Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Жексенбі, 24 қараша, 21:36

Алаяқтар айылын жияр емес

27.08.2024

386

0

Технологияның қарыштап дамуы мен интернеттің кең қолданысының таралуына байланысты интернет алаяқтық тек елімізде ғана емес, әлемдік күрделі мәселеге айналды. Ғылыми тілде мұны «Ақпараттық жүйені пайдаланып жасалатын алаяқтық» деп атайды екен. Бүгінде халықтың көпшілігі, яғни оң-солын танып үлгермеген жастар мен ақыл тоқтатқан ересек кісілердің де интернетке жіпсіз байланғанын ескерсек, алаяқтардың сол маңды торуылдайтыны түсінікті жайт. Сондай-ақ елімізде құмар ойындар мен бәс тігуге құмартқан азаматтар қатары артқан. Салдарынан қаншама отандасымыз қарызға белшесінен батып, тағдырына балта шауып жатыр.

Интер­нет-алаяқтық түрленген

Алаяқтық дегеніміз – баяғы за­ман­нан бері адамзат баласымен бірге жа­сап келе жатқан қылмыстардың бірі. Ол қоғамның жағдайына байланысты түр­леніп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатады. Соған орай алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты ақ­параттық технологиялардың да­муына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Интернет-алаяқтық деп ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бө­тен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз. Яғни бұл жерде қылмыскер ком­пью­тер, смартфон, планшет секілді за­ма­науи құралдардың көмегімен ин­тер­нет арқылы адамдарды алдап-ар­бап, олар­дан ақ­ша бопсалау, мүлкін жым­қыру секілді жымысқы әрекеттерге барады.
Ғаламторды торуылдайтын алаяқ­тар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстан­ғанымен, олардың ерекше сипаттары да бар. Мәселен, олар интернетті пай­даланатындықтан, халықаралық дең­гейде таралуымен ерекшеленеді. Яғни бір елде отырып, екінші елдегі адам­дарды ал­дап-арбай беретін шекара тал­ғамау сипаты бар. Екіншіден, интер­нет-алаяқтар жа­сырын болып келеді. Яғни олар жалған жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді.
Жалпы елімізде жиі кездесетін алаяқ­­­тық түрлеріне интернет-дүкенмен бай­ланысты алаяқтықтар, интернет-ка­зино құ­мар ойындары, фишинг, интер­нет ар­қылы қайыр сұрау, телефон­алаяқ­­­­тық, SMS-алаяқтық және ин­тер­нет-банкинг арқылы жасалатын қыл­­мыс­тар жатады.
Түсінікті болу үшін нақты мысалдар­­ға тоқталсақ, мәселен, қазіргі таңда адам­­дардың көпшілігі кез келген затты сату немесе алу үшін арнайы сайт­­тар­ды пайдаланады.

Алаяқтан айла ауысқан ба?

Жа­қында мы­на­дай бір оқиға болған. Бір адам өзінің автокөлігін сату үшін ар­найы сайт­қа хабарландыру береді. Көп өтпей оған біреу хабарласып, «Ма­ған сіздің көлі­гіңіз ұнап тұр. Сатып ала­йы­н деп едім» дейді. «Жақсы, келіп кө­руіңізге болады» дейді көлік са­тушы. Бірақ алаяқ «Мен барғанша сатып жібермейсіз бе? Мен Ресейде едім. Сізге барам дегенше 2-3 күн өтеді. Сондықтан сізге 100 мың теңге кепіл­ақы беріп қояйын. Сөйтіп, мен алып кеткенше сатпай ұстап тұрсаңыз» дейді. Клиенттің табыла кеткеніне қуан­ған бұл адам да көп ойланбастан оған банк картасының нөмірін береді. Сәл уақыттан кейін қайта телефон шал­ған сатып алушы «Мен сізге ақша ау­дар­дым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламадағы сандарды ма­ған айтып жіберсеңіз, сізге ақша тү­седі» деп құйтырқы ісін жүзеге асы­рады.
Негізі интернет-банкингте түрлі опе­рацияларды орындағанда банк құпия код жібереді де, астында «Еш­кімге бер­меңіздер» деп жазып қояды. Бірақ бұл кісі келген кодты айта салып, алаяққа алданып, сан соғып қалған. Өйткені осы код арқылы әлгі адам­ның интернет-бан­кингіне кіріп, оның есеп-шоты бойынша кез келген опе­­­ра­цияны жасай беруге болады. Міне, бейқамсыздықтың, қаржылық са­уат­­­­­сыздықтың салдарынан қаншама аза­мат алаяқтардың қақпанына оңай түсуде.

Интернет-алаяқтар 17,5 млрд теңгеден астам шығын келтірген


Нақты статистикаға тоқталсақ, елде соңғы жеті жылда интернет-алаяқтық саны 10 есеге, яғни екі мыңнан 20 мың қылмысқа дейін өскен. Биылдың өзінде интернет-алаяқтар азаматтарға 17,5 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Сондай-ақ полицейлер бұ­рын жасаған тағы 328 қылмыстың бетін ашқан. Еркін айналымда жүрген, әрі тыйым салынған 485 бірлік өнім­нің тәркіленгені тағы бар.

278 мыңнан астам
қоңы­рау бұғатталған

Арнайы ор­ган­дармен жүргізілген іс-шаралар нә­ти­же­сінде былтыр үш мыңнан астам ин­­­тер­нет-алаяқтық жасаған 828 адам қыл­­­мыстық жауапкершілікке тар­тылған. Сонымен қатар былтырдан бастап ел тұрғындарының стационарлық те­ле­фон­дарына келіп түсетін халық­ара­лық қо­ңы­­рауларды анықтау және бұғаттау жүйе­­сі іске қосылды. Жүйе іске қосылған сәттен бері 278 мыңнан астам қоңы­рау бұғатталған. Сондай-ақ қарыз алу рә­сімдері sms арқылы растау және био­метрия жүйесімен күшейтілген.
Алаяқтардың құрығына несиеге не­месе қарызға ақша іздеген азаматтар жиі түсіп жатады. Сондай-ақ құмар ойын­дарға бой алдырған азаматтар да алаяқ­тардың оңай олжасына айнал­ған. Өйткені қаржысына бәс тігіп, қарызға белшесінен батқандар ин­тер­нет зайым мекемелеріне жиі жү­гінеді. Міне, заңсыз әрекеттер бір-бірімен моншақтай байланысып жатыр.

Банк қызметкерлері де
қылмысқа барған

Бір қуантарлығы, Қаржылық мони­торинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент қызметкерлері же­­дел іздестіру іс-шараларын өткізу ба­ра­­сында заңсыз ақша жымқырғандар мен заңсыз ойын ұйым­дас­тырумен ай­налыс­қан бірқатар азамат­тың жолын кескен.
Департамент екінші деңгейлі банк­тердің бірінің филиалы кассир-бақылау­шысына қатысты сеніп тапсырылған бөтен мүлікті өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде ақшалай қа­ражатты жымқыру дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен қылмыстық істі тергеген болатын.
Нақтырақ айтқанда, 2019 жылдың жел­тоқсан айынан 2023 жылдың қаңтар айына дейінгі аралықта банк бөлім­шесінің кассир-бақылаушысы материал­дық жа­уап­ты тұлға бола отыра, бейне­бақылау жүйесі қамтымайтын жерді біле тұра, қайта есептеу кассасынан ақша қара­жатын жүйелі түрде жымқырып келген.
Сондай-ақ оның банкоматтарға са­луға арналған кассеталарға ақшаны толық салмай келгені анықталды.
Қа­­­­зіргі уақытта күдіктіге қатысты сот ісі аяқ­талды. Күдікті Қазақстан Респуб­лика­сының Қылмыстық Кодексінің 189-баптың 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп та­нылып, 7 жыл бас бостандығынан айы­рылды. Жазасын орташа қылмыстық ат­қару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.

Заңсыз құмар ойын ойнатқан

Мұнан бөлек 1994 жылы туған аза­мат­­тар наурыз айында қала орталығынан пәтерді жалға алып, интернет желісімен интернет-казино қыз­метін жүзеге асы­ратын «Superomatic» бағ­­дарламалық қам­­тылым көме­гі­мен интернет-казино құмар ойындарын іске қосып, бәс тігу арқылы ойыншыларға құмар ойын ойнат­қан. Тер­геу бары­сында 8 жүйелік блок­, 8 компьютер мониторы, 1 бей­не­тіркеуіш, 1 модем, 6 ұялы те­лефон және кассадан жалпы құны 23 мың теңге тәркіленген.
Қазақстан Республикасының ойын биз­несі туралы заңнамасында бел­гіленген орындардан тыс құмар ойын­дарын ұйым­дастырып және өткізіп, заңсыз ойын биз­несiн ұйымдастырып, қылмыстық құқық бұ­зушылық жа­сағаны үшін қос азаматқа ҚК-нің 307-бабы 2-бөлігі 2-тармағымен мүл­кін тәр­кілеусіз 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу және 100 сағат мәж­­­­бүрлі еңбекке тарту жазасы тағайын­далған.
Түйін: Алаяқтарға тап бол­саңыз, де­реу полиция бөлімшесіне ха­бар­­лаңыз. Дер кезінде жазылған арыз кейін үлкен қылмыстың алдын алуы мүм­­кін. Яғни тек өзіңізді ғана емес, өзі­ңіз секілді жағдайды басынан өт­ке­руі мүмкін азаматтарды да ойлау ма­ңызды. Бастысы, алаяқтар кү­мәнді әре­­­кеттерді орындауға ешкімді күш­­теп мәж­бүрле­мейді. Сондықтан әр­қай­­сысы­­мыз өз қада­мы­мызды абайлап бас­қанымыз абзал.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: