Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 23:10

Әскердегі әлімжеттік қашан тыйылады?

24.01.2023

388

0

Бұрын соғыста болған әкелеріміз майдандастарын, әскерде қызмет еткен ағаларымыз әр өңірден бірге болған әскери дос-жарандарын сағынышпен еске алып, әскери өмірде басынан өткізген қиындықтары мен қызықты оқиғаларды мақтанышпен әңгімелеп отыратын. Ал бүгін Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбаздан әскери өмір туралы сұрауға қорқатын жағдайға жеттік.

Барлық бала кішкентай күнінен саптағы сарбаздарға қатты қызыға­ды. Сымдай тартылып, әскери фор­ма­мен сақайып тұрған сарбаздан абыройлы ешкім болмайтын. Барлық бала алдындағы сол ағалары секілді тезірек ер жетіп, Отанын қорғауға асығатын, армандайтын. Сосын ілгеріде әскерге кеткен баласын ата-ана уайымдамайтын. Керісінше әскери өмірдің темірдей тәртібімен тәрбиеленіп, ысылып келеді деп сенетін және балаларын әскерге шығарып салып, күтіп алғанын зор мақтаныш көретін.
Сексенінші жылдары күйеуінен ерте айырылған ауылдағы бір апамыз жалғыз ұлының әскерге алынатынын естігенде «Әкең марқұм осы күнді көп армандаушы еді. Көре алмай кетті-ау жалғызының жаумен жағаласатын жауынгер болғанын» депті. Сол жалғыз ұлы таңертең «Апа, мен кеттім әскерге, мына түннен қалған тамақты жылытып бермейсіңдер ме?» десе, әлгі апамыз «Ай, бала, әскерде күнде саған тамақ жылытып беріп отыратын шешең бар ма?! Салқын күйінде жей бер. Үйренесің» депті. Қазір елуді орталап қалған сол ағамыз әскерге барып, еркелікті тастап, кәдімгідей есейіп келіпті. Расында оқыс жағдайлар орын алу барысында болмаса, ол уақыттарда әскердегі сарбаз әлімжеттікке, зорлық-зомбы­лық­қа төзбей өз-өзіне қол жұмсапты дегенді естімеуші едік. Екі жыл әске­ри өмірдің тәртібі бұла өскен тен­тек­ті тезге салып, жуас, ынжық ер бала­ларды намысын жанып, рухтан­дырып жіберетін. Тентек баласының» түзеліп», байсалды қалыпқа түскенін немесе босбелбеу баласының ширап, жинақталғанын көрген ата-ана әскери өмірге мың мәрте мадақ айтып, бала­лары үшін мақтанып отыратын-ды.
Ал қазіргі ата-аналар баласының әскерге баратынын естісе, есінен тана қорқады. Қанқұйлы соғыс жүріп жатқан майдан дала­сына атта­нып бара жатқандай уайым­дайды. Өйтетін де жөні бар. Көп ата-ана айдың-күннің аманында өз аяғы­мен әс­керге аттанған өрімдей бала­сы­ның өлі денесін құшып қалып жатыр.
Әскердегі әлімжеттік, тіпті зорлық-зомбылық күн өткен сайын үдеп барады. Бейбіт күнде әскери борышын өтеуге кеткен боздақтардың үйлеріне темір табытпен оралуы жиіледі…
Әрине кәмелет жасқа толған, ақыл-есі қалыпты, денсаулығында ақауы жоқ әрбір ер бала Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс және оған міндетті. Ер – елінің қорғаны, күзеті. Ел іргесіне жау тигенде қолына найзасын алып, дұшпанға тұра ұмтылған он жасар балалардың жасаған ерен ерліктерін тарихтан білеміз. Отанын қорғау, Отанына қызмет қылу – ер азаматтың ұлы парызы. Ендеше бүгінгі бозбалалардың да Отан алдын­да өтейтін борышы бар. Бірақ бүгінгі мәні де, сәні де қашып бара жатқан әскери өмірді ер балалардың көргісі жоқ. Қоғамда дүрбелең туғы­зып, әлеуметтік желіде ең көп талқыланатын тақырып та осы. Иә, бір-бір үйдің үкілеген үміті бей­біт күнде әскери қызметін өтеп жүріп, жұмбақ жағдайда ажал құшып жатқанда қоғам дүрлікпегенде қай­теді?! Әскердегі әбден шегіне жет­кен әлімжеттікті әскери жүйенің божырап, әскердегі тәртіптің босаң­сып кетуінен көреді көбі.
Мәселен, арғы жағын айтпағанда, былтырдың өзінде әскери қызметте жүрген бес сарбаз көз жұмды. Бір қызығы, олардың ақыл-есінде ауытқу, денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Зерттеліп жатыр деп сөз жүзінде айтылғанымен, жұмбақ күйінде қалды. Жылы жауып қоя салдық. Сарбаздардың өліміне кінәлі қаруластары да, шенділер де жазасын алған жоқ. Бірі ата-анасының жалғызы, бірі тұңғышы, бірі кенжесі. Бәрі де отбасына аман оралып, жақындарымды қуантамын деп жүрген сарбаздар еді. Амал не, артындағы ата-анасы мен туған-туысы аңырап қалды. Әлеуметтік желіден жолын күтіп жүрген ұлынан айырылып, қайғы жамылып күңірен­ген әулетті, теңселген елді көргенде бірге егілдік.
Енді кешелі бері осы тақырыпқа қатысты тағы бір ресми ақпарат тарады. Бұл тіпті сұмдық. Әскердегі асылып өлген сарбаздың іш киімінен, ауызынан бірнеше еркектің шәуеті анықталған. Яғни жас сарбаз өзінің қаруластарынан айтуға ауыз бармай­тын дәрежеде зорлық-зомбылық көрген. Соған шыдамай сарбаз өз-өзі­не қол жұмсаған. Бұл енді айуанд­ық. Айуандықтың да шегі.
Бүгінгі біздің әскери жүйенің сиқы осы. Қазақстанның қарулы күштері айбынды болуы үшін ондағы тәртіп қылыштың жүзінде жүргендей болуы тиіс еді. Ал бізде керісінше әскери қызмет өз еркімен жүретін, ойына келгенін істейтін бұзақылар мен қаныпезер қылмыскерлердің, тіпті трансгендердің мекеніне айналған­дай. Өте қорқыншты. Осындай сұм­дық­тарды естіп-көріп отырған ата-аналар өрімдей баласын қалай өлімге айдайды?!
Сөз түйінінде тағы да айтайық, әрбір ата-ана баласының ер азамат болып, Отанын қорғайтын азамат болғанына қуанады, мақтан тұтады. Бірақ бүгінгі бейбіт күнде бірінің артынан бірі болып жатқан әскердегі сұмдық жағдайлардан соң баласын әскерге жібермейтін ата-ананы да, әскерге баруға зауқы жоқ ер балаларды да түсінуге болады.

Қ.АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: