Қазір бұл елді мекенге бара қалсаңыз қызу еңбектің куәсі боласыз. Сондай қызу тірліктің бел ортасында «Егінші» шаруа қожалығының диқаншылары да жүр. Осыдан бірнеше күн бұрын Мырзабайда күріш пен жоңышқаны ғана танитын біз үшін таңсық дақылдың егілгенін естіп, ауылға ат басын бұрған едік.

Әкімдіктің алдынан күтіп алған «Егінші» ЖШС агрономы Алмат Өмір­баев бізді өзінің жол таң­дамайтын көлігіне отырғызып, ал­қап­қа қарай тартты. Ағамыздың айтуынша, қазіргі таңда мал азығын дайындау жұмыс­та­ры бас­талып, жауапты науқан қыза түскен. Алқап басына барғанымызда жоңыш­қа­лықтың біраз бөлігі орыла бастапты. «Jhon Deere» деп аталатын америкалық қуатты комбайн кәдімгі жүгері сабағына ұқсайтын шөпті орып жүр екен. Тех­никаның жылдамдығы жаман емес, кәдімгі күріш оратын комбайн. Ору машинасының рөлінде отырған аза­мат Қайрат Тұңғышбаев осы шаруашылықта жұмыс істе­геніне біраз жыл болыпты. Ол кісімен тілдескенімізде, ол бізге биыл жоңышқа алқап­тарының шығымы мен түсімі көңіл көн­шітетінін жеткізді.
Қай өнімнің жерге қандай пайдасы не зияны бар, мұның бәрін ғылыми түрде зерт­теп тастаған, үнемі ізденіс үстінде жү­ре­тін шаруа қожалық төрағасы Ерұлан Өмір­серіков Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институтынан қант құмайының 1 тонна тұқымын алдыртыпты.


– Биыл шаруашылықтың 47 гектар же­ріне қант құмайының жаңа сорты эксперимент ретінде бірін­ші рет егілді. Қант құмайы – жүгері секілді өсетін дақыл. Қант құмайын жоңыш­қа­мен араластырып гектарына 20 келі тұқым салдық. Жаңа тұқым болған соң, ауру­шаң­дыққа төтеп беру мүмкіндігі зор. Бұл сорт бидайдың орнына егілген, бір артықшылығы күріштен тозып шаршаған жерді кәдімгі ескі жоңышқа 3 жылда тыңайтып, қалпына келтірсе, қант құ­майына 1 жыл да жеткілікті. Бұл сорт біз­дің өңірге өте қолайлы. Топырақтағы тұз­дарды өзіне сіңіреді, тамыры жерде қара шірік болып қалады, азоттандырады. Келесі жылы ол өскен кезде балауса күйін­де орып, жермен қоса жыртып таста­ған жағдайда биоорганика болады. Бұйырса, жақсы нәтиже беріп жатса, келесі жылы егістік көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр­мыз, – дейді шаруашылық агрономы Алмат Өмірбаев.


Жоңышқа алқабы толығымен арық­пен суарылады. Алқаптан күтіп алған өнді­ріс бригадирі Ерлан Базарбаев та бұл ретте су ша­руашылығының жұ­­мысына ризашы­лы­ғын білдірді. Ере­кең­нің айтуынша, су керек мез­гілінде қажетті мөлшерде бөлі­ніпті. Сон­дай-ақ шаруа қожалық қажетті соңғы үлгі­дегі заманауи техникамен жеткілікті қамтамасыз етілген. Шөп ша­батын ком­байнның да еңбек өнімділігі жо­ғары, оған алқап ба­сында көзіміз де жетті. Бригадада 12 сушы, жоңышқаға қарайтын 3 қарауыл ең­бек етіп жатыр екен.


«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қар­тайды» демекші, соңғы жылдары аяқ су мәселесі ешқандай шаруашылықты ай­налып өтпеді. Десе де жергілікті ша­руа­шылықтар егінді әртараптандыру су тапшылығының алдын алу үшін таптыр­мас мүмкіндік екенін түсінетін уақыт келді. «Егінші» сияқты ша­руа­шылықтар егінді әртараптандыру жұ­мыстарын бастап та кетті. Енді олардың қатары артса, бұл мәселені де айналып өтеріміз анық.


Тағы бір айта кететін жайт, биыл шаруа қожалық бақша дақылдарын егуге де жер бөлген. Асқабақ егуге 4 гектар жер берілсе, бақша өнімдерін егемін деген жеке адам­дарға да жер қаралған. Бау-бақша да­қыл­дарын егуге қожалықтың барлық сушылары да тартылған, жаздың бір күні қыстың мың күнін асырайтынын жақсы түсінген олар өздерінің қыстық азығын осы жерден дайындап алады екен.


Жалпы еңбек етемін деген адамға жұ­мыс көп екенін шаруашылық қызмет­кер­леріне қарап түсінуге әбден болады. Елден ала бөтен шалғы сілтеген шаруа қо­жалықтың ауызбіршілігі һәм табан­ды­лығы жоғары өнімнен дәмелі екенін анық бай­қатты.

Жандос МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: