Соңғы уақытта елімізде қалта ұрлығы мен алаяқтықтың қатары күрт өсуде. Көшеде жүргенде бағалы заттарынан айырылып, алданып қалып жүрген халық саны көп. Десе де осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында тиісті орган қызметкерлері үздіксіз шаралар ұйымдастырып келеді. Иә, елдің тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полиция қызметкерлері қаншама қылмыскелердің былығын ашып, жазасын өтетті. Мәселен, кейіпкеріміз Айбек Усербаев Алматы, Астана, Көкшетау қалаларына дейін шақырту алып, алаяқтықпен айналысқан қылмыскерлерді құрықтаған.
Учаскелік полиция инспекторының жұмысы уақыт таңдамайды. Кез келген сәтте көмекке мұқтаж адамға көмектесіп, оданқалды тұрғылықты жердің тыныштығын бақылайды. Біз табан тіреген Мырзабай ахун ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы – Айбек Серікұлы. Ол осы уақытқа дейін 4 елді мекенде жұмыс жасаған. Жалпы салада 10 жылдан астам тәжірибесі бар полиция капитанына тапсырылған қылмыстық істің ешқайсысы жабулы қалмаған. Яғни барлық қылмыстық іс ашылған, мүмкін бұған оның ең алғаш жұмысты тергеу бөлімінде бастағаны сеп болған шығар.
– Құқық қорғау саласында қызмет етуді бала кезімнен армандадым. Полиция қызметкерлерін көріп, сол кісілердің қатарында болғым келетін. Қылмыспен күресіп, қоғамға, халыққа қызмет етуді қаладым. Жалпы қоғам болған соң әртүрлі қылмыс орын алады. Алайда біздің ауданда қылмыстық оқиғалар көп тіркеле бермейді. Жалпы учаскелік полиция ретінде тұрғындармен байланысым өте тығыз. Өзіме бекітілген әкімшілік аумақта 102 арнасы болсын немесе тікелей шақыртулар арқылы тұрғындар шақыртып жатады, көмек сұрайды. Сондықтан полиция қызметкері ретінде көмегімді көрсетіп, міндетімді барынша жақсы орындауға тырысамын – дейді ол.
Айбек Усербаев күнделікті қызмет барысында түрлі оқиғалармен бетпе-бет келетінін, сондықтан кез келген жағдайға дайын болып, жауапкершілікті терең сезіну керектігін тілге тиек етті. Мәселен, ол Қызылорда қаласында қызмет атқарып жүрген уақытта іздеуде жүрген қылмыскерді Алматыдан алып келе жатады. Сол кезде қылмыскер Шиелі ауданына жеткенде пойыздан секіріп кеткен. Бірақ бұл шешімі оның жауапкершіліктен жалтаруына түк те көмектеспеген. Себебі оның қатысуымен орын алған қылмысты ашуға қай істі де соңына дейін жеткізетін Айбек Усербаев жауапты болып бекітілген.
Полиция қызметкерінің сөзінше, осы секілді әртүрлі оқиғалар жиі болып тұратын көрінеді. Сондықтан кез келген уақытта бәріне дайын болу маңызды.
– Айбек Усербаевтың Жалағашқа келгеніне 4 жылдай уақыт болды. Осы аралықта өзінің қайтпас қайсар мінезін көрсетіп, тапсырылған істерді тиянақты атқарды. Ештеңеден қорықпай, қолынан келгенше дегеніне жетеді. Қылмыстық істердің ішіндегі ашылуы қиыны да, көп түсетін арыз да қалта ұрлығына байланысты. Бірақ Айбек жедел іздестіру шаралары кезінде талай ұрыны құрықтады. Жалпы қызметін жоғары деңгейде атқаратын Айбекке кез келген істі сеніп тапсыруға болады, – дейді полиция бөлімі бастығының орынбасары Абзал Сералиев.
Расында қазір қоғамда қалта ұрлығынан бөлек те алаяқтықтың түрлері жетерлік. Мәселен, интернетте бейнеролик арқылы алдау белең алған. Жалағаш ауданының тұрғынын телеграмда белгісіз бір азамат бейнеролик арқылы 1 млн теңге несие рәсімдеп беремін деп алдаған. Осыдан кейін аудан тұрғыны учаскелік полицейге келіп арызданған. Нәтижесінде Айбек Серікұлы қылмысты толығымен ашып, алаяқтың Шымкент қаласында екенін анықтаған. Осыдан кейін қылмыскерді сол жердің уақытша ұстау абақтысына қамайды.
Жалпы тізе берсек, кейіпкеріміздің тікелей қатысуымен ашылған қылмыстар жетерлік. Мырзабай ахун ауылында да оның учаскелік полиция инспекторы қызметін бастағанына көп бола қойған жоқ. Сол уақыттан бері ауылда 3 қылмыс орын алыпты. Тәжірибелі маман олардың ешқайсысын жабулы қалдырмаған.
Полиция қызметкері – ар мен адалдықтың символы. Сырттай қарағанда жай форма киіп жүретін қызмет иесі болып көрінгенімен, олардың мойнында үлкен жауапкершілік бар. Кейіпкеріміз секілді ештеңеден қорықпайтын, қайсармінезді қызметкер ғана оны сезіне алады. Жалпы қауіпсіз ортаны құруды тек полицей қызметкерлеріне артпай, қоғам болып жауапкершілік танытқан дұрыс.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!