Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Сенбі, 23 қараша, 15:54

Адал еңбек абырой биігіне көтереді

01.10.2024

222

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» деген еді.

Әрине, әр саланың өз қиындығы мен қызығы болады. Кәсібінің шебері болу – әрбір азаматтың кәсібіне деген жауап­кершілігінен бастау алары сөзсіз. Мезгілдің қолайсыздығына қарамайтын, қоғамға қайтсем де пайдам тисін деп жүретін еңбек адамының қызметі ерен. Дәл осындай еңбегімен ел алғысына бөленіп, ауданның көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – аудандық ветеринариялық станциясындағы Мә­де­ниет ауылының ветеринар дәрігері Қы­дырәлі Бекетов.
Ол 1963 жылы Жалағаш ауданы Мәдениет ауылында дүниеге келген. Ауылда өскен соң ба, бала кезінен мал бағып, төрт түліктің бабын жасаған. Сөйтіп мектепті бітірген соң Қызылорда совхоз-техникумына «мал дәрігері» ма­мандығы бойынша оқуға түсіп, білімін жалғастырады. Оны үздік бітірген соң ауылына оралып, 2 жыл әскери боры­шын өтеуге аттанады.
Ол әскерден оралғасын еңбек жолын туған ауылында совхоздың өндіріс бри­гадасында қарапайым жұ­­­мысшы болып бас­тайды. 2012 жыл­дан бастап мал дәрігері ре­тінде М.Шә­менов, Мә­де­ниет елді мекен­дерінде қызметін жал­ғас­ты­рады. Еңбек адамы сол уақыттан бастап аудан әле­уеті үшін тынбай еңбек етіп келеді.
– Кез келген жұмысқа немқұ­рай­лы­лық­пен қарау – табиғатыма жат дү­ние. Бала кезімнен төрт түлікке жа­қын өскендіктен болар, сүйікті ісімнен бір елі ажырағым келмейді. Адал ең­бек­тің арқасында жетістікке жетуге болатынын білемін. Міне, талай жыл ветеринария саласында қыз­мет етудемін. Тынбай тер төгудің ар­қасында біраз нәрсе үйренгендеймін. Жа­ңашылдыққа үнемі оң көзбен қарап, өз білімімді үнемі толықтырып отырдым. Ве­теринария саласын дамытуда әлемдік желідегі жаңашылдықтың барлығын ба­қылап, өзімізге пайдалануға тыры­са­мын. Осы­лайша жұмысымыз жалғасын табуда. Ұзақ жылдан бері бір мекемеде жұ­мыс істеп келемін. Өзіме ұнайды, өз ісіммен мақтанамын. Әрбір адам өз жұмысына адал болып, соңына дейін жеткізу қажет. Қай жұмыстың да оңайы жоқ. Кейінгі жастарға да үнемі осыны айтып отырамын. Қиындық кез келген жұмыста болады. Барлығы төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ ауыр­дың үстімен, жеңілдің астымен жүруге де болмайды. Адам тұрақты бо­луы керек. Өзіме ыңғайлы, жалақым да көңілге қонымды. Басшылық тараптан еңбегіміз еленеді. Еңбек адамына бұдан артық не керек? – дейді кейіпкеріміз.
Асқар тау әкесінің «Балам қандай жұмыс істесең де шын ынтаңмен істе, ешқашан жалқауланба, себебі ол – сенің жейтін наның» деген өсиет сөзін бойына бойтұмар еткен ол жұмысына өте жа­уап­­кершілікпен қарайды. Әріптестері «Қы­дыкеңнің жауапкершілігі мол азамат еке­нін күнде көріп жүрміз. Ол – сондай-ақ адал мінезді, жомарт жан» деп тәнті болады екен.
Бір отбасының тірегі, төрт баланың әкесі Қыдырәлі Бе­кетовтың еңбегі елеу­сіз қалған емес. Облыс, ау­дан басшыларының марапаттары, ал­ғыс хат­тары – жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі. Кү­ні кеше Еңбек күні қарсаңында өткен «Адал азамат – Адал еңбек» атты салтанатты шарада облыс әкімінің ал­ғыс хаты мен ақшалай сылығын иеленіп, құрметке бөленді.
Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Президенттің 2025 жылды «Жұ­мысшы мамандықтар жылы» деп жа­­рия­лауы өте орынды. Өйткені нәпақа­сын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүр­ген кейіпкеріміздің ісі көпке үлгі. Еңбек адамы қашанда қоғамның мақ­танышына айнала бермек.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: