Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

35°C

, Сәрсенбі, 21 мамыр, 15:24

«Ақтерек» жаңа маусымға дайын

21.05.2025

9

0

Мектеп оқушыларының жазғы демалысына аз ғана күн қалды. Енді балалардың үш ай уақыты ата-аналарының жауапкершілігінде болады. Бұрын біз жазғы демалысты тиімді пайдаланып, басқа өңірлердегі туған-туыстарға қыдырып кететін едік. Алайда бүгінде бұл үрдісті оқушылар қолдай бермейтін секілді. Иә, қазір бұрынғыдай баланы жайбарақат басқа қалаға жібере салуға ата-ана ынталы емес. Өйткені баласының қауіпсіздігіне алаңдайды.

Жасыратыны жоқ, бүгінде ата-ана­лар балаларын жазғы тынығу ла­гер­леріне жіберуге ниетті. Лагерде ба­лалар тек тынығып, сауық құрып қана қоймай, жаңа достар табады, жаңа ор­тамен тіл табысып, қарым-қатынас жасауды үйренеді. Сондықтан болар, тек ата-ана ғана емес, оқушылардың өз­дері де лагерде тыныққанды жөн санайды. Осы орайда аудан әкімі Ардақ Ибраимов «Ақтерек» сауықтыру лаге­рінің жаңа маусымға дайын­дығымен танысты. Лагердің ас мәзірі, жатын орындар, ойын алаңдарының жай-күйі тексеріліп, қызмет сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
«Ақтерек» лагерінде биылғы ауы­сым бойынша 452 баланың де­малысы жоспарланған. Оның ішінде 402 бала міндетті оқу қоры, 50 бала кәсіподақ есебінен қамтылады. Ауысым ұзақ­тығы – 10 күн. Жаңа маусымға да­йын­­дық аясында лагерьге 5,6 млн тең­геге ағымдағы жөндеу жұмыс­тары жүр­гізілген. Сонымен қатар санитарлық та­лаптарға сәйкес қо­сымша 4,9 млн тең­геге қажетті жаб­дықтар сатып алынды. Лагерь жұмы­сына мектеп мұ­­ға­лімдері мен қосымша білім беру ұйым­­дарының қыз­мет­керлері тар­тылып, үйірмелер мен мәдени-спорттық іс-шаралар ұйым­­­дас­тырылатын болады.
«Ақтерек» сауықтыру лагерінің жаңа маусымға дайындығымен таныс­қан аудан әкімі жауапты сала басшы­ларына жазғы демалыс науқанын уақытылы әрі сапалы ұйымдастыруды, балалардың қауіпсіздігі мен демалыс тиімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.
Айта кетейік, «Ақтерек» лагері 1999 жылы асар әдісімен салынған. Со­­дан бері 80 орындық лагерь жылда 6 ауысыммен жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда лагерде 4 жатын ғи­марат, 1 асхана, 1 медициналық бө­лімше, 1 спорт алаңы және 1 бас­сейн бар. Мұнда оқушылардың жазғы демалысын қызықты өткізу үшін бар­лық мүмкіндік қарастырылған. Жалпы тынығу лагерлерінің өз тәртібі, ережесі бар. Тынығушылар мұндағы әр күнін сол тәртіпке сәйкес өткізеді.
Мұнда танымдық-логикалық, спорт­тық жа­­­рыстар өтіп тұрады. Одан бөлек бой сергіту, ой сергіту және таным­дық ба­ғытта түрлі ойындар ұйымдасты­рылады. Сонымен бірге лагерде сурет, қолөнер, робототехника, полиглот және өрт қауіпсіздігі үйірмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ тынығушыларды белгіленген күні бойынша Дәуімбай елді мекеніндегі орталық бассейнге, балалардың тарихи танымын кеңейту мақсатында «Руханият» орталығына, Қорқыт ата мемориалдық кешеніне саяхаттау жоспарланған.
Бар жақсылық – балаларға. Бала­лардың бүгінгі нұрлы өмірі үшін, ертеңгі жарқын болашағы үшін жергілікті билік жан-жақты мүмкіндіктерді жасап келеді. Өйткені балалардың болашағы жарқын болса, мемлекеттің де келе­шегі кемелдене түседі.

Ж.МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: