Темірбек Жүргенов ауылының тұрғыны Ұлықбек Нұрылдаев өмірінің 32 жылын мал шаруашылығына арнаған. Бүгінге дейін ауылда мал дәрігері болып еңбек еткен ағамыз қазіргі таңда шаруашылық ашып, атакәсіпті қолға алған.
Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған іскер азамат бастапқыда «Сыбаға» бағдарламасымен 8 млн теңге пайыздық үстемақысы төмен несие алған. Тиісті қаражатқа 30 бастан астам ірі қара алады. Кейін мал басын көбейтіп, бордақылап сатумен айналысты.
– Расында бабаларымыз айтқандай, мал баққанға бітеді. Қарамасаң, мал құтаймайды. Сондықтан оны бағуға бел буған адам ғана атакәсіппен айналысуы керек деп ойлаймын. Жалпы 30 жылдан астам уақыттан бері осы салада еңбек еткендіктен маған мал бағудың қыр-сыры қиын болған жоқ. Қазір бір балам ізімді басып, ауылда мал дәрігері болып жұмыс жасайды. Атакәсіп алға басу үшін оларға да білгенімді үйретіп келемін. Қазір шүкір ғой, кәсібім алға басуда, – дейді Ұлықбек Нұрылдаев.
Ағамыз мұнымен шектелген жоқ, кейін жылқы басын көбейтуді де жоспарлады. Бұған қатысты мемлекеттің арнайы «Құлан» деген бағдарламасы бар. Оған да құжат тапсырып көрді, нәтижесінде жобасы 10 млн теңге қаржылай қолдау тапты. Тиісті қаражатқа кәсіпкер 30-дан астам жылқы алды.
Ұлекеңнің кәсіптің бұл түріне тыңғылықты дайындықпен, үлкен ізденіспен келгенін аңғару қиын емес. Қазір «Нұрбек» шаруа қожалығының егістік һәм жайылымдық жері де бар. Қыстаудағы жері 145 гектарға жетсе, ауыл іргесінде 100 гектарға жуық жайлауы тағы бар. Мұнан бөлек 20 гектар жерге ауыспалы егіс жүйесімен, яғни ротацияны сақтай отырып егін егіп отыр. Бұдан шаруашылықтың шығыны аз екенін аңғару тағы да қиын емес.
– Ауыспалы егіс жүйесінде ротация сақталу керек. Кешеге дейін жоңышқа егіп, мал азығын қамдап алдым. Келер жылы күріштің кезегі, алдағы уақытта жоңышқа сатып алуға тура келеді. Оған жеміңізді қосыңыз. Мұндай тығырықтан шығар бір ғана амал бар, Қыстауымның қасында 9 гектар өзімнің жерім бар. Қасында тағы 30 гектардай жер бос жатыр. Егер сол жерді алсам, өзінше тек жоңышқа егуге арнап қояр едім. Сонда менде мал азығынан мәселе болмас еді. Ол жер Мәдениет ауылына тиесілі, олар бірақ аукционға шығармай отыр. Шығып жатса, жыңғыл басқан жерді ашып, мал азығын қамдар едім, – дейді шаруа адамы.
Иә, мал баққанға бітеді, қазекеңнен қалған аталы сөздің растығын Ұлекең бір ғана шаруашылықпен дәлелдеп отыр. Шаруашылық құрды, оның бейнетіне төзіп, шаруаны ширатты. Бір аттаса, алдағы жылдары мал азығын қамдауға әрекет еткісі келеді. Бірақ оған әлгі жер әлі күнге дейін аукционға шықпай отыр, «қолбайлау болып отқаны осы» дейді іскер азамат.
Ұлекең бұған дейін алған бірқатар несиесін жауып үлгеріпті. Сөзінше, төрт түліктің ішінде ірі қара мен жылқы етіне де, өзіне де сұраныс жоғары. Тіпті тірілей де бірнеше бас малды бір күнде сатқан кезі болыпты. Мәселен, біз барған күні 5 бас бұқаны 2,5 млн теңгеге тірілей саудалады.
Іскер азамат кәсіпкерлікті қолдауға негізделген мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануға машықтанған. Биыл тағы да «Ауыл аманаты» жобасына құжат тапсырыпты. Бұған дейін мал басын көбейтуге басымдық берген шаруашылық иесінің ендігі мақсаты – асылдандыруға жұмыс жасау. Абырой болғанда Ұлекеңнің бұл жобасы да қаржылай қолдау тауып, 2,5 пайызбен 4,5 млн теңге несиеге қол жеткізді. Тиісті қаражатқа Жамбыл облысынан 1,5 жасар асылтұқымды 9 қашар, 1 өгізше алып келді.
– Бұрын сырттан тек асылтұқымды бұқалар, жылқылар әкеліп асылдандыруға кіріскенмін. Одан бірақ толық нәтиже болмады. Енді аналығын да, бұқасын да асылтұқымды мал асыраумен айналысатын шаруашылықтан алып келдім. Осылайша жергілікті ірі қараларды бордақылап сатып, осылардың басын көбейтіп, тек асылтұқымды мал ұстасам деймін. Кеше жем қоймаға сыйымдылығы жоғары 2 контейнер алып келдік. Өйткені мен бір маусымда бірнеше тонна жем сатып аламын. Қазір сырттан әкеліп жатырмын. Ауылда үлкен цех іске қосылуда. Толық пайдалануға берілсе, тасымалдау шығыным да төмендер еді, – дейді еңбек адамы.
Қазір Ұлекеңнің қорасында 70-тен астам ірі қара, 40-тан астам жылқы бар. Мал басын көбейткен шаруа адамы енді асылдандыруға аяқ басты. Бір қыста 30 бас мал бордақылайды екен. Демек тұтынушылар тарапынан етке сұраныс жоғары. Кешегі сырттан келген сиырлар да ет бағытындағы асылтұқымды ірі қара. Енді ол сүт бағытында да мал басын асылдандырып, тұтынушыларын тек етпен емес, сүт өнімдерімен де қамтамасыз етуге ниеттеніп отыр.
Қорасы малға жайлы, егістігі тағы бар, жайылымдық жерін жоғарыда айттық. Тіпті техникасын да жарақтап алған. Биыл сужаңа трактор сатып алыпты. Мұндай мал шаруашылығында жарақты шаруашылық құрылым ауданда саусақпен санарлық десе де болады.
– Техникамызды жарақтап, қорамызды малға толтырдық. Шүкір ғой, бірақ менде алдағы 4 жылда мал азығынан мәселе болайын деп тұр. Себебі осыған дейін жоңышқа егіп отқан жеріме келер жылы күріш түседі. Қыстау маңындағы жыңғыл басқан жерді ашсам, алдағы төрт жылда мұндай мәселе болмас еді. Оның үстіне «келер жылдан бастап субсидия тоқтайды» деген сыбыс бар. Жемді сырттан сатып аламын, енді оған жоңышқа қосылса, айтарлықтай салмақ болайын деп тұр, – дейді Ұлықбек Нұрылдаев.
Жастайынан қара жұмыспен шыңдалып, бүгінде адал еңбегінің жемісін көріп отырған Ұлекеңнің айтатынындай бар. Мал басын көбейтуді мақсат қылды, мақсатына жетті. Оны кейін асылдандырсам деді, қазір соған әрекет етуде. Енді мал азығын қамдауға әлгі мәселесі шешімін тапса, шаруаның одан әрі ширайтыны анық.
Айтпақшы, ауыл еңбеккері жылқыны да асылданыруға кірісіп кетті. Бұған дейін Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласынан 2 бас асылтұқымды жылқы сатып алған. Оның бірі ет бағытында болса, екіншісін бәйгеге қосуға талап қылып отыр. Міне, кейіпкеріміз ет бағытында ғана кәсіп қылмай, ұлттық спортты насихаттауға да ниеттеніп отыр. Алдағы уақытта «Нұрбек» шаруа қожалығында бапталған тұлпарлардың Жұмыртұяқ, Талхиз сынды кәнігі бәйге атындай аты шықпасына кім кепіл?!
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!