Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Бейсенбі, 28 қараша, 02:36

Аудан тынысын тынымсыз қадағалайды

07.03.2024

522

0

Тәулік бойы тілсіз жаумен күресіп, адамдарға көмек қолын созуға асығатын жауапкершілігі жоғары мамандықта 17 жылдан бері қажырлы еңбек етіп келе жатқан нәзікжандылардың бірі – аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисті Гүлжайна Кеңесбаева. Ауданда орын алған қандай да бір төтенше жағдайларды алғаш естіп, ұжымды жылдам әрекет етуге ұйымдастыратын да осы білікті маман.

– Қателеспесем, былтыр жаз мезгілінде 1 күнде 4 өрт оқиғасы орын алды. Оның ішінде ауданнан және оған қарасты елді мекендерден қоңырау түсті. Кешкі сағат 19.30 шамасы. Өрт сөндіру құрамы 3 тілсіз жаудың бетін қайтарып, келген бойы сол еді, аудан орталығындағы шағын асханалардың бірінен өрт шыққаны жөнінде хабар түсті. Дереу өрт сөндіру тобын жібердік, түнгі 23.00-ге дейін жігіттер өртті ауыздықтаған. Абырой болғанда адам шығыны жоқ, – дейді аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисті Гүлжайна Кеңесбаева.


Ауданда өрт оқиғасы орын алғанда ең алдымен өрт сөндіру бөліміне қоңырау дабылы келіп түседі. Адам өмірін құтқару үшін Гүлжайна Дәрменбайқызы жылдам шешім қабылдап, қызыл жалынның қайдан шыққанын анықтап, дереу топты жібереді. Оның айтуынша, радиотелефонист тек қоңы­рау қабылдап қана қоймайды. Олар қандай оқыс оқиға орын алғанын біліп, адамдарға төн­ген қауіпті анық­тай отырып, жедел басқа да қызметкерлермен бай­ланысқа шығады.


– Тұрғындар көмек сұрап қоңырау шалғанда барынша тыныштандырып, үрейленбеуі үшін қол­дау көрсетеміз. Жанып жатқан үй немесе халық көп шоғырланған орындарда балалар немесе зей­неткерлер барын білсем, олардың сыртқа аман-есен шыққанынан хабардар болғанша уайымдаймын. Мен үшін ең үлкен қуаныш – өрт дер кезінде сөніп, адамдардың амандығынан хабардар болу, – дейді кейіпкеріміз.


Жауапкершілігі мол мамандықты кейіпкеріміз бала күннен армандаған. Бүгінде оның өрт сөндіру қызметіндегі жұмыс жасап жатқанына 20 жылға жуықтаған. Білікті маман тәулігіне шамамен 50-ге жуық қоңырауға жауап береді. Ол түнгі мезгілде ауданда халық көп шоғыр­ланған мекемелермен, атап айтсақ, аурухана, жа­тақхана, №19 балабақшамен хабарласып, әр ме­ке­меде қанша адам барынан хабардар болып отырады. Айтуынша, қандай да бір оқыс жағдай болған жағдайда ғимараттың ішінде қанша адам барын біліп отыруы қажет.


Айта кетейік, Гүлжайнаның өмірлік жары Нұрболат Мұхтарұлы да осы салада қалтқысыз 18 жыл қызмет етіп, зей­неткерлікке шыққан. Сұқпат барысында жауап­кер­шілігі жоғары мамандықты таңдағанына еш өкін­бейтінін айтқан кейіпкеріміз, әр құтқару жұмыстары сәтті аяқталғанда арқадан ауыр жүк түскендей же­ңіл­деп, әріптестері үшін де алаңдап отыратынын жа­сырмады. Еңбекқорлық, жауапкершілік сынды қа­сиеттерінің арқасында халықтың алғысын алып жүр­ген ол – бір қолымен әлемді, бір қолымен бе­сікті тербетіп, өзін отбасымен қатар қиын әрі жа­уапты қызметімен де дәлелдей білген қайсар жан.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: