Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сейсенбі, 12 қараша, 17:23

Ауыл шаруашылығы саласында серпін бар

08.12.2022

478

0

Сыр өңіріндегі ырысы артып, береке-бірлігі көпке үлгі болған мекеннің бірі – Жалағаш ауданы. «Ақ күріштің Қостанайы» атанған Жалағаштың диқандары, ырзығын ысырапсыз жиған дала дарабоздары ел ризығын молайту жолында аянып қалмады. Ал мұның бәрі, аудан жұртшылығының ынтымақ, бірлігінің жемісі екенін айта кеткеніміз дұрыс. 

Расымен, адамды адам еткен – еңбек. Қоғам дамуының да, адамзаттың өркендеуінің де өзегі – өнімді еңбек. Кісінің өнегелі өмір жолы да осы маңдай тер, адал еңбекпен өрілетініне дау жоқ. Тек еселі еңбектің ғана тәтті жемісін көруге болады. «Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» дегенді алдына мақсат тұтқан қазақ халқы да барлық несібе еткен еңбектен болатынын біледі. Елдегі ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы негізгі өндіріс саласы деуге болады. Халқымыз «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деген. Жыл сайынғы егіннен өндірілген өнімнің жоспарға сәйкес, кейде тіпті көп орындалуы облыс бойынша үздіктердің қатарынан көрінуімізге мүмкіндік беруде. Ауданымыз былтырғы жылы ауыл шаруашылығының барлық саласы бойынша жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, облыста «Үздік аудан» атанды. Әрине мұндай нәтижеге өнімнің жоғары шығымдылығы мен диқан қауымының тынымсыз еңбегі арқасында қол жеткіздік.

Ал биыл жалағаштықтар үшін қос тойы қабат келген берекелі жыл болды. Алажаздайғы адал еңбектің нәтижесін, жемісін көретін шақ – күз мезгілінде толайым табыстарға қол жеткіздік. Күзгі жиын-терімді аяқтаған дала дарабоздары, аудан тұрғындары алтын дән мерекесі қарсаңында еліміз үшін маңызға ие – Республика күнін де атап өтті. «Алтын дән – 2022» салтанатты жиынында еңбек озаттарына құрмет көрсетілсе, он жылдан аса уақыт араға салып айтулы мерекелер қатарына қайта жайғасқан Республика күніне орай аудан тұрғындары үшін ерекше шаралар ұйымдастырылды.  

Мерейлі мереке бақша өнімдеріне арналған жәрмеңкеден басталды. Иә, қыс қамын жазда ойлайтын халық үшін күзгі жәрмеңкелердің тиімді тұсы көп-ақ. Жалағаштықтар асыға күткен жәрмеңкеде бақша өнімдерінің барлық түрі сатылымда болды. Әсіресе базар нарығынан 15-20 пайызға төмен бағамен сатылған ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс өте жоғары болды деуге болады. Өйткені жәрмеңке болатын күні халық арнайы орынға ағылып, картоп, сәбіз, пияз секілді өнімдерді қаптап сатып алып жатты. Сатылымда болған ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен бағасының тұрақтылығында ешқандай кемшілік болмағанын байқадық. Өйткені жәрмеңкеде кезіктірген әр тұрғынның ризашылығын естіп, сатушылардың көңілдері тоқ екенін де бағамдадық.

Елдегі ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы шарықтауына байланысты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде азық-түлік тапшылығын туындатпас үшін қажетті қор көлемін ұдайы анықтап, әлеуметтік дүкендерде өнімнің жеткілікті болуын қадап айтқан еді. Сондай-ақ базар мен сауда нүктелеріндегі халық жиі тұтынатын өнім бағасының шекті бағадан аспауын қадағалап, тұрақтандыру қорының жұмысын күшейтуді, халыққа қызмет көрсететін нысандардың тазалығына жете мән беруді жүктеді. Ал аудан әкімдеріне аймаққа қажетті өнім қорын қамтамасыз ету үшін әрбір ауылда бақша дақылдарын егу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Иә, расымен мәселені шешудің бір жолы ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек өндіру. Өзімізде өнім өндірілсе, бақша өнімдері сұраныс тудырмаса бағаның жоғарылауына негіз болмайтыны анық. Өйткені өнім көп жерде тапшылық болмайды, ал тапшылық жоқ жерде бағаның негізсіз өсуі белең алмайды.

Аталған мәселе төңірегінде кезінде аппарат жиынында сөз қозғаған аудан әкімі Асқарбек Есжанов болса әлеуметтік маңызы бар он тоғыз түрлі азық-түлік тауарларының бағаларына жүргізілген мониторинг нәтижесінде жыл басынан бері он үш түрлі азық-түлік тауарына баға өсімі тіркелгенін атап өтті. Халық үшін ең маңызды мәселенің бірі осы – баға тұрақтылығына тоқталған аудан әкімі тиісті сала басшыларына жауапкершілікпен жұмыс жасауды тапсырды. Әсіресе аудан бойынша сауда орындарына мониторинг жүргізу ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшыларының ұдайы назарында болу керек екені айтып, азық-түлік бағасын өсірген кәсіп иелеріне байланысты ұсыныс беруді жеткізді. Ал Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ішкі нарықты бидайдың, қанттың және тұздың қажетті көлемімен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданып жатқан көрінеді.

Бағаның тұрақтанбауы алып-сатарлардың көбеюінен болатыны да белгілі. Дайын жерге өзіміз еңбектеніп азын-аулақ бақша өнімдерін егуді ерінеміз де, күзге қарай базар аралап, арзан өнім іздейміз. Уақытында әрі сұраныс туындағанда арзан өнім қайдан болсын, керісінше алып-сатарлар өз ойындағы бағасын қойып, халықтың қағып отырады. Нәтижесінде әлеуметтің күнкөрісі төмендейді, бағада тұрақсыздық болады. Әрине кәсіпкер де осы елдің азаматы болғандықтан ортақ заңға бағынуға міндетті. Бағаны ойдан қоюына, белгіленген бағадан жоғарылатуға тиісті емес.

Биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша біздің ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды деуге болады. Жыл сайын Сыр маржанын егіп, орналастыруда, оны күтіп-баптап, күздігүні мол өнім алуда жалағаштықтар көш бастап келеді. Биылғы науқан да еңбеккерлердің еселі еңбегінің нәтижелі болғанын көрсетті. Жалпы ауданда биылғы жылы 35486,5 гектарға егiс орналастырылып, күтімге алынды. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 18 501 га, бидай – 720 га, қант құмайы – 73 га, арпа – 42 га, соя – 39 га, мақсары – 520 га, сүрлемдік жүгері – 445 га, сұлы – 5 га, қант қызылшасы – 2,5 га, жаңа жоңышқа – 4 903 га, ескі жоңышқа – 7 186 га, картоп – 646 га, көкөніс – 1 108 га және бақша өнімдері – 1 296 га. Биылғы жылы 194 шаруашылық егін орналастыру жұмыстарын жүргізсе, оның ішінде күріш дақылын орналастырған шаруашылықтар саны 137-ні құрайды екен. Егін орналастыруға қажетті 4 625 тонна күріш, 136 тонна жаздық бидай, 7,5 тонна арпа, 20 тонна жүгері, 13 тонна мақсары, 183 тонна қант құмайы, 4,3 тонна соя, 1 тонна сұлы, 73 тонна жоңышқа тұқымдары дайындалды. Дайындалған 4 625 тонна күріш тұқымының 4 234 тоннасы «Лидер», 168 тоннасы «Янтарь», 160 тоннасы «Маршал», 30 тоннасы «Виконт», 20 тоннасы «Премиум», 7 тоннасы «Рапан», 6 тоннасы «Сыр сұлуы» сорттары. Су тапшылығының алдын алу мақсатында негізгі дақыл күріш көлемі өткен жылдан 1299 гектарға аз орналастырылып, тиісінше мал азықтық жоңышқа дақылы 1329 гектарға, жүгері 298 гектарға, бидай 30 гектарға, арпа 12 гектарға артық орналастырылған. Сондай-ақ  әртараптандыру бағытында алғаш рет 73 гектар қант құмайы, 39 гектар соя, 5 гектар сұлы, 2,5 гектар қант қызылшасы дақылдары орналастырылып, егін орналастыру жұмыстары аяқталғаннан кейін шаруашылықтардың инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерде дақылдарды кезектестіру схемасын сақтағандығын анықтау мақсатында зерттеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде «Мираж» ШҚ, «Бағдаулет» ШҚ, «Агросервис Қызылорда» ЖШС, «Фарида» ШҚ, «Сапа» ШҚ, «Нұржан-Ж» ШҚ, «AB AGRO ORDA» ЖШС, «Шапет» ШҚ, «Тюрешова» шаруа қожалықтары ротация сақтамағандығы анықталып, облыстық жер ресурстарын пайдалану департаментіне ұсынылды. Департамент бірқатар шаруашылықтарға ескерту шараларын қолданды.

Айта кету керек, ауданның ауыл шаруашылығы саласы келер жылы орналастырылатын дақыл өнімдерінің де болжамын жасап отыр. Ауданның ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес 2023 жылы 37052 гектарға егiс орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 19800 га, бидай –750 га, қант құмайы – 70 га, арпа – 70 га, соя – 35 га, мақсары – 520 га, сүрлемдік жүгері – 700 га, сұлы – 5 га, қант қызылшасы – 2 га, жаңа жоңышқа – 4850 га, ескі жоңышқа – 7200 га, картоп – 646 га, көкөніс – 1108 га және бақша өнімдері – 1296 га.

Жалпы облыс бойынша егілетін күріштің үштен біріне жуығын өндіретін Жалағашта мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Кәсіпкерлер көшпелі қазақ тұрмысынан бастап күні бүгінге дейін жалғасқан ата кәсіптің бұл түрінің де көкжиегін кеңейтуде. Ата-бабамыз төрт түлікті қастерлегені сонша жайлаудан күзеуге, одан қыстауға көшіп, малдың қоңды, төлді болуына жағдай жасаған. Ауыл шаруашылығының бір саласы мал басын көбейту, ірілендіру мен асылдандыру саланың дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Ауданымызда мал басын арттыру мақсатында шаруа қожалықтары мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдаланып келеді. Бүгінгі таңда аудан көлемінде барлығы 38 206 бас мүйізді ірі қара, 43 299 бас  уақ мал,  22 502 жылқы,  733 бас түйе,  115 бас шошқа, 10 611 бас құс өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 104,0%, жылқы 137,9%, түйе 102,5%, уақ мал 100,4%, құс 102,6% орындалған. Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда аудан бойынша 136 шаруашылық мал өсірумен айналысуда. Оның ішінде тікелей сыбаға бағдарламасымен 116 шаруашылық кәсібін дөңгелентіп отыр. Өңірдегі асыл тұқымды малдың үлес салмағы 2,0 пайызға жеткен.

Халқымыздың атакәсібі – мал асырау болса жоғарыдағы сандар бүгінгі күннің шаруашылықтарының атакәсіпті жалғап отырғандарының дәлелі болмақ. Біздің ауданда да мал шаруашылығы жылдан-жылға өркен жайып келеді. Ауыл халқын айтпағанда, қазірде қалалықтардың өзі ауылға келіп, мал ұстап, басын көбейтуге ынталы. Бұл орайда талап қылғандарға мемлекеттен жан-жақты қолдау бар. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып отырғандардың қатары артып келе жатқаны қуантады.

Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласының негізгі жұмыстарының бірі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру. Бұл ретте де ауқымды жұмыстар атқарылып, азық-түлік өнімдеріне тұрақты түрде бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді. Облыс әкімінің «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін сатып алынатын азық-түлік тауарларының шекті сауда үстемесін және тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, аудандағы барлық сауда орындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түріне күнделікті мониторинг жүргізілуде.

Жыл басынан бүгінгі күнге дейін 19 түрлі азық-түлік өнімдерінің 14 түрі  қымбаттаған. Атап айтқанда ақ күріш-22,5 теңгеге (1,1 %), ұн-44 теңгеге (1,2 %), рожки-152,5 теңгеге (1,7 %), сиыр еті-100 тг (1,1 %), тауық еті – 430 теңгеге (1,4 %), сүт-228 теңгеге (1,9 %), айран-170 теңгеге (1,6 %), ірімшік-800 теңгеге (2,1 %), жұмыртқа-147,5 теңгеге (1,3 %),сары май-122,5 теңгеге (1,1 %), күнбағыс майы-32,5 теңгеге (1,1 %), жуа-52,5 теңгеге (1,5 %), қант-165 теңгеге (1,4 %), тұз-10 теңгеге (1,2 %). 5 өнімнің бағасы арзандады. Бүгінгі күнге Жалағаш ауданы бойынша ірі және шағын сауда орындарында ауданда өндірілетін және сырттан келетін 683,1 тн азық-түлік өнімдерінің қоры бар. Оның ішінде ұн 118 тн, күріш 120 тн, қант 68 тн, макарон 117 тн, күнбағыс майы 50 тн, тұз 45 тн, жуа 34 тн, картоп 53 тн, сәбіз 23 тн  және тағы басқа да әлеуметтік маңызы бар өнімдерге тапшылық жоқ.

Ауыл шаруашылығы бөлімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттауының негізгі себебін тасымалдаумен байланыстырады. Мәселен азық-түлік өнімдері негізінен Қостанай, Петропавл, Түркістан облыстарынан, Шымкент қаласынан тасымалдануынан болып отыр. Осы кәсіпкерлердің азық-түлік өнімдерінің бағасы жоғары болуы және тасымалдаушылардың бағасымен қоса есептегенде ауданда азық-түлік өнімдерінің бағасы өсуде. Аудандағы «Ақниет» көтерме сауда орны нан өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында «Байқоңыр ӘКК» АҚ-мен 68 тн ұн алып аудандағы нан өнімдерін дайындайтын кәсіпкерлерге ұсынуда.

«Азық-түлік келісім шарт» корпорациясы аудандағы азық-түлік тауарларын сататын ірі және шағын дүкен иелеріне келісім-шартқа сәйкес төменгі бағада қант сататындығы жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осыған сәйкес, қант өнімін алуға «Ақниет» (64тн) және «Бағдат» (5тн) дүкендері қызығушылық танытып, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына ұсынылып «Ақниет» сауда дүкені 64 тн қант өнімін алып арзан бағада 1 кг 490 теңгеден аудан тұрғындарына сатып отыр. 

Сонымен қатар «Ақниет-2» көтерме сауда дүкені әлеуметтік бұрыш ашу жөнінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен меморандумға отырды. Қазіргі таңда әлеуметтік бұрыш ашылды базар бағасынан 10-15 пайызға төмен бағада аудан тұрғындарына ұсынылып жатыр. Азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында 2022 жылы Қызылорда қаласында қала әкімінің бекіткен кестесі бойынша 2 рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өнімдер қала тұрғындарына қолжетімді бағада ұсынылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі Жалағаш кентінің орталығында 2 мәрте ұйымдастырылды. Айта кету қажет, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қарсаңында өнімдердің бағасы базар бағасынан 15-20 пайызға төмен бағада сатылды. 2022 жылдың 3 желтоқсан күні Қызылорда қаласында да ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: