Оқушылар үшін ең қызықты мезгіл – жаз. Үш ай демалыста балалар асыр салып ойнап, бір демалып қалады. Мәселен, аудандағы «Ақтерек» жазғы тынықтыру лагерінің бір ауысымында 80 оқушы демалады. Биыл 6 ауысым бойынша 480 бала қамтылады. Осы орай да аудандық басылым тілшілері лагерьге атбасын бұрып, балалардың жағдайын біліп қайттық.
Бала кезімізден лагерь десе қызығатынбыз. 3 жыл қатарынан «Ақтерекке» барғаным есіме түсіп, қызықты балалық шағымызды еске алдық. Лагерь – тек балалардың тынығып, сауық құратын мекені ғана емес, өскелең ұрпақ үшін маңызы зор тәрбие ошағы. Тоғыз ай бойы мектеп бағдарламасын оқыған оқушының лагерде танымы кеңейіп, ойы бір адым болса да өрістейді. Жаңа достар табады, жаңа ортамен тіл табысып, қарым-қатынас жасауды үйренеді, бойында көпшіл мінез қалыптасады. Сондықтан ата-аналар балаларын жазғы демалысында лагерге жібергені жөн.
«Ақтерек» тынығу лагеріне бала қабылдағанда әуелі ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасы, көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасының балаларына басымдық беріледі.
Лагерде оқушылар 5 мезгіл тамақтанады, ойын ойнайды. Жұмыс жоспарына сәйкес оқушылармен аудандағы мәдени орындарға саяхат жасап, танымдық және рухани білімдерін толықтырады. Биылғы жазғы демалысқа балалардың жатын бөлмелеріндегі төсек-орындары жаңартылып, асхана, медициналық кабинет жабдықтары толықтырылды.
– «Ақтерек» лагері 1999 жылы асар әдісімен салынған. Содан бері 80 орындық лагерь жылда 6 ауысыммен жұмыс істеп келе жатыр. Қазір лагерде 4 жатын ғимарат, 1 асхана, 1 медициналық бөлімше, 1 спорт алаңы және 1 бассейн бар. Мұнда оқушылардың жазғы демалысын қызықты өткізу үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Жалпы тынығу лагерлерінің өз тәртібі, ережесі бар. Тынығушылар мұндағы әр күнін сол тәртіпке сәйкес өткізеді. Танымдық-логикалық, спорттық жарыстар өтіп тұрады, – дейді «Ақтерек» сауықтыру лагерінің директоры Нұржан Бақбергенов.
Сонымен қатар лагерьде бой сергіту, ой сергіту және танымдық бағытта түрлі ойындар ұйымдастырылады. Одан бөлек сурет, қолөнер, робототехника, полиглот және өрт қауіпсіздігі үйірмелері жұмыс істейді. Н.Бақбергенов тынығушыларды белгіленген күні бойынша Дәуімбай елді мекеніндегі орталық бассейнге және балалардың тарихи танымын кеңейту мақсатында Қорқыт ата мемориалдық кешеніне апаруды жоспарлап отқанын айтады.
Айта кетейік, бір ауысым 10 күнге созылады. Балалар жалықпас үшін әр күні әртүрлі тақырыптар аясында шаралар дайындалады. Мәселен, бүгін басты шара «Қайта өңдеу шеберханасы», қоқыс қалдықтарын өңдеу бойынша эко-челленджі ұйымдастырылуда. Осы шаралар арқылы 5 топтың балалары жарысқа түсіп, балл жинайды. Ауысым соңында ең көп балл жинаған топ оқушылар үздіктері марапатталады.
– Мен жаз мезгілін қатты жақсы көремін, әсіресе лагерьге жіберетін уақытты. Лагерде өте қызық, жаңа достар табамыз, түрлі ойындар ойнаймыз. Жетекшілеріміз де бізбен бала секілді ойнап, бар жағдайымызды жасайды. Үш ай демалысты тиімді өткізу үшін лагердің орны ерекше. Қазір келгеніме үш күн болды. Мүмкіндік болса келесі ауысымдарына да келгім келеді, – дейді лагерьдің кішкентай демалушысы.
Сонымен қатар лагерде жазғы маусым кезеңінде 6 ауысым бойынша, яғни 1 маусым және 15 тамыз аралығында мектеп педагогтары мен техникалық қызметкерлері жұмыс жасайды. Олар түрлі концерттік бағдарламалар мен спорттық ойындар ұйымдастырып, балалардың тыныштығын бақылап отырады.
Лагерге келген балалар әртүрлі шараларға қатысып, ой-өрісін дамытып, талай танымдық дүниелермен танысады. Балалардың жаз мезгілінде денсаулығының нығайып, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шығармашылығын дамытып өсіру – бүгінгі күннің басты міндеті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!