Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 14:43

Аталар аманатына адал ұйым немесе майдан мистикасы туралы бірер сөз

12.12.2024

40

0

2025 жылы жер бетіндегі иісі адамзат баласының басына қайғы әкелген Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Осы қанқұйлы майданда 1 млн 300 мыңнан аса боздағымыз «етігімен қан кешіп», оның 630 мыңы қыршынынан қиылды. 271 мың сарбаз із-түзсіз жоғалып, хабар-ошарсыз кетті. Біз сол соғысты жүйелі түрде зерттеп, ардагерлеріміздің ерен ерлігін тасқа қашай алып отырмыз ба? Архив құжаттарының сарғайған сартап беттері қашан толығымен парақталады?

Ұлттық платформа жасақтау керек

Ресей тарихшылары Екінші дүние­жүзілік соғыстың әр күн, әр ай, әр жылын саралап, майдан даласында қан кешкен азаматтардың дәйек-дерегін қалың бұқараға жеткізу жұмысын жүйе­лі жүргізіп жатыр. Қазір тіпті Ресей Қор­ғаныс министрлігінің Подольск қала­сында орналасқан Орталық архивіндегі «құпия» деп белгі соғылған құжаттар да ашылып, майданның біз білмейтін сырлары жариялана бастады. Ал бізде ше?

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрыл­тайда Екінші дүниежүзілік соғысты жан-жақты зерттеп, шынайы баға берудің маңызы өте зор екенін айтқан еді. Осы орайда сұм соғыс кезінде шейіт кетіп, қайда жерленгені белгісіз сарбаздардың жоқтаушысы болып жүрген «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі жөнінде кеңінен тоқталғымыз келіп отыр. Бұл бірлестік төрағасының орынбасары Әбу­бәкір Смайыловпен сөйлескенімізде, ұйымның құрылғанына 5 жыл толғанын, ұйым сайтына 2019 жылдан бері 9 мың­нан аса өтініш түскенін, 4 мыңнан аса сарбаздың жерленген жері мен жеке тұлғалары анықталғанын, 19 сарбаздың сүйегін елге әкеліп, әскери құрметпен қайта жерленгенін айтты.

«Екінші дүниежүзілік соғысқа қатыс­қан батырларымыз туралы деректерді іздеу, жинау, қорыту жұмысы әрі қарай жалғаса береді. Қазір елімізде майдангер ата-бабалары туралы дерек іздеуші ұрпақ­тардың саны 2 млн адамнан асады. Ата­лары туралы ақпарат іздеген сол 2 млн азаматымызға көмектесетін ұлт­тық платформа, яғни электронды ба­за­мыз жоқ. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Парламент мінберінен мәселе көтеріп, тіпті аталған ұлт­тық платформаны қаржыландыруды бюд­жетке артып қоймай, «Қазақстан халқына», «Самұрық-Қазына» секілді қор­лар арқылы жүзеге асыруға болатыны ту­ралы ұсыныс та айтқан еді», дейді Ә.Смайылов.

Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 300 мыңнан аса боздақтың әр­қайсысының өз тағдыры бар. Ол тағ­дырларға жан бі­тіріп жан-жақты зерттеп, тасқа қашау – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Мәселен, осы мақаланы жазу барысында ресейлік электронды дерек­қорлар арқылы туыс атамыз Бейсен Сәркеев туралы мәліметтер іздеп көрдім. Ауылдастар «Бригадир Бей­сен» деп атайтын қарапайым ғана қара шал 1944 жылдың 27 желтоқсанында Лит­вия­ның Муцениэки деген ауданында бол­ған түнгі шайқаста қарсылас та­раптың қатар­дағы 12 әскері мен 1 офи­церін, бір пулемет һәм бір танкті жойып жіберіп, осы ерлігі үшін «Қызыл Жұл­дыз» орденін алыпты.

17 жасында өзі сұранып соғысқа аттан­ған екінші туыс атамыз Анарбек Байтуов 1944 жылдың 20 қыркүйегінде өз өмірін қауіп-қатерге тіге отырып, 16 арба снарядты тиісті жерге аман-есен жет­кізіп, 7 жау әскерінің көзін жойып, ол да кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» орденін қа­дапты. Бұл аз болса, Анарбек ата 1945 жылдың 10 ақ­паны күні жеке автоматымен 20 жау әскерін жойып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Бейсен, Анарбек аталарымыз бертінге дейін өмір сүрді. Қазақтың қарапайым қара шалдарының көзсіз батыр болғанын қазіргі ауылдағы ұрпақтары да жете біл­мейді. Мұндай деректер тек осы екі ата­мызға ғана тиесілі еместігі тағы анық. Демек, Ә.Смайылов айтқан жауын­гер­лер­дің құжаттарын, деректерін зерттеп, жүйе­леп арнайы ұлттық порталға жинау қа­­жет­тігін осыдан-ақ аңғаруға болатын­дай.

Жоқшы Айгүл

«Атамның аманаты» қоғамдық бір­лестігі 2019 жылдан бері 9 мыңнан аса өтініш қабылдап, 4 мың сарбаздың жерленген жері мен жеке тұлғаларын анықтағанын дерек ретінде айттық. Енді осы дерекке аталған қоғамдық ұйымның бір ғана еріктісінің мысалымен жан бітіріп көрсек.

Алматы облысының орталығы Қо­наев қаласында тұратын ерікті Айгүл Айто­вамен сұхбаттасқанымызда: «2000 жылдардың ба­сында теледидардан «Жди, меня», «Бар­мы­сың, бауы­рым?» деген секілді бағдар­ламаларды үзбей көруші едім. Тіп­ті, бірде «Жди, меня» хабарына «Те­гін ерікті болуға дайынмын, мені командаларыңызға ал­саңыздар» деп Мәскеуге хат та жолда­ғанмын. Яғни бала кезімнен артында жоқ­таушысы жоқ адамдарды іздеуді жаным қалап тұратын», деп бастады әңгімесін.

ап

Белсендінің анасы
Райхан Әділбайқызы

«Анам Райхан Әділбайқызы соғыстан қайтпай қалған әкесін жиі еске алушы еді. Анамның айтуынша, әжеміз «аман-есен оралады» деп ұлын өмір бойы күтіп, жылай-жылай көзі көрмей қалыпты. Осындай әңгімелердің әсері болар, на­ғашы атам Әділбай Жарлығапов туралы ізденіп, он шақты жыл бұрын біраз мәлімет таптым. Нағашы атам соғысқа қазіргі Жетісу облысының Сарқан ауда­нына қарасты Шатырбай ауылынан аттанып, Сталинград шайқасына қаты­сыпты. 1943 жылдың 7 қаңтарында ауыр жарақаттан қаза тапқан. Ресейдің Волгоград облысының Дубовский ауданына қарасты Лозное деген ауылына жерленіпті. Анам нағашы атамнан қалған жалғыз тұяқ еді. Әкесі майданға кеткен кезде қырқынан да шықпаған. Атам туралы деректерді тапқан сәттегі анамның көз жасын көріп, аталарының мәліметтерін іздейтіндерге қолұшын созу керек екенін терең тү­сіндім. Содан бері дерек іздеген қан­шама адамға көмектестім. Осыдан 4 жыл бұрын «Атамның аманаты» қоғам­дық бірлестігінің жұмысымен танысып, аталған ұйымға ерікті ретінде тегін қыз­мет ете бастадым», дейді А.Айтова.

Жантас атаның аян түсі

Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, хабар-ошарсыз кеткен боздақтарды іздеу үшін кез келген азамат алдымен «Атамның аманаты» қоғамдық бір­лес­тігінің сайты арқылы өтінім берсе болады. Сіздің өтініміңіз базаға тіркеліп, еріктілер әр сарбазға қатысты мәлімет­терді жеке-жеке іздеуді бастайды. Дәл осындай жол­мен бірде аталған ұйымға Қызылорда облысының Шиелі ауданында тұратын Жантас Айтуғанов деген ақсақалдан өтінім түскен.

ап

Жантас Айтуғанов атасының фотосымен тұр.
Колпина, бауырластар зираты

Қызылорда облысының тұрғыны Жан­тас Батырханұлының айтуынша, майданда ізтүзсіз жоғалған кіші әкесі (әке­сінің інісі) туралы мәлімет іздеп, ұзақ жыл­дар бойы сұрау салмаған жері, өтініш жазбаған мекемесі қалмапты. Әскери комиссариаттар мен архивтерге жібер­ген хаттардан мардымды жауап келмеген. Кіші әкесінің жамбасы жерге тиген қабірді тапсам деген үміті біржола үзіліп, ізденуден әбден беті қайтқан сәтте түс көреді. Түсінде Жантас ата ну жыныс орман ішін аралап жүр екен. Кенет шалғын шөптің арасында тас жат­қанын байқайды. Әлгі тасты шөп-шаламнан аршып қалса, майдан даласында шейіт кеткен жауынгерлердің аты жазылыпты. Олардың арасында өзі іздеп жүрген Айтуған Меделхановтың да тегі қашалыпты. Дәл осы сәтте кіші әкесінің елесі көзіне көрініп, «Мені іздесең, алдымен Зубов деген жауынгерді тап» дейді де ғайып болады.

Жантас Батырханұлы аян түстен кейін қайта ізденуді бастап, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігіне жүгінеді. Бұл жұ­­­мысты ұйым Айгүл Айтоваға тапсырады.

«Қолымызда Айтуған Меделхановтың 1941 жылы қарашада Ленинград (Санкт-Петербург) түбінде қайтыс бол­ғаны туралы жалғыз дерек болды. Біз аян түс­ке сүйеніп, Ленинград маңында шейіт кеткен боздақтардың ішінен Зубов деген адамды да іздедік. Зубовты іздеп отыр­ғанда Ленинград маңындағы Колпино атты шағын қалада қаза тауып, бауырластар зиратының жерленген оннан аса қазақтың тізімі шықты. Мен оның бәрін қағазға түсіріп алдым», дейді А.Айтова.

Қысқасын айтқанда, Зубовты іздеу арқылы қызылордалық Жантас ақсақал­дың көктен сұрағаны жерден табылып, кіші әкесінің зиратын тапқан. Сүйінші хабарды ести сала Жантас ақсақал Бота­гөз атты қызын алып, Ленинград облысына барып, баба рухына тағзым етіп, қабірінің басына туған жерден бір уыс топырақ салып, құран оқытып, жаны жай тауып елге қайтыпты.

О дүниеде табысқан құдалар

А.Айтова аян түстегі Зубовты іздеп отырып тапқан қазақ сарбаздары туралы мәліметтердің бәрін әлеуметтік желілерге жүктеген. Whatsapp топтар арқылы ұрпақтарын іздеп, сауын айт­қан. «Бір күні Әлбатыр Жабағыұлы мен Қошқар Құл­­мағамбетұлы атты май­дангерлердің ұрпағы Батыр Төлеу­байұлы деген кісі хабар­ласты», деп жалғады әңгімесін белсенді.

1942 жылдың мамыр айында Әлбатыр Жабағыұлы Қостанай облысы­ның Амангелді ауданына қарасты Жаңа­тұрмыс ауылынан Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, сол жылдың 3 қыр­күйегінде Ленинград қаласы маңын­да шейіт кеткен екен. Ал Қошқар Құл­мағамбетұлы да сол жылы, сол күні атал­­­ған ауданның Чапай ауылынан әскер қатарына шақырылып, ол да 1942 жыл­дың 3 қыркүйегінде қаза тауыпты.

Әлбатырдың артында Төлеубай атты 6 жасар ұл, Қошқардың артында бесіктегі Дәріш атты қыз қалған.

1962 жылы әкелерін соғыс жалмаған екі жас отау құрады. Ұзақ жыл бақытты ғұмыр кешіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырады. Төлеубай ақсақалдың өмір бойы әкесінің зиратын іздеген. Әке­сінің һәм қайын атасының қабіріне тәу етіп, құран бағыштауды армандап, Қазақстан Қорғаныс министрлігінен бастап, Ресей Қорғаныс министрлігіне қарасты мекемелердің бәріне хат жазған. Бірақ әкесінің зираты туралы еш мәлімет таппай, өмірден өтеді. Әкесінің арманын орындауды Батыр Төлеубайұлы жалғастырып, ізденуді тоқтатпайды. Сөй­тіп жүрген кезде Айгүл Айтованың мәлі­метіне кезіккен.

Ең қызығы сол, болашақ құдалардың 1942 жылдың 3 қыркүйегінде Ленинград маңында Колпино қаласында дәм-тұзы таусылып, екеуі 34-35 нөмірлі қабірлерге қатар жерленіпті.

«2023 жылы бауырластар зиратында жерленген солдаттардың тізімінен екі атамыздың да аты-жөні қатар шықты. Мұндай таңғажайып оқиға үш ұйықтасаң да түсіңе кірмейді ғой. Анамыз 83 жасында перзенттік парызын өтеп, Ресейдің Санкт-Петергург қаласы маңындағы Колпино ауданының орталығындағы зиратқа барып, құран бағыштап қайтты. Екі атамыздың әруағы риза болсын деп қабірлерінің басына көк тасын қойдық», дейді Батыр Төлеубайұлы.

Аян түс Жантас ақсақалдың кіші әкесі Айтуған Меделхановты ғана емес, қатар жерленген қос құда туралы құпияны ашуға да септігі тиген. Біз бір ғана ерік­тінің басынан өткен мистикаға толы хикаяны баяндадық. Ал аталарының аманатына адалдық танытып жүрген басқа да белсенділердің тапқан деректері осындай әсерлі боларына шүбә жоқ.

Соғыс өрті қазақ даласын да шарпыған

«Атамның аманаты» қоғамдық бір­­­лестігі төрағасының орынбасары Әбубәкір Смайылов Екінші дүниежүзілік соғыс­тың өрті еліміздің батысын да шарпығанын тілге тиек етті. Ол Орал өңірі арқылы Сталинград майданына оқ-дәрі, қару-жарақ, дәрі-дәрмек пен жаралыларды таситын эшелондар өткенін, әуе қорғанысы штабтарының деректері Шонғайға – 24, Сайқынға – 36, Жәнібекке 40-қа жуық әуе шабуылы жасалғанын, жау әскерінің сол ша­буылдары салдары­нан 300-ге жуық бейбіт тұрғын мен әс­керилер опат болып, шамамен 250 адам жараланғанын (нақтыланбаған дерек) айтты.

«Атамның аманаты» ұйымы дерек­теріне қарағанда, соғыс өрті шарпыған қазақ даласында 50 бауырластар зираты бар екен. Өкініштісі, марқұмдар қалай болса солай жерленген. 2020 жылдың қыркүйек айында «Атамның аманаты» ұйымы өз қаражаты есебінен Батыс Қазақстан облысы Бөкей орда ауданында қазба жұмысын жүргізіп, әуе шабуылынан қаза тапқан 17 жауынгердің сүйегін тапқан. Мәйіттерге сараптама жа­салып, жауынгерлердің аты-жөндері анықталған. 17 жауынгердің бәрі де – Ресей азаматы. Ұйым қолдағы деректерді Қазақ­станның Ресейдегі елшілігіне жіберген.

«Батыс Қазақстан облысына қарасты Бөкей орда ауданында №372 және №365 бекеттері бойында қазба жұмыстарын жүр­гізіп, толық зерттеп, соғыс өрті шар­пыған қазақ даласындағы ақтаңдақ бет­терді біржола жабу керек. Бұл жө­нінде Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевқа да мәлімдеген едік», дейді Ә.Смайылов.

Бүгінде «Атамның аманаты» қоғам­дық бірлестігі үш бағыт бойынша ке­шенді жұмыс істеп жатыр. Бірінші бағыт бойынша ұйым архивтер, түрлі порталдар мен қауымдастықтар арқылы майдангерлер туралы деректерді іздейді.

«Соғыс кезінде құжаттардың дені қолмен толтырылған. Құжатты жазған азаматтардың сауаттылық деңгейіне де сын айта алмайсыз. Яғни, біріншіден, қазақы атауларды қалай естісе, солай жазған. Сол қате жазылған аты-жөндер кімге тиесілі екенін анықтау да қиындық туғызып жатыр. Мысалы, қазақта ат тергеу деген дәстүр бар. Жеңгелері қойған атпен құжаты толтырылған азамат­тар бар. Тіпті, Оспанов деген жауын­гердің Осиповқа айналып кеткенін де анықтадық», дейді ол.

Екінші бағыт – майдан даласында тікелей қазба жұмыстарын жүргізу. Ұйым еріктілері жыл сайын Калуга облысында өтетін «Батыс майданы. Варшава тасжолы» халықаралық әскери-тарихи экспедициясына қатысады екен. «Атамның аманаты» ұйымының еріктілері былтыр Ақмола облысында жасақталған 387-атқыштар дивизиясы шайқасқан Ульяновск ауданына барып, ескерткіш белгі орнатып қайтыпты. Ұйым осындай қазба жұ­мыстары нәтижесінде аты-жөні анық­талған мүрделерді тізімдеп отырады. Еріктілер марқұмдардың туыстарын тауып, сүйегін елге әкеліп жерлеу ісін де ұйымдастырады. Осыған дейін ұйым 19 майдангердің мәйітін туған жеріне әкеліп, арулап жерлеуге мұрындық болған. Жалпы, Калуга бағытында бес қазақ дивизиясы соғысқанын ескерсек, соғыс даласында үйінді астында қалған қаншама боздақтың дерегі табыларын бағамдай беріңіз.

Үшінші бағыт – майдангерлердің ел ішіндегі туыстарын іздестіру. Ұйым Екінші дүниежүзілік соғыста шейіт кеткендердің дерегін тек Ресей аумағынан емес, бүкіл Еуропа мемлекеттерінен (Сер­бия, Мажарстан, Германия, Польша, Латвия және тағы басқа елдерді) іздеу қажет екенін айтады.

«Қазақстаннан соғысқа аттанған майдангерлер жеңіс жолымен Берлинге дейін барғаны анық. Тіпті, біразы тұтқынға түсіп, концлагерьлерде қаза тапқан. Сон­дықтан да із-түзсіз кеткендерді іздеудің ауқымын кеңейте береміз», дейді ұйым белсенділері.

Сүйегі қазіргі Ресей аумағынан сырт мемлекеттерде қалған 20 мыңға жуық отан­дасымыздың тізімі бар екен. Ұйым сол тізімді облыс-облысқа бөліп, жер­гілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды бастапты.

«Атамның аманаты» қоғамдық бірлес­тігі – Екінші дүниежүзілік соғыс кезін­де із-түзсіз кеткен отандастарымызды жүйелі түрде жоқтап жүрген жалғыз ұйым. Туған жерінен бір уыс топырақ бұйырмай, шейіт кеткен сарбаздарды тауып, бұқара жұмысын ақысыз атқа­рып жүрген Айгүл Айтова, Мейірхан Нұр­хайдарқызы, Фарида Үшкемпірова, Гүлнар Қанафина және Гүлнар Тоқ­тамысова сияқты белсенділердің әрқай­сысына қазақ халқының атынан алғыс айтқы­мыз келеді. Себебі осы еріктілердің арқасында сұм соғыстың біз білмейтін әлі талай сыры ашылары анық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: