«Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген өміршең ой айтқан. Бүгінде өткенге ойлы көзбен қарасам, мектеп табалдырығында жүріп, сол кездегі оқушыларымызға өмірлік ұстаным мен адами болмыстың бағытын дәл анықтап берген екенбіз. Әрине, ұстаз әр баланың ерекшелігін зерттеп, мінезін бағамдай алмаса, оқушыны да толық танып біле алмауы анық. Ал біз оқушыларды жақсы көрдік, баламыз ретінде қарадық. Адам болудың қыр-сырын үйреттік. Отанға адал қызмет етудің маңыздылығын кең көлемде айтып, жеткілікті түсіндірдік. Бүгінде оқушыларымның бірі дәрігер, енді бірі ұстаз жолын қуған мұғалім болып, еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүр. Бұл жетістік ұстаздар аманатын арқалаған адамдық іс пен жоғары жауапкершіліктің белгісі деп білемін» деп бастады әңгімесін ардагер ұстаз Күлбағирам Тұрсынбаева.
Ардагер ұстаздың балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келген. Ауылдағы азаматтар соғысқа аттанған сәтте Күлбағирам әже бала болса да, еңбекке араласып, тыл игерген. Иә, сонау қиын-қыстау заманда ерте есейген ардагер ұстаздың кейінгі жастарға өмірлік, тәлім-тәрбиелік құндылықтарды берері көп болды.
«Өмір – таусылмайтын күрес» демекші, әжеміздің бейнеттің ащы дәмін татып, тынбай еңбектеніп келе жатқан жанның бірі екенін әңгімесінен байқадық. Әжеміз айтқан бұл деректер біз үшін ертегі секілді, бірақ сонысымен қызықты еді. Алайда кейіпкеріміз балалық шағының алаңсыз күндерін ұрлаған сұм соғысты есіне де алғысы келмейді.
– Соғысқа әкем Мұхтар Тұрсынбаевты және қатарлас ауылдың азаматтарын алып кетті. Ауылда бас көтеретін ешкім жоқ, ылғи кемпір-шалдар, қыз-келіншектер мен бала-шаға қалған. Мен соғыс басталған жылдары 5-6 жаста едім. Ол кезде ауыл халқы тары мен мақсары егеді. Біз таң атқаннан кеш батқанға дейін сол алқаптың басындамыз. Кішкентай болсақ та өгізге, атқа арба жегіп, алқапқа дәнді дақылдарды егуге жәрдем бердік. Күздің кезінде шыққан өнімнің бір түйірін шашпай теріп, майданға жөнелтіп отырдық. Онымен қоса әжелер балаларына жүннен киім тоқып, үйіндегі азық-түліктерін майданға жөнелтетін еді. Қолым босай қалса, алқап басына алып барған кітабымды оқи жөнелемін. Осылайша қара жұмыспен қатар кітап оқуды әдетке айналдырдым, – дейді ардагер ұстаз.
Қаншама қиын күндерді артқа тастап, 1945 жылы қасіретті соғыс та аяқталды. Күлбағирам әжеміздің әкесі соғысқа 1942 жылы аттанып, 1946 жылы елге оралған. Әжеміз сол кезде небәрі 2-3 сыныпта оқиды екен. Тылда еңбектеніп жүріп, әжеміз бос уақытында қиын математикалық есептерді шығарумен әуестенген.
Алғырлығының арқасында мектепті үздік бағамен бітірген. Сөйтіп соғыстан кейінгі жылдары жоғары білім алып, мектепке жұмысқа орналасып, ауданда білім саласының дамуына үлес қосады.
Кейіпкеріміз Темірбек Жүргенов атындағы дарынды балалар мектебінде 40 жылдан астам ұстаздық етіп, мықты тұлғаларды тәрбиелеген. Нақтырақ айтсақ, ардагер ұстаз оқушыларға физика және математика пәндерінен сабақ берген.
Оқушылары мен балаларының ұлтқа қызмет етудегі адалдық пен әділдік, елшіл, қоғамшыл һәм отаншылдықты бойына сіңірген әже адал жолдасы Тоқшылық Үйсінбайұлымен үлгілі отбасын құрып, 10 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде әжеміз 30-дан астам немере-шөбере сүйіп отыр.
Көпжылдық еңбегі еленген ардагер ұстаз Күлбағирам әженің шаңырағына қарттар күні қарсаңында аудан әкімі Ардақ Ибраимов барып, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.
Ардагер ұстаздың үнемі шәкірттеріне адал еңбекпен қатар адам баласына қиянат жасамауды асыл мұрат етіп, осы қасиеттерді іспен көрсете білген жан екенін ел біледі. Әжемізден білім алған азаматтардың бала көңілінде Күлбағирам ұстаздың болмысы пейілі кең, көңілі қазақтың даласындай дархан, достыққа адал, ұрпақтарына мейірбан, өлімнен ұятты жоғары қойған, шәкірттерінің мерейін өсіруге барын салып, әлпештеген әрі өмірдің күйбең тірлігі емес, ағайынның бірлігін ойлаған азамат ретінде сақталған. Мұғалім мектептің жүрегі, жас ұрпақтың алтын ордасы екенінің мыңнан бір мысалы осы болса керек.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!