Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

13°C

, Сәрсенбі, 23 қазан, 18:39

Аяқ суды үнемдеуде аймақ көш бастады

19.10.2024

239

0

Қазіргі таңда әсіресе Сыр еліндегі кәсіпкерлердің күріш егуге деген ынта-ықыласы ерекше. Себебі Сыр салысын баптап, мол өнім алу үшін аймақта барлық жағдай жасалған. Дақылға керек дария суы да өңір үстімен ағып жатыр. Алайда соңғы жылдары Сырдария өзенінің су деңгейі күрт төмендеп, шаруаларға қиындық тудырғаны рас. Еңбек еткеннің көсегесі көтерілетінін жақсы түсінетін сырбойылық диқандар су үнемдеу техникаларын меңгеріп, түрлі тәсілдерді қолдануда.

Күріш алқабы 2,2 мың гектарға қысқарған

Елімізде ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы суармалы жерлердің жал­пы көлемі 1,9 млн гектарды құ­райды. Олардың ішінде 1 млн гек­тар жер үс­тімен су жіберу тәсілі арқылы суа­ры­лады, 98 мың гектар күріш ал­қабын суландыру арқылы, ал 397,3 мың гек­тарында заманауи суару техно­логия­лары қолданылған.
Аяқ суды үнемдеу аясында Үкімет суды көп қажет ететін дақыл­дарды қыс­қарту және су үнемдеу тех­­но­­логия­ларын енгізу арқылы егін алқап­та­рын әртараптандыру бағдар­ламасын іске асы­руда. Осы орайда 2026 жылға дейін күріш ал­қаптарын 14,1 мың гектарға қысқарту жоспарлануда. Өткен жылмен са­лыс­тырғанда күріш алқабы 2,2 мың гек­тарға қысқарып, 98,1 мың гектарға дейін жеткен.
Иә, су үнемдеу технологияларын енгізу ауыл шаруашылығы дақыл­да­рының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, өткен жылмен са­лыс­тырғанда күріштің өнімділігі 8 центнерге, қант қызылшасы 109 центнерге, картоп 51,5 центнерге және көкөністер 26,5 центнерге артқан. Сондай-ақ биыл су үнем­деу тәсілдерін қолданған суарма­лы жер­лердің аумағы 85,1 мың гек­тар­ға ұлғайса, 57,6 мың гектар жер ла­зерлі құрылғымен тегіс­телген.
Сонымен қатар там­шы­ла­тып суару және жаңбыр­лату әдіс­терін қолдан­ған­да өнімділік 30 пайызға жоғары бо­лады. Осы орайда елде су үнемдеу тех­но­логияларымен суармалы жер­лер­ді кеңейту жұмысы қолға алын­ған. Биыл мұндай жер көлемі 462 мың гектарды құраса, 2026 жылға қарай 762,2 мың гектарға жеткізілмек. Осы мақсатта Үкі­мет қа­жетті мемлекеттік және қар­жылық қол­дау көр­се­ту­де.
Соңғы екі жылда инвес­ти­­циялық суб­сидия­ аясын­да 594 жоба 33 млрд теңгеге қар­жы­­лан­­дырылған. Мұнан бөлек бар­лық облыста се­нім­ді агент арқылы агроөнеркәсіп ке­шені са­ла­сын­дағы жобаларды несие­лен­діру бағ­дарламасы іске асырыла бастады.

Аймақта 3 ірі жоба
іске асуда

Мысалы, түріктің «AKPLAS» ком­па­­ниясы ирригациялық жүйелерді «Бай­­­­­­қоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­­­рациясымен бірлесіп, Сыр елінде ир­ри­­­гациялық жүйелерді өндіру жө­нін­дегі жобаны іске асыруға ниет білдіріп отыр. Өндірісті іске қосудың жос­парланған мерзімі – 2025 жылдың үшінші тоқ­саны. Шетелдік және қазақ­стандық ком­па­ниялардың күш-жігерін ұш­тас­тыру су үнемдеу секторын тұрақ­ты да­мыту үшін берік негіз құруға мүмкіндік бермек.
Мемлекет басшысының су үнемдеу туралы тапсырмасына сәйкес ай­мақ­та су көп қажет ететін да­қылдар кө­лемі оңтайландырылып, үнемдеу тех­ноло­гиясы енгізілген. Биыл жаңа техно­логияларды пайдалану көлемі 4 400 гектарға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есе артық. Бүгінде Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы 3 ірі жоба іске асуда.

Жалағашта жаңа
технология

Айта кетейік, биыл егінді сумен қам­­тамасыз ету үшін ауданға қа­жет­ті су көлемі 820 млн текше метрді құ­ра­ған. Оның ішінде егінге 664 млн тек­ше метр, экологиялық қажеттілік­ке 156 млн текше метр қажет болды. Веге­та­циялық кезеңде қажетті су көлемі ауыл шаруашылығы құрылымдарына уақытылы жеткізілген. Алайда аудан­дағы бірқатар шаруа қо­жалықтың «Жалағашсушар» өндірістік учаскесіне су жеткізіп беру қызметіне қарызы 305,9 млн теңгені құрап, төленуге тиісті қар­жының 42,8 пайызы өтелмеген.
Қуантарлығы, аудан шаруалары су үнемдеу технологияларын меңгеріп, егін егуде тиімді пайдалануда. Мә­селен, Әліби Бекжанов басқаратын «Ер-Әлі» шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері күріш ал­­­қа­бына суды үнемдеудің жаңа тех­но­ло­гиясын қолдануда. Бұл – Қы­­зыл­орда облысындағы бірінші ав­то­мат­тандырылған тоспа. Жаңа құ­рылғы әр литр сайын өтетін судың мөл­шерін есептеп, автономды түрде күн сәулесінен қуат алатын батареялармен жұмыс істейді. Сол арқылы шаруа қожалық алғашқы жылдары 19-20 мың куб су үнемдеген.
Сонымен қатар су шығынын азай­туда егістік жерді лазерлік тегістеудің маңызы зор. Сондықтан диқандардың лазерлік жер тегістеу әдісін пайдаланып, су үнемдеуді қолға алуына тура келген. Қазір дән себердің алдында лазерлік жер тегістеу тәсілі міндетті түрде қолданылады. Сондай-ақ күріш дәнін топыраққа дискілеп енгізу арқылы егіледі. Бұл әдіс жерді тегістеуге, суды үнемдеуге, мол әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ты­ңайт­­қыш пен тұқымды үнемдеп егуге де үлкен септігін тигізеді.
Осындай жаңа технологиялардың нәтижесінде шаруашылық биыл 101 цент­нерден рекордтық өнім алған. Сон­дай-ақ «Ер-Әлі» шаруа қожалығы Ақ­қырды өндіріске қосып, ауыл халқына жұмыс берді. Енді аққырлықтар бұрын­ғыдай тек мал шаруашылығымен емес, егін де егеді. Нақтырақ айтсақ, биыл аққырлықтар 123 гектар жерді өңдеп, 8 шақырым аумаққа электр тартып, күріш еккен болатын. Суды үнемдеу әрі тың тәсіл ретінде Мақпалкөл ауылының күріштігінен шыққан суды кәдеге жа­ратқан. Міне, су үнемдеудің аудандағы жай-күйі осындай.
Расында сырбойылықтар суды үнем­деуде мақсатты еңбек етуде. Со­ның бір дәлелі, кешегі Үкімет оты­рысында Премьер-министр Олжас Бек­тенов қы­зылордалықтардың осы тұр­ғыда тә­жіри­бесін басқа өңірлерге үл­гі ет­ті.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: