Ержан Жүсіпов Отан алдындағы борышын өтеп келген бойда ауыл шаруашылығы саласында еңбек жолын бастап кетті. Тоқсаныншы жылдардың соңында бұл салаға жастар келуге жүрексінетін. Жүрексінгенде қалай, бұл әлі еліміздің ауыл шаруашылығы заманауи технологиялармен жарақталмаған шақ еді. Оның үстіне қолда бар көне техникалар бірін іске қоссаң, екіншісі құлап жатады. Сондықтан ол тұстағы жастардың бұл пайымына да түсіністікпен қарауға болады. Бірақ Ержан Жүсіпов кейін салада серпін қалыптасатынына сенді, сенген соң қиын шақта еңбек жолын осы салада бастады.
– Әскерден оралған бойда ауылға келіп, күріш ектім. Айналамның бәрі егде жастағы кісілер болды. Шыны керек, жастар жағы аз болды. Бірақ солардан көрген-білгенімді үйреніп, тәжірибе жинадым. Талай қиын шақтарды еңсердік, ол кезде қазіргідей жарақты техникалардың бірі де жоқ. Бірақ сонда да мол өнім алуға жұмыс жасадық, сол жылы күріш ектім де, мен де бұл саладан кетуге бел будым. Содан бері биыл бірінші рет күріш егіп отырмын, – дейді ол.
Ауыл шаруашылығының ертеңіне сенген еңбек адамы бүгінде аудандағы маңдайалды шаруашылық құрылымдарының бірі «Ауылым» фермер қожалығында диқан болып жұмыс жасайды. Тәжірибелі сушы биыл ерте көктемде 34 гектар алқапқа Сыр салысын сепкен. Өнімнің шығымы жаман емес, биылғы аяқсу тапшылығына қарамастан дала дарабозы жаздай тынбай еңбек еткен.
Даңғайыр диқандардың ізбасары күріштің «Маршал» сұрпы Сыр салысының басқа да тұқымына қарағанда сапалы екенін айтады. Мәселен, «Маршал» ыстыққа да, салқынға да төзімді көрінеді. Оның үстіне 2-3 күн су болмай қалса, бұл өнім сапасына айтарлықтай кері әсерін тигізе қоймайды екен, яғни күріштің бұл сұрпы құрғақшылыққа да төзімді көрінеді. Сондай-ақ 2-3 күн шалшық сумен қоректенетін де қасиетке ие. Ал бұған дейінгі қолданыстағы «Лидер» сұрпы мұндай жағдайларда жылдам ауруға шалдығады екен. Мұнан кейін масақ басындағы дән қызарып, дереу өнім сапасы төмендейтін көрінеді.
– Шаруашылық күріштің жаңа сұрыптарын енгізіп жатыр. Мәселен, мұнда «Маршалдан» бөлек «Каурис» деген күріштің тағы бір жаңа сұрпы бар. Қазір су тапшылығы қат болған шақта мұндай өзгерістер дұрыс деп есептеймін. Мәселен, «Маршал» 2-3 күн су болмаса да құрғақшылыққа төтеп береді. Оның үстіне шалшық сумен де қоректенеді. Негізі күріштің болған жағдайда суын ауыстырып тұрған дұрыс, бірақ оны қазіргі су тапшылығы қиын жағдайда жасау мүмкін емес. Біз дән сепкеннен кейін бір жетіде суын ауыстырдық, содан кейін атызды суға толтырып сонымен ұстап тұрдық. Бірақ өнімнің шығымы жаман емес, – дейді Ержан Жүсіпов.
Биыл Мөрәлі Шәменов ауылындағы «Ауылым» фермер қожалығы 680 гектар алқапқа күріш еккен. Ақегістің уақытында 110 гектар бидайды жинап алды. Мұнан бөлек 230 гектар ескі жоңышқаны күтімге алып, 100 гектар жаңа жоңышқа егіпті. Бүгінде шаруашылықта 80-ге жуық ауыл тұрғыны жұмыс жасайды. Былтыр да дәл осы межеде күріш егіп, гектарынан 60 центнер өнім жиды.
Өткен аптаның аяғында шаруашылық күрішке орақ салған болатын. Комбайн бірінші кейіпкеріміз Ержан Жүсіповтың егіс алқабына түсті. Тәжірибелі диқан да биыл үлкен өнімнен үмітті. Олай ойлайтындай жөні бар, өйткені алқаптағы өнімнің шығымы оның ала жаздай табанды еңбек еткенін аңғартады.
Ол әскерден келген жылы күріш екті, содан бері ауыл шаруашылығына кеше қайта оралды. Арада қанша уақыт өтсе де аға буыннан жиған тәжірибесі оны аз уақыт ішінде қайта шыңдағандай. Аузын бақсаң, күріштің күтіміне қатысты тек тың деректерді айтады. Ал сөзіне сенбеске амалың жоқ, өйткені оның сөзінен ісі алда жүретін азамат екені жасаған ісінен анық байқалады.
Елдің бәрі алғашқы орақ рәсімі аяқталысымен дастарқаннан дәм татуға кетті. Ал диқан Ержан Жүсіпов комбайн орақ салған ашық жерге отырып, басы дәнге толған күріштің сабағын ұстап, жаз бойы баптаған өнімінің шығымына марқайып отыр.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!