Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

28°C

, Жұма, 04 шiлде, 03:56

Әскери – патриоттық жастар жиыны қорытындыланды

03.07.2025

15

0

Ақтөбе қаласында XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтті. Шет елдерден және еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік жас патриоттар өзара күш сынасып, ептілік пен білім деңгейін сараптады. Сайысқа қатысушы 20 команда 8 кезең бойынша сынға түсті. Аталған жарысқа аймақтан аттанған “Сыр айбыны” командасы да үздік өнер көрсетіп, жалпы есепте төрттікті түйіндеді. Бұл туралы “Қызылорда облысының жастар Одақтары” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасұлан Алдабергенов,

“Жас сарбаз” жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жасұлан Жаңабай және “Сыр айбыны” командасының жас сарбазы Расул Ниетулла айтты.

– «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны жыл сайын дәстүрлі түрде жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Бұл – жасөспірімдердің патриоттық рухын оятып, әскери дайындық пен тәртіпке баулитын маңызды алаң. Қызылорда облысынан қатысқан командалар әр жылдары үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Биылғы көрсеткіш те жаман емес – “Сыр айбыны” командасы барлық кезеңдерден сүрінбей өтіп, төртінші орынды иеленді. Бұл – үлкен еңбек пен дайындықтың жемісі. Алдағы уақытта да жас сарбаздарымыз бұдан да жоғары нәтижеге жететініне сенімдімін,- деді Жасұлан Нұрланбекұлы.

– Осындай деңгейдегі жарыстардың маңызы өте зор. Бұл – жастарды отансүйгіштікке, тәртіпке, ұйымшылдыққа тәрбиелейтін, олардың бойында жауынгерлік рухты қалыптастыратын бірегей алаң. “Айбын” жиынына дайындық жұмыстары сайыс басталады дегеннен-ақ қолға алынды. Команданың әрбір мүшесі жауапкершілікпен қарап, тынымсыз дайындалды. Нәтижесінде, “Сыр айбындары” командасы әскери кросс жарысында жалпыкомандалық есепте 3-орынға ие болды. Жастарымыздың бойындағы ерік-жігер мен намыс бізге келешекте бұдан да биік белестерді бағындыруға сенім береді,- деді Жасұлан Бақытжанұлы.

Ал автомат шашу жарысында жерлесіміз Расул Ниетулла шапшаңдық танытып, 60 қатысушының ішінен бірінші орынды иеленді. “Болашақта өрт сөндіруші болғым келеді”,- дейді жас сарбаз.

– Бұл жарысқа үлкен жауапкершілікпен дайындалдым. Әр жаттығуда шапшаңдыққа мән бердік. Қарсыластар осал болмады, бірақ өзіме сенімді болдым. 60 қатысушының ішінен топ жарып, бірінші орын алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін үлкен тәжірибе. Болашақта өрт сөндіруші болғым келеді. Елге, халыққа пайдасы тиетін мамандық иесі болу арманым,- деді Расул Ниетулла.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: