Жалағаш ауданының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 234,6 шақырымды құрайды. Оның 50 шақырымы республикалық, 60,6 шақырымы облыстық және 124 шақырымы аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 92 пайызы жақсы және қанағаттанарлық, 8 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Аудан бойынша 242 шақырымды құрайтын 223 көше бар. Оның 83 пайызы қанағаттанарлық, 17 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Аудандық мәслихаттың сессиясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Ерболұлы осылай деді.
Жол құрылысы қарқын алған
Күн тәртібіндегі 6 мәселе қаралған сессия отырысында алдымен аудандағы жол сапасын жақсартуға негізделген жобалардың жүзеге асырылу барысы пысықталды. Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, былтыр жол құрылысы бойынша 1 млрд 293,4 млн теңгеге 16 шақырым құрайтын 5 жоба жүзеге асқан. Тиісті қаражаттың 305,1 млн теңгесіне 1,3 шақырымды құрайтын М.Шәменов ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал 988,3млн теңгеге 4 елді мекеннің 15,3 шақырымды құрайтын 16 ішкі көшесі жөндеуден өтті. Олардың қатарында Аққұм ауылынан 8, Есет батырдан 5, Бұқарбай батырдан 2, Таң ауылынан 1 көше бар.
Иә, былтыр ауылдық елді мекендерде жол құрылысы қарқын алды. Мұның бәрі елдің талап-тілегіне арқау болған мәселелер еді. Бір ғана Аққұм ауылында 457,1 млн теңгеге 10 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүрді. Оған 2023 жылы облыстық бюджеттен 147 млн, былтыр жобаны толық аяқтауға 286,8 млн теңге қаралды. Жол сапасының төмендігі жергілікті жұрттың басты мәселесіне айналған ауылдардың бірі Есет батыр еді. Былтыр елді мекенде 545,7 млн теңгеге 5 көше күрделі жөндеуден өтті.
38 көше жөндеуден өтеді
Ғабит Ерболұлы биыл да Жалағашта жол сапасына мән берілетінін айтады. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен 1 млрд 731,3 млн теңге қаралған. Оған 2,3 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар «Ақсу-Беркімбай кәлпе» автомобиль жолы, Жалағаш кенті мен 6 елді мекенде 21 шақырымды құрайтын 38 көше жөндеуден өтеді.
«Қызылорда-Жалағаш-Ақсу-Беркімбай кәлпе» автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстары сәуір айында басталған. Оған облыс қазынасынан 168,2 млн теңге қаралған. Бұқарбай батыр ауылындағы 11 көшенің құрылысына былтыр республикалық бюджеттен 50 млн теңге қаралып, 2 көшеге асфальт төселген. Биыл жобаны аяқтауға республикалық бюджеттен 294,3 млн теңге қаралды. Ауылдағы жол құрылысы сәуір айында басталды.
Кент тұрғындары үшін жағымды жаңалық бар. Биыл Жалағаш кентінде жалпы құны 715,2 млн теңгеге 11 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүреді. Қазірдің өзінде жол құрылысы қарқын алған. Мұнан бөлек М.Шәменов ауылындағы Жамбыл, Ердозелов көшелерінің автомобиль жолдарын күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 69 млн теңге қаралған. Сондай-ақ Қаракеткен мен Далдабай ауылындағы 16 көшенің күрделі жөндеу жұмыстары сәуір айында басталды.
Ғабит Ерболұлы ауданға қарасты басқа да ауылдарда биыл жол сапасына айтарлықтай мән берілетінін жеткізді. Депутаттар мұндай жобаларды қолға аларда алдымен ішкі көшелер мәселесін шешіп алған жөн деп есептейді. Өйткені құрылысқа қажетті материалдарды тасымалдау кіреберіс жолдардың сапасына кері әсерін тигізуде.
Кәсіпкерлік қарқын алған
Сессияда мұнан бөлек ауыл әкімдерінің атқарылған жұмыстар бойынша есебі тыңдалды. Алдымен сөз алған Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Қуаныш Әбдіхалықов былтыр елді мекенде біршама жобаның жүзеге асқанын жеткізді. Ауылдық округте 783 адам бар, оның 431-і экономикалық белсенді.
Өткен жылы шалғай ауылдағы ағайын ауыл шаруашылығы саласын толайым табыспен қорытындылаған. Тарқатып айтсақ, 109 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 611 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Мұнан бөлек 440 гектар күріш егіліп, одан 60,2 центнерден орташа өнім жиды. Яғни 264 880 центнер астықты қамбаға құйған.
Жаңаталапта «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 12 млн 783 мың теңге қаралып, тиісті жұмыстар атқарылған. Ауыл орталығынан 7 млн 280 мың теңгеге балалар ойын алаңы салынған. Сондай 3 ішкі көшенің жарықшамдары жаңаланды.
Ауылдық округте 9 шаруашылық, 42 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасайды. Оның ішінде «Қызылорда-Жалағаш» бағытына 1 жолаушы тасымалы, 1 жеке балабақша, 2 сауда дүкені бар. Былтыр 1 азамат 1 млн 476 мың тенге мал шаруашылығын дамытуға грант алып, бүгінде жобасының жемісін көріп отыр. Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында 4 ауыл тұрғынының несие алуға құжаттары платформаға енгізіліп, 2-еуі биыл 3 млн 750 мың тенгеге қол жеткізді. Биылдың өзінде 10 адам кәсіп ашу мақсатында несие алуға жобаларын жасақтауда. Бір сөзбен айтқанда, жаңаталаптықтар іс бастауда мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып отыр.
Ауылдағы №119 орта мектепте оқу жылында 149 оқушы білім алған. алтын ұядағы 60-қа жуық ұстаздың 12-сі педагог зерттеуші, 12-сі педагог сарапшы, 4-еуі педагог модератор болса, 2 мұғалімде санаттылық жоқ. Мұғалімдердің 96 пайызы жоғары білімді мамандар. Ауылда балабақшадан да тапшылық жоқ. Төрт жыл бұрын 40 орындық жеке балабақша пайдалануға беріліп, қазіргі таңда жұмыс жасап тұр. Былтыр «Мектепке жол» акциясы аясында Жаңаталапта мекемелер мен шаруашылықтар бірігіп, 14 балаға оқу құралдары мен мектеп формасын табыстаған.
Жалпы ауылда жүйелі жұмыс бар, мұны халық қалаулылары да жоққа шығармады. Тек ауыл әкіміне осы қарқынды бәсеңдетпеу қажеттігін қаперге салды.
Сессияда мұнан бөлек тағы 2 ауыл әкімінің жылдық есебі тыңдалды. Шалғайдағы Жаңадарияда атқарылған жұмыстарды ауыл әкімі Рауан Ақпанбетов саралады. Бақша өнімдерін баптауда өзіндік орны бар елді мекен жұрты биыл да егістік жерін дайындап, егін егуді ерте бастап кетті. Жылда бағбандардың басты мәселесіне айналған аяқсу тапшылығы да шешімін табатын сияқты. Өйткені су келетін каналдарды қазу жұмыстары да қарқынды жүрген.
Иә, Жаңадария жұрты еңбексүйгіш, ауыл жұрты егінмен қатар мал шаруашылығын да ширатып отыр. Кәсіп бастауда жергілікті жұрт мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануда.
Кент іргесіндегі Ақсу ауылында да өткен жылы қыруар шаруа атқарылды. Соңғы уақыттағы жағымды жаңалық ауылға газ кірді. Бүгінде ауылдағы ағайын көгілдір отын тұтынады. Депутаттар Ақсуда соңғы жылдары айтарлықтай жобалардың жүзеге асып жатқанын жақсы біледі. Бірақ кент іргесіндегі ауылда әлі де шаруаны ширату қажеттігін қаперге салды. Мәселен, елді мекенде кәсіпкерлік саласын дамытып, ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Сондықтан халық қалаулыларының бұл ойын қос қолдап қолдаймыз.
Сессияда мұнан бөлек Жалағаш аудандық мәслихатының жұмыс жоспарын бекітіліп, Жалағаш аудандық мәслихатының депутаты Д.Құдабаевтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсынысы да бірауыздан қолдау тапты. Сондай-ақ «2025-2027 жылдарға арналған аудан бюджеті туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы №28-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе де депутаттар қолдауына ие болды.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!