Ауданда спорт саласы өркендеп, спортшыларымыз биік белестерді бағындырып жүргенін көріп жүрміз. Олар мықтылығын дәлелдеп, әлемдік жарыстарда көк байрағымызды желбіретіп, ауданның намысын қорғауда. Облыстық шағын футболдан ұлттық мектеп лигасына ауданнан «Наркескен» спорт клубы футбол командасы қатысып, жүлделі І орын иеленді. Сондай-ақ олар наурызда өтетін республикалық жарысқа жолдама алды.
3 күнге созылған аяқдоп шеберлері арасындағы тартысты бәсекеде 7 командамен кездесу өткізген аудан қыздары бірінші күннен-ақ чемпиондыққа үміткер екенін көрсетіп, алғашқы ойында Сырдария құрамасын 10:0 есебімен тізе бүктірді. Дәл осы дайындықпен келесі күндері де қалған командаларды ойсырата жеңді. Ақтық ойында Арал қыздар құрамасымен бақ сынап, 3:1 есебімен жеңіп, биыл да облыстың чемпионы атанды. Қазіргі таңда қыздарымыз республикалық ойынға қызу дайындық үстінде.
– 2014 жылдан бастап «Наркескен» спорт клубында аға жаттықтырушы қызметіне орналасып, 2016 жылы футболдан қыздар бөлімін аштым. Содан бері қыздар футболы жақсы дамып, облыс көлеміндегі ірі жарыстарда жарқын жеңістерге жетіп жүр. Облыстың үш дүркін чемпионы, үш рет күміс, екі рет қола жүлдегер атанды. Екі футболшы қызымыз «Қайсар» футбол клубында облыс намысын қорғап жүр. Чемпиондыққа жетелеп, қыздардың жүлдегер атануында менен бөлек Рашид Бекарыстанов пен Есмағанбет Ғабдулла да өз үлестерін қосуда. Күнделікті жаттығу мен дайындықтың арқасында үлкен нәтижелер көрсетуде. Жалпы ауданда қыздар футболының дамуына үлес қосқан мектептер ұжымы мен қыздарымыздың ата-аналарына айтар алғысым шексіз, – дейді жаттықтырушы Жаңқожа Сағынбайұлы.
Аудан құрамасы тек чемпион болып қана қоймай, құрамадағы 14 допты қақпаға дәл бағыттаған Альбина Смайл «Үздік шабуылшы», ал Маржан Мейрамбекқызы облыс бойынша «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды. Расымен спортшысы жеңіске жетсе, бапкерінің қуанышында шек болмас. Әрбір футболшының жетістігін мақтана айтып, Жорабек Ұлту мен Болатбек Назымның үлкен футболдан Қызылорда облысының «Қайсар» футбол клубына жолдама алып, қазір облыс намысын қорғап жүргенін және Сайлау Ферузаның Астана футбол клубында ойнап жүргенін де тілге тиек етті.
Футболдан ауданда ұлдар құрамасы да осал емес. Мәселен, республикалық «Былғары доп» жарысының қола жүлдегері, облыстың бірнеше дүркін чемпионы. Құрамадағы Төлепберген Әнуар қазіргі таңда Алматы қаласындағы «Қайрат» футбол академиясында тәлім алуда. Мақсат Әбжами «Қайсар» футбол клубының негізгі құрамында.
Аудан құрамасы алдағы уақытта болатын жарыстар мен жолдастық кездесулерге қызу дайындық үстінде. Осындай қарқынмен олардың арасынан болашақ Месси мен Роналду секілді әлемге әйгілі футболшылар шығатынына сенім мол.
Ақнұр БОЛАТҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!