ІІМ Көші-қон қызметі өкілі Қазақстан тарапынан қабылдаушы тұлғалар шетелдік келгені туралы хабарлауға міндетті екенін еске салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Құрметті қазақстандықтар! Қонақүйлердің, хостелдердің, пансионаттардың, жатақханалардың иелері! Пәтерлер мен басқа да тұрғын үй-жайлардың иелері, Сіздерге арнаймын! Қазақстан Республикасының Ішкі істер министірлігі көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады. «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуі мен онда болуы қағидаларының» 9-тармағына сәйкес шетелдік азаматтарды қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар өздеріне келетін көшіп келушілер туралы Ішкі істер органдарын хабардар етуге міндетті екенін түсіндіреміз», – деді ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов.
Оның айтуынша, хабарлама шетелдік азамат келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде міндетті түрде беріледі.
«Осы мерзімді өткізіп алған және көшіп келушінің келуі туралы Ішкі істер органдарына хабарламаған жағдайда, Қазақстанда қабылдаушы жеке және заңды тұлға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 518-бабы бойынша жауаптылыққа тартылатынын ескертеміз. Заңды тұлғалар үшін 10-нан 25 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал қайталанған жағдайда 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған, бұл 306 мың теңгеге тең. Жеке тұлғалар үшін ескерту түріндегі жаза, ал қайталап бұзғаны үшін 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 91 890 теңге мөлшерінде айыппұл көзделген», – деді ол.
Шетелдік келгені туралы хабарламаны қабылдаушы тарап үш тәсілмен бере алады.
Бірінші. Жеке және заңды тұлғалар шетелдік көшіп келгені туралы электрон виза және көші-қон порталы арқылы тікелей хабарлай алады: vmp.gov.kz немесе egov.kz. Ол үшін қазақстандық тарапқа көшіп келген адамның электрон цифрлық қолтаңбасы және төлқұжаттағы деректері жеткілікті.
Екінші әдіс. Қазақстан тарапынан қабылдаушы жеке және заңды тұлғалар шетелдік келгені туралы хабарламаны тікелей өз ауданы бойынша Ішкі істер органдарының көші-қон қызметінің бөлімдері мен бөлімшелеріне бере алады.
Үшінші оңай әдіс – Apр Store немесе Play Market-тен e-Qonaq қосымшасын жүктеу. Хабарлама екі қадаммен беріледі. Тіпті смартфонның камерасы көмегімен төлқұжатын сканерлеу арқылы шетелдіктің төлқұжат деректерін жүктеу мүмкіндігі бар. Бір минут уақыт алады.
«Жеке және заңды тұлғалар заңның осы талаптарын сақтауға міндетті екенін тағы да ескертеміз. Шетелдік қонақтар өздерінің құжаттағы деректерін қабылдаушы тарапқа хабарлауы және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы тиіс», – деді ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов.
massaget.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!