Ауданда жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2025-2029 жылдарға арналған жоспарды әзірлеу кезінде әр ауылдық округтің географиялық орналасуы, жайылым көлемі, ауылдық округтегі ауыл шаруашылығы малдарының саны назарға алынған. Сондықтан жоспар әр ауылдық округ бойынша дербес дайындалған. Жоспар бойынша жайылымдарды пайдалану ұзақтығы – 170-180 күн. Жайылымдық алқаптардың орташа өнімділігі гектарына 10,5 центнерді құрайды. «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Алтынбек Дәрібаев осылай деді.
Аудан дамуына тікелей әсер ететін, халық мүддесіне бағытталған бірқатар маңызды мәселе қаралған жиында жайылымдық жерлерді басқару және оларды тиімді пайдалану жайы қаралды. Расында жайылым мәселесі ауылдық елді мекендер үшін өте өзекті. Осыған байланысты фракция мүшелері аудандағы нақты ахуалды талқылап, жауапты бөлімге бірқатар ұсынысын жеткізді.
Айта кетейік, Жалағаш ауданында «2025-2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы № 28-18 шешімі қабылданды. Жоспар 2017 жылғы 20 ақпандағы «Жайылымдар туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің «Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі үлгілік жоспарды бекіту туралы» 2024 жылғы 29 шілдедегі №263, «Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің рұқсат етілген шекті нормасын бекіту туралы» 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 3-3/332 бұйрықтарына сәйкес әзірленген. Ауыл шаруашылығы жануарлары үшін қажетті жайылым алаңы мүйізді ірі қара мал басы үшін 11 гектар, уақ мал басы үшін 2,2, жылқы басы 14, түйе басы 15,5 гектардан есептеме алынды.
Жалпы аудан бойынша барлық жер көлемі 2 млн 873 мың 640 гектарды құрайды. Оның ішінде жайылымдық жерлер – 198 826,9 гектар. Жалпы аудандағы жеке тұрғындардың малын жаюға 426 995,1 гектар жайылымдық жер қажет болса, бүгінде жетіспейтін жайылым көлемі 306 305 гектарды құрайды.
– Жоспарда жетіспейтін жайылымдық жерлерді қамтамасыз ету мақсатында малдар Қарақұм, Қызылқұм мал жайылымдарына шығарылады және 10 қазан мен 10 наурыз аралығында ауылдық округ аумағындағы босаған егіс алқаптарына жайылады деп есептелген. Аудан бойынша маусымдық мал жайылымы үшін Қарақұм мал жайылымында 591 563 гектар, Қызылқұм мал жайылымында 648 953 гектар және Жаңадария бойында 752 789 гектар жайылымдық жер мал жайылымына пайдалануда. Аудан бойынша мал жайылымына жетіспейтін жерлерді жоғарыдағы мал жайылымдары есебінен толық қамтамасыз етуге болады, – деді Алтынбек Дәрібаев.
Жиында мұнан кейін Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің жұмыс барысы және алдағы міндеттері қаралды. Бұл жайында Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі директорының міндетін атқарушы Зухра Диуанова кеңінен тарқатты.
Айта кетейік, аталған колледж аудан жастарының кәсіби білім алуына, білікті маман ретінде қалыптасуына жағдай жасап отыр. Отырыста білім сапасы, студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оқу базасын жаңарту, еңбек нарығына сай жаңа мамандықтар ашуға қатысты нақты сұрақтар қойылып, фракция мүшелері бұл саладағы жұмыстарды одан әрі жүйелі жүргізу керектігін айтты.
Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі 2013 жылы Қызылорда облысы әкімдігінің 2013 жылғы 30 желтоқсандағы №435 қаулысына сәйкес құрылған. Оқу ғимараты 1985 жылы салынған. Сыйымдылығы – 420 орын.
Колледж 2020 жылы 14 желтоқсанда институционалдық және бес мамандық бойынша мамандандырылған аккредиттеуден өткен. Қазіргі таңда ондағы ұлағатты ұстаздар 5 мамандық бойынша білім беруде. Тарқатып айтсақ, студенттер «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Электр жабдықтары», «Дәнекерлеу ісі», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» және «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығын меңгереді.
Оқу орнында 41 педагог жұмыс жасайды. Олардың біреуі – жоғары санатты, сондай-ақ 4 педагог-зерттеуші, 3 педагог сарапшы, 4 педагог-модератор, 3 магистр бар.
2024-2025 оқу жылында колледж бойынша барлығы 218 студент білім алған. Оның 73-і оқуын бітіріп шықты, қазіргі таңда екінші курс 64, үшінші курс 70 студент білім алуда. 2025-2026 оқу жылына мемлекеттік тапсырыс бойынша бірінші курсқа 180 студент қабылдау жоспарланған.
Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі тарапынан білім алушыларға оқу үлгерім көрсеткіштеріне сәйкес шәкіртақы тағайындалады. Студенттің әлеуметтік жағдайына қарай тегін тамақтандыру әлеуметтік көмек есебінен қаржысы аударылып отырады. Сондай-ақ тұлдыр жетім асыраушысынан айырылған студенттерге киім-кешек, аяқ киім сатып алу бойынша жылына бір рет төлем жүргізіледі. Студенттің жол жүру құнының бөлігін өтеу үшін жазғы және қысқы демалысқа шыққан уақытында жол жүру өтемақысы аударылады.
Колледж жанынан құрылған комиссия студенттердің әлеуметтік жағдайына зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 2022-2023 оқу жылында 104 студентке, 2023-2024 оқу жылында 75 студентке, 2024-2025 оқу жылында 101 студентке тегін тамақтандыру әлеуметтік көмек есебінен қаржысы әр студенттің есепшотына аударылған.
2021 жылы 129 түлек оқуды аяқтаса, оның 70 пайызы жұмысқа орналасқан. 2022 жылы 116 студент оқуын тәмамдап, оның 60 пайызы жұмыс тапты. 2023 жылы 211 студент диплом алып, 55 пайызы жұмысқа орналасты. Ал былтыр 57 студент оқуын аяқтап, 57 пайызы жұмысқа орналасқан. Биыл оқу орнын 73 студент аяқтады. Оның 10-ы колледж тарапынан әлеуметтік серіктестерге келісім арқылы тұрақты жұмысқа жолданды. Академиялық ұтқырлық қағидатын іске асыру бойынша келешекте басқа университеттермен, колледждермен келісім-шарт жасау жоспарда бар.
Оқу орнында 23 кабинет пен шеберхана бар, оның ішінде жалпы білім беретін 10 кабинет, 8 арнаулы пән кабинеті, 5 зертхана мен шеберхана бар. Колледж 2021 жылы «Жас маман» жобасы аясында 439 млн теңгеге екі біліктілік бойынша заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, материалдық-техникалық база толықтырылды, яғни 3W07161603 – «Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі» және 3W10130302 – «Аспазшы» біліктіліктері бойынша екі құзыреттілік орталығы ашылды. Техникаларды сақтау ережесіне сай 36 млн теңгеге арнайы көлік қоймасы салынды. Заманауи құрал-жабдықтармен 87 студент тәжірибе шыңдаған. Оның ішінде 3W07161603-Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі біліктілігі бойынша 32, 3W10130302 Аспазшы біліктілігі бойынша 55 студент оқытылды. Қазіргі таңда оқу орнының жатақханасы да бар.
Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің оқу ғимараты 1985 жылы салынған. Зухра Диуанова нысанның күрделі жөндеуді қажет ететінін айтады. Сондықтан күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге, қатты отынмен жылытылатын бу қазандығын газға ауыстыруға қолдау қажеттігін жасырмады.
Басқосуда Мемлекет басшысының Жолдауына кеңінен талдау жасалды. Бұл бағытта мәслихаттағы «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлзат Құрманбаева мен партияның фракция мүшесі Ерлан Боранбаев баяндама жасап, Жолдауда көрсетілген басым бағыттар, ел дамуының стратегиялық басымдықтары, цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу, экономиканы әртараптандыру, жастарды қолдау және адами капиталды нығайту сынды маңызды бастамаларға тоқталды. Жиын соңында фракция мүшелері көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстарын айтып, тиісті шешім қабылдады.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!