2024 жыл әлемдік саясатта маңызды кезең болмақ. Биыл бірқатар держава Президент сайлауын өткізеді, нақтырақ айтсақ, 64 ел басшыларын қайта таңдайды. Сарапшылардың мәліметінше, әлем бойынша 2 млрд адам дауыс беруге қатысады. Әрине бұл әлемдегі геосаяси жағдайға айтарлықтай әсер етпей қоймайды. Бүгінде сайлауалды дайындық көп мемлекетте әлден-ақ басталып кеткен.
Әлем көзі АҚШ-та
Әлемдік саясаттың көшбасындағы АҚШ-тағы президент сайлауына төрткүл дүние көз тігері сөзсіз. Саяси бәсеке бұған дейін-ақ басталып кеткен. Сарапшылармен қоса қарапайым халықта «Президент Джо Байден орынтағын сақтап қала ма, әлде басқа үміткер ел тізгінін қолға ұстай ма?» деген сауалды қызу талқылап жатыр.
Бүгінде үміткерлер қатарындағы бірнеше адамның есімі мәлім болды. Ең танымалы Джо Байден мен экс-президент Дональд Трамп екен. Бұл екеуі таққа таласта бір-бірінің саясаттағы осал тұстарын теріп, кемшіліктерін бетке басудан алдына қара салар емес. Мәселен, Д.Трамп Ақ үйдің қазіргі қожайынын IQ-і төмен деп кемсітсе, ал Джо Байден оны бүлікші деп айыптады.
– Джо Байден мен демократиялық партия кез келген мәселені шеше алмайды. Қисық Джо – біздің ел тарихындағы ең нашар, қабілетсіз және жемқор президент, – деді АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп.
Экс-президенттің бұл сөзіне кезінде Трампты әлсіз деп әжуалап, 2020 жылы Джо Байден президент болған кезде, оны бірінші болып құттықтаған Канада премьер-министрі Джастин Трюдо «Егер Трамп билікке қайтып келетін болса, демократияға, сыртқы саясатқа және геосаясатқа ауыр зардаптар әкеледі» деп жауап берді.
Жалпы жылдың алғашқы президент сайлауы Тайуанда өтеді. Онан соң Әзербайжан, Ресей, Франция, Үндістан, Албания және Бразилия халқы өз басшысын сайлайды. Ал АҚШ-тағы сайлау әлем көз тіккен жылдың ең басты саяси науқаны болмақ. Сарапшылардың пікірінше, сайлау нәтижесі әлемде болып жатқан қақтығыстарға тікелей әсер етеді.
Таяу Шығыста жыл
жақсы басталған жоқ
Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыстың тоқтайтын түрі жоқ. Жаңа жыл қарсаңында Израиль қорғаныс армиясының өкілі Даниэль Хагари шабуылды одан әрі үдетуге күш салып жатқанын мәлімдеді. Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 7 қазаннан бастап Газа секторында 21 мың 978 адам қаза тапқан. Оның басым бөлігі әйел мен бала. Ал жаңа жылдан кейін министрлік соңғы 24 сағат ішінде 156 адам қаза тауып, 246 адам жараланғанын мәлімдеді. Газаның тағдыры бұлыңғыр. Ал мұндағы балалардың жаңа жылдан күтері жылы ұя ғана.
Ракеталар отшашуы болды
Ұлу жылы Ресей мен Украина үшін де жайлы басталмады. 2 қаңтарда түнде және таңертең Ресей Украина аумағын ракетамен жаппай атқылады. Негізгі шабуыл Харьков пен Киев қаласына жасалған.
Киев билігінің алдын ала мәліметі бойынша, қаладағы тұрғын үйге түскен ракетадан 1 адам қаза тауып, 27 адам зардап шеккен. Жараланғандардың көбі ауруханаға түскен. Шабуылдан Киевте жарық пен су жеткізу жұмыстарында ақау болған.
Украина астанасының мэрі Виталий Кличко ракеталар азаматтық инфраструктура мекемелеріне түскенін, газ құбырлары бүлінгенін айтты. Ал Харьковта бірнеше көпқабатты үйге ракета түскен. Бір адам қаза тауып, 40-тан аса адам жараланған.
Алдын ала дерек бойынша, Ресей «Кинжал» ракеталарымен шабуылдаған. Ресей қорғаныс министрлігі бұл шабуылға қатысты ештеңе мәлімдемеді. Мәскеу мұндай шабуылдар тек Украинаның әскери объектілеріне жасалады дейді.
29 желтоқсанда Ресейдің Украина аумағына ракетамен шабуылынан 30 адам қаза тауып, 160 адам жараланған болатын. Ал 30 желтоқсанда Украина Ресейдің Белгород қаласын атып, 24 адам қаза болып, 100-ден аса адам жараланған. Осыдан соң Ресей Президенті Владимир Путин Украинаға шабуылды үдету жайлы пәрмен бергенін айтқан.
БҰҰ өткен жылға өкпелі
Былтырғы климат жөніндегі саммитте әлем елдері алғаш рет жаңартылған энергия көздеріне көшуге келіскен еді. Биыл айтулы даталардың қатарына 26 қаңтар «Халықаралық таза энергия күні» қосылды. Бұл жаһандық жылынумен күресте әлем үшін маңызды қадамның басы болмақ.
– 2024 жыл сенім мен үмітті қалпына келтіру жылы болуы керек. Ортақ шешімге келу үшін келіспеушіліктерге қарамастан бірігуіміз керек. Климаттың өзгеруімен күресу. Экономикалық мүмкіндіктер мен барлығына пайда әкелетін әділ жаһандық қаржы жүйесін құруымыз керек, – деді БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш.
Әлемдегі ең беделді халықаралық ұйым Біріккен Ұлттар ұйымы өткен жылға өкпелі екенін мәлімдеді. Жасыратыны жоқ, 2023 жыл үлкен азаптың, зорлық-зомбылық және климаттық хаос жылы болып есте қалды. Расымен де адамзат қатты зардап шекті. Кедейлік пен аштық алқымнан алды. Соғыс оты өрбіді. Түрлі індет тарады. Дегенмен әлем халқы келер жылдан үміттенеді, жақсылыққа сенеді.
Жандос Жазкен
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!