Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

28°C

, Сенбі, 20 сәуiр, 11:31

Адам мүгедек болып қалуы мүмкін. Кене шақса не істеу керек?

19.04.2023

1067

0

Көктемде кене көбейеді. Кененің шағуы тек қызартып қана қоймай, қауіпті аурулар туындатуы мүмкін. Кене шақпас үшін не істеу керек? Кене шақса, қалай әрекет ету керек және оның қаупі қандай?

Кене – бізтұмсығы бар өрмекшітәрізді жәндіктер. Кенелерді тек ормандарда емес, сондай-ақ қала ішіндегі саябақтардан да кездестіруге болады. Кенелер үйге үй жануарларымен, басқа адамдардың киімдерімен және саяжай немесе дала гүлдерімен бірге кіруі мүмкін.

Кенелер адамға ағаштардан секірмейді, олар секіре алмайды және ағаштарда өмір сүрмейді. Олардың негізгі тіршілік ететін мекені – шөптер, бұталар, жерден бір жарым метр биіктіктегі кез келген өсімдіктер. Кенелер наурызда оянады.

Кене несімен қауіпті?

Қан сорғыш паразиттер – вирусты және бактериялы сипаттағы бірнеше инфекцияны таратушылар. Олардың ішіндегі ең қауіптілері – кене энцефалиті, боррелиоз, моноцитарлы эрлихиоз, риккетсиоз (кене арқылы берілетін дақты безгек).

Кене энцефалиті – ми мен жұлынды зақымдайтын өте ауыр вирусты ауру. Кене денеге жабысып, сілекей сұйықтығын енгізген бойда ауру бірден адамға беріледі. Ауру дірілдеу, қызу көтерілу, жүрек айну, бас ауыру, көз және маңдай тұсының ауыруы, жарықтан қорқу, есін жоғалту және кейде комаға түсумен қатар жүреді. Жүйке жүйесі жұмысы бұзылатындықтан, бұл ауру адамның мүгедек болып қалуына да әкелуі мүмкін.

Кене боррелиозы Лайм ауруы деп белгілі. Ол буындар, жүрек, ми және жұлынды зақымдайды. Бұл ауру ешқандай белгісіз өтуі мүмкін, айлар бойы білінбей дамиды. Кейде емделеді, ал кейде созылмалыға айналады. Қоздырғыш кене сілекейінде де, кене ішегінде де болады. Сондықтан оны екі күн ішінде алып тастаса, онымен зақымдалу қаупі азаяды.

Кенені қалай дұрыс алу керек?

Кенені бүтіндей және тірі күйінде алып шыққан дұрыс. Оның адаммен байланысы қаншалықты ұзақ болса, зақымдалу қаупі соншалықты жоғары болмақ. Жақын арада медициналық мекеме болса, оны бірден дәрігерге алдыртқан жөн. Егер қала сыртында болсаңыз, кенені пинцетпен қысып, айналдыра бұрап, жайлап алу керек. Қарапайым жіп қолдануға да болады. Жіппен кенені орап, жіпті айналдыра отырып, жайлап тартып аласыз. Алайда өздігінен алу кезінде кене басының денеде қалып қою қаупі бар. Сондықтан бірден дәрігерге апарған дұрыс.

Кенеге май, спирт, антисептик құюға болмайды. Кенені инфекцияға тексеру қажет болады. Ал бұл нәрселер оны жарамсыз етіп тастайды. Кенені лақтырып тастауға да болмайды. Оны міндетті түрде анализ алатын жерге тапсыру керек. Егер кенеде инфекция бар болып шықса, кене шаққан адамды бірден дәрігерге қаратып, қажет ем алу керек.

Кенелерден қалай қорғану керек?

Биологиялық белсенді қосымшалар (БАД), тамақтану өнімдері, масадан қорғайтын спрейлер кене инфекциясынан қорғамайды. Кене инфекциясының алдын алу жолдары – барынша жабық киім мен бас киім кию, кенеге қарсы репелленттер (үркіткіш) қолдану және табиғатқа шыққаннан кейін жиі қаралу.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: