Жалағаш ауданының аумағынан «Сырдария» өзенінің 84,5 шақырымы өтеді. Өзен бойында барлығы 96,5 шақырым қорғаныс бөгеті орналасқан. Оның ішінде оң жағалауында – 56, сол жағалауында – 405 шақырым. Сонымен қатар Қараөзек арнасының 48 шақырымы өтіп, онда 8,3 шақырым қорғаныс бөгеті бар. Су басу аймағында шамамен 70 мың гектар жер, оның ішінде 5300 гектар ауыл шаруашылығы жері, 100 шақырым электр және байланыс желісі, 50 шақырым темір жол, 50 шақырым автокөлік жолы орналаскан. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Еркін Назарқұлов мәлімдеді.
Спикер су басу қаупі бар учаскелерден тұрғындарды көшіру үшін 4 эвакуациялық жинақтау, 10 эвакуациялық қабылдау бекетінің орындары бекітілгенін айтады. Сондай-ақ Сырдария өзеніне жақын орналасқан су алу қаупі бар 4 елді мекен орналасқанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, олардың қатарында Ақсу, Мөрәлі Шәменов, Таң, Далдабай елді мекендері бар. аталған елді мекендер тұрғындарының 2024-2025 жылдардағы болуы ықтимал су тасқынының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1072 үй, 5367 тұрғыннан мәлімет алынған. Сонымен қатар мал шаруашылығы қожалықтары мен тұрғын үйлері аралап, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылған.
Биыл 21 қазанда аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатовпен 2024-2025 жылдардың қыс-көктем кезеңдеріндегі Сырдария өзенімен келетін мол суды қауіпсіз өткізуге дайындық жұмыстарын жүзеге асыруға арналған іс-шаралар жоспары, Сырдария өзенімен мол су, сең жүру кезеңінде өзен бойында қауіпті учаскелерге бекітілген жауапты мекемелердің кезекшілік кестесі бекітілген. 30 қазанда өзен бойында орналасқан қорғаныс бөгеттерінің жай-күйіне аудан әкімінің жетекшілік ететін орынбасары, «Жалағашсушар» мекемесінің басшысы және аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен Сырдария өзенінің бойындағы қауіпті 13 учаскеге мониторинг жұмыстары жүргізілген.
Бөлім басшысы суға түсу маусымы кезінде атқарылған жұмыстарды да кеңінен тарқатты. Сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін берген. Мәселен, жыл басынан бері бөлім қызметкерлері судағы қауіп-қатердің алдын алу мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде биыл маусымында қайғылы оқиғалар орын алған жоқ. Былтыр 3 қайғылы жағдай орын алған болатын. Оның 1-еуі бала болса, 2-еуі – ересек адам.
– Биыл 10 айда ауданда су айдындарында 150-ден астам патрульдеу және рейдтік шаралар жүргізілді. ҚР ӘҚБтК 412-бабына сәйкес белгіленбеген орындарға суға түскен жеке тұлғаларға 4 әкімшілік хаттама толтырылып, 51 688 теңге айыппұл салынды. Ауданда орналасқан су айдындарында 18 суға шомылуға қауіпті учаскі белгіленген, бұл учаскілерде 45 ескерту тақтайшасы мен 11 билборд орнатылған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің тапсырмасына сәйкес, тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балалары бассейндерде тегін суға шомылу бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен «Бодыбай Құлтекенов» атындағы Жалағаш аудандық жабық бассейні арасында екіжақты өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды, бұл жұмыстар да өз нәтижесін берді, – дейді Еркін Назарқұлов.
Бөлім басшысы ауданда 27 көппәтерлі екіқабатты үй барын айтады. Балалардың жазатайым терезеден құлау жағдайларының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдар, аудандық жастар рессурстар орталығы жанынан құрылған еріктілермен түсіндірме жұмыстарын жүргізілген. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің және аудан әкімдігінің Facebook, Instagram парақшаларына 19 мақала жарияланған. Ал «Жалағаш жаршысы» газетінде 3 мақала жарық көрген. Аудандық білім бөлімі арқылы ауданда орналасқан барлық білім беру ұйымының, ата-аналардың WhatsApp топтары арқылы ескертпе бейнероликтер әзірленіп, таратылған.
Жыл басынан бері орман шаруашылығының аумағындағы өрттердің алдын алу және шұғыл ден қою мақсатында 3 рет өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілген. Сонымен қатар орман өртінің алдын алу мақсатында күндізгі және түнгі рейд жұмыстарының нәтижесінде орман алқаптарында ашық от көзін пайдаланған 1 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 367 бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 18 460 теңге айыппұл салынып, уақытылы өндірілген.
Биыл 10 айда ауданда 15 өрт оқиғасы тіркелді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 63 пайызға азайып отыр. Салдарынан 1 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алған. Өрттен келген материалдық шығын 5млн 127 мың теңгені құрайды.
– Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының бұйрығына сәйкес, адамдардың қаза болуын және жарақат алу қауіп-қатерін азайту мақсатында аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық №11 өрт сөндіру бөлімі, аудандық полиция қызметкерлері, еріктілер және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халық арасында тұрмыстағы электр және жылыту қондырғыларын, жылыту пештерін қолдану, балаларды қараусыз қалдырмау, пеш мұржаларын тазарту жөнінде үнпарақтар таратып, үгіттеу-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымында аудан гарнизонының қызметкерлерімен үгіттеу-түсіндіру жұмыстары кезінде 1727 тұрғын үйдің 9141 тұрғынына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 2250 жадынама таратылды, оның ішінде әлеуметтік осал топтарына жататын 116 отбасының тізімі алынып, оларға 116 көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатылды. Негізінен кез келген төтенше жағдайдың алдын алуда түсіндірме жұмыстары маңызды рөл атқарады. Менің бұл бағытқа ерекше тоқталып отқаным да сондықтан, – дейді спикер.
Бөлім басшысы мекеме қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша да арнайы жиындар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылатынын жеткізді. Ол кез келген салада сыбайлас жемқорлық орын алмауы қажет деп есептейді. Себебі бұл ұстаным дамыған елдер қатарына қосылуда ерекше маңызға ие деп біледі.
– Кез келген салада сыбайлас жемқорлықтың алдын аул керек. Қоғам дерті жайлаған, көрініс тапқан салада даму, ілгерілеу мүлде болмайды. Біз оған қарсы шараларды да ұйымдастырамыз. Бөлім қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлықтың зиянын, зардабын түсіндіріп, одан өздерін аулақ ұстауға шақырамыз. Себебі бұл елімізді дамыған елдер қатарынан көруде маңызды рөл атқарады, – дейді Еркін Назарқұлов.
Брифинг соңында спикер БАҚ өкілдерінің де бірқатар сауалын жауапсыз қалдырмады. Сондай-ақ ол ауданда төтенше жағдайлардың алдын алуда, онымен күресуде ұжымның аянбай еңбек ететінін тілге тиек етті. Бастысы, «халық сақтанса, сақтайтынын қаперден шығармаса» дейді.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!