Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

14°C

, Жексенбі, 20 сәуiр, 06:43

Айзан Шәріпова, аудан тұрғыны: Қазақтың салт-дәстүрін ерекше құрметтеймін

01.03.2025

202

0

Бүгінде ауданда «тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір» 14 ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Серитхановтар әулетінің қарашаңырағына барғанымызда әріптесім екеумізді жүзі жылы ана қарсы алды. Өзін осы үйдің отанасымын деп таныстарған Айзан Шәріпова бізге төрін ұсынды.

Аман-саулық сұрасып, әріптесім екеуміз аудандық басылымнан кел­ге­німізді айтқанымыз сол еді, Ай­зан апай қонақ бөлмеде тұрған газет­тер­ді көрсетіп, әр санын отағасы екеуі жі­бер­мей оқитынын, аудан ты­ны­­сынан біздің басылым арқылы хабардар екенін жеткізді. Біз де 90 жыл­дық тарихы бар газетіміздің әр са­нын асыға күтетін тұрақты оқыр­ман­да­ры­мыз­бен қауышқанымызға қуа­нып, қо­йын дәп­терімізді алып, кейіп­кер­ле­рі­міз­ді әңгі­меге тарттық.
Айзан апай қазақтың тілін ғана емес, салт-дәстүрін де жақсы бі­леді. Ол қазақ елінде тұрып, қазақ­тың әдет-ғұрпын, ұлттық тағамдарын білмеу ұят деп санайды. Кейіпкеріміз қазақ­тың қуанышты жағдайда жаса­латын жоралғыларының бірі – «шашу шашқанды» ұнататынын жеткізді. Сұх­бат барысында «Әрбір үйде шашу шашар қуаныш көп болсын» деген ақ тілегін жаудырды. Сондай-ақ Айзан апай қазақтың ұлттық тағам­да­рын да дәмді әзірлеп, сүйсініп жейді. Сондықтан үйінде үнемі бауырсақ пісіреді екен. Айтуынша, ол қо­лы қалт етсе, бар уақытын ас үйге арнайды. Оның ең ерекше ұнататын тағамы – наурыз көже. Сол се­бепті ол Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін асыға күтеді.
Ал отағасы Осман Серитханов – кент тұрғыны. Ата-анасы 1944 жылы Жа­лағашқа қоныс аударған. Әкесі құрылыс саласында бірнеше жыл елге елеулі қызмет етсе, анасы аудандық ауруханада тазалықшы болып еңбек еткен. Өзі де, бауырлары да осында дүниеге келіпті. Ол кенттегі қазіргі №31 мектеп-гимназиясында білім алған.
– Отбасымызда 6 ағайындымыз. Бар­лығы ер бала. Өкінішке орай үлкен ағам өмірден озды. Қалған 5-еуіміз осы Жалағашта өз отбасымызды құрып, бала-шағамыз бен немерелеріміздің ор­та­сында отырмыз. Араласатын дос-жа­рандардың, көршілеріміздің бәрі – қа­­зақ отбасылары. Осы көшеде тұрып жат­қанымызға 60 жылдай уақыт болды. Көршілерімізбен тату-тәттіміз. Өзге ұлт деп жатсынбай, қандай мереке немесе той болсын бір-бірімізді құттықтап, бір­ге атап өтеміз, – дейді отағасы Осман ағай.
Ол сұхбат барысында көршілерінің ұйымшыл екенін де айтып қалды. Сө­зінше, Наурыз мерекесінде көшеде тұрғындар ұлттық ойындарды ұлықтап, мерекені жоғары деңгейде тойлайды.
Ал отанасы Айзан Шәріпова – Бұ­қарбай батыр ауылының тумасы. Отау құрғандарына 41 жыл толған өне­гелі отбасы 3 баласынан бүгінде 7 немере сүйіп отыр. Балаларының барлығы жақсы білім алып, абыройлы қызмет етуде. Үлкен қызы мен кіші қызы Кавказда жұмыс жасаса, ұлдары ауданда күріш тасу ісімен айналысады.
Олар – ауданның дамуына елеу­лі үлес қосқан қарапайым еңбек адам­дары. Осман ағай бірнеше жыл кө­лік жүргізуші болып қызмет етіп, ең­бек демалысына шыққан. Ал Ай­зан апайымыз – педагог. Кезінде балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеп, қазір ауданда өтетін шараларға белсене атсалысып келеді.
«Ұлтым басқа болса да, жүрегім – қазақ» деген шешен ұлтының азаматы Осман Серитханов қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін ерекше құрметтейтінін жеткізіп, қазақ еліне өз ризашылығын білдірді.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: